Тарихи орындарды түгендеу жұмыстары жанданады

Мамыр 17 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Халықаралық Түркі академиясының президенті Д.Қыдырәлі бастаған ғалымдар тобымен кездесті. Академия президентінің кеңесшісі Е.Исақұлов, профессор Қ.Қоңқабаевпен, ғалым А.Тойшанұлымен болған басқосуда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру жайы талқыланды.

 

Жиын барысында өңір басшысы ғалымдарды облыс аумағындағы маңызды тарихи нысандар туралы мағлұмат жинастырып, арнайы сериямен кітап шығаруға атсалысуға шақырды.

«Өздеріңіз білесіздер, оңтүстік өңірі тарихқа бай өлке. Әлі де зерттеуді қажет ететін дүниелер аз емес. Сондықтан осыған мән беруіміз керек. Облыстағы барша тарихи және мәдени орындардың тізімін жасап, олар туралы мәліметтерді жинақтап, кітаптар сериясын шығаруды жандандыру керек деп ойлаймын. Міне, осы істі қарқынмен атқаруға шақырамын» деді Жансейіт Қансейітұлы.

Түрколог ғалымдармен кеңесу барысында өңірімізде ғалымдардың басын қосып, тізімге енбей, ескерусіз жатқан тарихи орындарға археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жайы да сөз болды.

Өз кезегінде Д.Қыдырәлі Төлеби ауданындағы Есім ханның ордасы болған тарихи маңызы бар жерді мемлекеттік деңгейде қорғауға алып, археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Бұл бастаманы қолдаған өңір басшысы ғалымдар тобын тартып, аталған нысанға зерттеу жұмыстарын жүргізуге бастамашы болатынын айтты.

Сондай-ақ, атақты түркологтардың басын қосатын келелі кеңестің бірін ОҚО-да ұйымдастыру мәселесі де қозғалды.

Жиын соңында қонақтарға сый-сияпат жасалып, естелікке суретке түсті.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ