Нидерланд Корольдігінің елшісімен кездесті

Мамыр 17 / 2018

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаев Нидерланд Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ян Коп Дирк, Алматы қаласындағы елшілік кеңсесінің сауда-саттық жөніндегі маманы З.Садықжанқызымен кездесті. Басқосуда тараптар екі ел арасындағы экономикалық байланысты нығайту, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жайын ақылдасты.

 

Кездесу барысында өңір басшысы қонақтарды өңірімізге келуімен құттықтап, облыстың экономикалық әлеуетімен және кәсіпкерлерге жасалып жатқан мүмкіншіліктермен таныстырды.

«Нидерланд – Қазақстан экономикасындағы ең ірі шетелдік инвестор. Сіздер жақтан елімізге тартылған инвестицияның көлемі 6 млрд. АҚШ долларына жетті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы да ауқымды, 5 млрд. АҚШ долларынан асты. Бұл қарым-қатынастың, әсіресе, біздің облысымыз үшін тиімділігі ерекше. Өңіріміз ауыл шаруашылығы саласына бейім аймақ. Осы бағытта өздеріңізбен бірлесе отырып, көптеген жобаларды жүзеге асырдық. Сіздерді бұдан да тығыз байланыс орнатуға шақырамын» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Сондай-ақ, өңір басшысы қонақтарды ОҚО мен Нидерланд арасында арнайы меморандум түзуге шақырды. Келісімшарт негізінен ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге бағытталатын болады.

Өз кезегінде Ян Коп Дирк облыс әкімінің ұсынысына қолдау білдіріп, жаңа жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ