Жер ешкімге де сатылмайды

Мамыр 17 / 2018

 

Осыдан екі жыл бұрын елімізде жер дауы туындап, ел азаматтары Жер кодексіне енгізілген бірнеше өзгеріске, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер аумақтарын шетелдіктерге жалға беруге қарсылық білдірген еді. Президент осыдан кейін бұл өзгерістердің күшіне енуіне мораторий жариялап, жер реформасы жөніндегі комиссия құруды тапсырған болатын. Мәселенің түп-төркініне жете үңілген комиссия бұл жөнінде бірқатар ұсыныстар әзірлеп, соның негізінде заң жобасы дайындалды. Сенат пен Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына мамырдың төрті күні Елбасы қол қойып, мәселеге алаңдаған көпшіліктің қаупін сейілтті. Біз облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Созақбай ӘБДІҚҰЛОВТЫ сөзге тартып, жаңа заң жобасының жай-жапсары жөнінде әңгімелеп беруін сұраған едік.

 

– Созақбай Исаұлы, өзіңізге мәлім, кезінде жер комиссиясына жер-жерден көптеген ұсыныс-пікірлер түскен еді. Жаңа заңда көпшіліктің тілегі қаншалықты ескеріліп отыр?

– Алдағы күндері қолданысқа енетін заң жобасы арнайы құрылған жер комиссиясының жұмыс қорытындысы негізінде әзірленіп отыр. Заңды дайындауға құзырлы органдардан бөлек қоғам белсенділерінің белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Ал, көпшіліктің пікірі қаншалықты ескерілді дегенге келсек, заң жобасында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жекеменшікке сату және шетелдіктерге жалға беру туралы бірде-бір норма жоқ.

Қайта ауыл шаруашылығы жерлерін саудалауға қатысты енгізілген мораторийдің аясын кеңейту қарастырылып отыр. Ондағы талапқа сай 1 пайыз болса да шетелдік үлесі бар қазақстандық заңды тұлғалардың ешқайсысына бір қарыс та жер берілмейді. Ал, келесі жылдан бастап ел азаматтарына жер жаппай жалға беріледі. Ауыл шаруашылығына арналған жерді отандастарымыз 49 жылға дейін пайдалана алады. Ол үшін жалға алушының қолында бизнес-жоспар мен айналысатын кәсібіне қажетті техника түгел болуы тиіс.

– Жалға берудің тәртібі қандай?

– Заң жобасында ауыл шаруашылығы жерін қазақстандықтарға жалға берудің арнайы тәртібі қарастырылған. Жер учаскелері конкурсқа қойылатын жер тізбесіне сәйкес беріледі. Тізбені жер қатынастары жөніндегі бөлімдер қалыптастырып, міндетті түрде қоғамдық кеңестермен және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген соң әкімдіктер бекітеді. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамының 50 пайызы қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың өкілдерінен құралатын болады. Бұл нормалар жер бөлу барысында жергілікті тұрғындардың қоғамдық пікірін ескеру үшін енгізілді. Сонымен бірге, конкурс жариялы болу үшін оның өткізілетіндігі туралы хабарландыру тек аудандық қана емес, басқа да ақпарат

құралдарында, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдіктердің ресми сайттарында жарияланады.

– Жасыратыны жоқ, бүгінге дейін үлкен көлемдегі жер аумақтары «бір қолға» шоғырланып келді. Яғни бір адам көптеген жердің иесі деген сөз. Жаңа заңда бұл мәселе қалай реттелген?

– Енді үлкен аумақты алып жатқан ауыл шаруашылығы жерін «бір қолға» беру тоқтатылады. Осыған орай, әр облыстық әкімшілік аудан, қалалары аймағындағы ауыл шаруашылығы жерінің шекті мөлшерін белгілейді. Оның мөлшерін мәслихаттар мен әкімдіктердің бірлескен ұсынысының негізінде Үкімет бекітеді. Ол үшін есептеу әдістемесі әзірленіп отыр.

– Ал, шекара маңындағы жерді пайдалану қалай жүзеге аспақ? Оған кімдер иелік ете алады?

– Мемлекеттік шекараның шекаралық белдеуінде орналасқан ауыл шаруашылығы алқаптары ешкімге де берілмейді. Тек жергілікті халыққа жайылым, шабындық ретінде пайдалануға рұқсат етіледі. Шекаралық аумақта орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, шетелдіктермен некеде тұрған республика азаматтарына немесе шетелдіктермен үлескер елдің заңды тұлғаларына беруге тыйым салынады. Шекара аумағындағы ауыл шаруашылығы жерлері тек қазақстандықтарға ғана жалға беріледі.

– Жайылым демекші, бүгінде ел ішінде мал өрісіне қатысты дау-дамай көп. Себебі, мұндай жердің көбі жекенің қолына өтіп кеткен. Тіпті, ауыл іргесінде мал жаятын жер тапшы деуге болады. Естуімізше, жаңа заң жобасында жайылымдық жерлерді жалға берудің тетіктері белгіленген көрінеді.

– Расында, елді мекендердің маңындағы жайылымдардың көбі жеке және заңды тұлғаларға беріліп кеткен. Енді әкімдіктерге бұл жерді қайтарып алу міндеті қойылып отыр. Ол үшін заңға елді мекендер айналасындағы жайылымдарды айқындайтын норма енгізілді. Осыған сәйкес айқындалған жайылымдарды жалға беруге тыйым салынады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ