Руханият 0 пікір 1392 лайк

Кешеден келді бүгінге

Мамыр 19 / 2018

 

Мақпал ТӨРЕБЕК, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық жастар ресурстық орталығында «Армандастар» вокалды-аспаптар ансамблінің шығармашылық кеші өтті. Құрылғанына 48 жыл толып отырған өнер ұжымы халықпен қайта қауышып, кеш шымылдығын «Армандастар» әнімен ашты.

 

1970 жылы өнерпаз жігіттер жиналып «Армандастар» деген топ құрады. Ел ішін аралап жүріп, концерттік бағдарламаларын ұсынады, осылайша көпшілікке тез танылған олар үш жылдан соң «Халық ансамблі» атағын алады. 1973, 1975, 1978 жылдары Бүкілодақтық халық шығармашылығы байқауының үш дүркін лауреаты атанады. Мәскеу қаласында өткен Халық Жетістіктері Көрмесінің қола жүлдесін иемденеді. Бұрынғы Ленгір, қазіргі Төлеби ауданынан шыққан таланттар өнерімен дүйім жұртқа танылады.

– Бүгінгі кешті уақыт кеңістігіне саяхат деуге болады. Кезінде халық әндерін әлемдік сахналарға шығаруға атсалысқан ансамбль, міне, араға 48 жыл салып, көрермендерімен қайта жүздесіп отыр. «Дос Мұқасан» ансамбліне еліктеп өскен жігіттер де аға буынға айналып, елдің ыстық ықыласына бөленуде. Біз де өңірімізде осындай өнерпаздардан құрылған топтың барын мақтан тұтып қана қоймай, оларды жастарға үлгі ете білуіміз керек, – деді Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Нұрбек Бадырақов. Сонымен қатар ол ансамбль мүшелеріне қала әкімінің құттықтауын жеткізіп, арнайы Алғыс хатын табыстады.

Сонау жетпісінші жылдары Төлеби ауданында Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов секілді композиторлардың әндерін нақышына келтіре орындап, талай байқауларда топ жарған ансамбль әншілері «Қырманға кел, қалқатай», «Арыс жағасында», «Айқаракөз» секілді әндерді көрермендермен қосыла шырқап, жиналғандарға тамаша көңіл-күй сыйлады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ