Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Инвестициялық жобаларға жан-жақты қолдау қажет

Мамыр 17 / 2018

 

Мемлекет басшысының 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы бүгінде халықтың талқылауынан өтіп, жалпы қолдауға ие болды. Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ҚР Президенті әлемдегі жағдайды ескере отырып, ел халқының алдына он міндет қойды.

Стратегиялық сипаттағы бұл кезекті Жолдау Қазақстанның дамуындағы жаңа тарихи кезеңде мемлекеттік құрылыс мәселелерін шешуге жағдай жасайды.

Жолдауда көрсетілген алтыншы басымдық бойынша қаржы секторын қалпына келтіру, яғни өңірлік деңгейде инвестициялық климатты одан әрі жетілдіру мәселесі қарастырылған. Ендеше, өңірдің дамуына қаржы ресурстарын инвестициялауға, ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға дайын инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету және қажетті жағдай жасау қажет.

Біздің мекемеде өткен талқылауға қатысушылар ҚР Президентінің алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға жан-жақты әзір екендіктерін айтып өтті.

Жолдауда белгіленген негізгі он міндеттің маңыздыларының бірі – алтыншы міндет «Қаржы секторын «қайта жаңғырту» болып табылады. Мемлекет басшысы Жолдауда көрсетілген бұл басымдық бойынша еліміздегі банктердің жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.

Осыған орай Елбасы Ұлттық банк пен Үкіметке арнайы тапсырма берді. Сондай-ақ, еліміздегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмыс істей бастағанын жеткізді.

Қаржы секторын «қайта қаржыландыру» бағытында, ең алдымен, еліміздегі банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау шаралары тиянақты жүргізілуі тиіс. Бұл үшін банк иелері өз шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілікті мойындарына алуы тиіс.

Әрине, бұл орайда акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығару ісі қылмыстың қатарына жатқызылуы тиіс. Сондықтан да мұндай істе Ұлттық банктің немқұрайды қарамайтын қырағылығы аса қажет.

Қаржы секторының жұмысын ширата түсу үшін жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң баптарын қабылдау кезек күттірмес кезеңіне келді. Сарапшы мамандардың өзі бұл жұмыстың аса маңызды екенін айта келіп, алда қабылдануы тиіс заңның қажеттілігіне тоқталуда. Өйткені, бұл заң – банктердің жекелеген несие беру кезіндегі тәуекелін есептеуге жол ашады. Сонымен бірге, билік жеке адамдардың банкрот болуы алаяқтар үшін ыңғайлы болып кете ме деп қауіптенеді. Яғни адам жұмыстан шығып қалуы себепті несиесін төлей алмай қалса, мемлекет оған көмек қолын созады. Әлемнің көптеген елдерінде мұндай тәжірибе бар.

Алтыншы басымдықтың аясында атқарылатын маңызды жұмыстың бірі – экономика саласындағы нақты тиімділікті есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзімді несиелендіруді қамтамасыз ету мәселесі. Оны Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып шешуі тиіс.

Қаржы секторын сауықтырудағы алтыншы басымдылықты жүзеге асыру барысында инвестициялық ахуалдың одан әрі жақсару және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады. Мұндай шаралардың атқарылу реттілігі «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі дайындаған жүйелеу кестесінен алынып отыр.

Иә, әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басты. Соған орай бұл аса жауапты кезеңге жастарды жаңа технологиялық жолмен дайындау керек. Өйткені, бүгінгі таңда заманауи технологиялар өмірдің барлық салаларында енгізіліп, қолданыс табуда. Елбасы БАҚ өкілдерімен өткізетін әр кездесуінде жастарға сенім артатынын, олардың білімі мен біліктілігі еліміздің болашағы үшін тың күш болып табылатынын шегелеп айтып келеді.

А.МҰХАМЕДҒАЛИЕВА, ОҚО бойынша қазынашылық департаменті басшысының орынбасары.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ