Министр есеп берді

Мамыр 17 / 2018

 

Кеше ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халық алдында есеп беру жиынын өткізді. Министр соңғы бір жылда атқарған жұмыстарын қорытындылап, көпшілікті мазалаған сауалдарға жауап берді.

 

Министрдің айтуынша, биыл бірқатар өңірлерде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында да аналогтық телехабар тарату тоқтатылып, толық цифрлық жүйеге көшіріледі. Ал, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар цифрлық желі сигналын қабылдайтын арнайы құрылғылармен бюджеттің есебінен қамтамасыз етілмек. Еске сала кетейік, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға дейін ел аумағында хабар таратуды санды форматқа кезең-кезеңмен көшіру жобасы қолға алынған.

Сондай-ақ, кездесуде отандық телеарналардың қызметін әлеуметтік желілер арқылы тарату, интернет-ресурстардың дамуы мен ақпарат қауіпсіздік мәселелері де сөз болды.

– Мемлекет басшысы БАҚ пен коммуникацияны дамыту бойынша алдымызға нақты мақсаттар қойды. Қазір жоспар біртіндеп орындалып жатыр. Мемлекеттік органдардың жұмысы жөнінде ақпарат тарату біршама жақсарды. Яғни, республикалық бірыңғай медиажоспар қабылданды. Осылайша атқарылып жатқан мемлекеттік реформалар мен жаңғырту жұмыстары жөнінде халыққа толыққанды ақпарат таратуға жол ашылды, – деді министр.

Шара барысында телекөпір арқылы байланысқа шыққан облыс орталықтарынан да сұрақтар түсті. Оңтүстікқазақстандық тілшілер министрге журналист мамандарды даярлаудағы қиындықтар, телехабар тарату бойынша тарифтердің қымбаттауы, ақпарат саласындағы мемлекеттік тапсырыс конкурстарында кездесетін түйткілдер туралы сауалдар қойып, жауап алды.

Айдар ҚҰЛЖАНОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ