Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Жастар ерекше қамқорлықта

Мамыр 17 / 2018

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев елге Үндеу ретінде жариялаған бес әлеуметтік бастамасында, әсіресе, студент-жастарға әлеуметтік жағынан қамқорлық көрсету мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл – болашақта ел тұтқасын ұстайды деген бүгінгі жастарымызға жасалып отырған үлкен қолдау. «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп үшінші бастаманы түгелдей студенттерге арнады.

 

Студент-жастарға әлеуметтік қолдау көрсету, оларға ұдайы қамқорлық таныту тұрғысында М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де алдағы уақытта басшылыққа алатын арнайы жоспар түзілген.

Университетте білім алып жүрген барлық студент жатақханамен толық қамтылған. Олардың сапалы білім алуы үшін бәсекеге қабілетті орта қалыптастырылды.

Атап айтқанда, ОҚМУ-дің меншігінде студенттерге арналған бес жатақхана бар. Бұдан бөлек, магистранттар, докторанттар мен оқытушыларға арналған жатақханалар тағы бар.

Ерекше атап өтерлігі, біздегі барлық жатақхана заман талабына сай жабдықталған. Кітапхана, сабақ оқуға ыңғайлы арнайы залдар ұйымдастырылған. Студенттер сабақтан кейін жатақханада бос уақытын тиімді пайдалану үшін барлық мүмкіндік бар. Спортпен шұғылданатын арнайы бөлме, коворкинг орталығы, интернет желісі қосылған кабинеттер, кір жуатын, ас дайындайтын арнайы бөлмелер, студенттік кеңестің бөлмелері, өз асханалары бар.

Әрбір секцияда душ, тазалық орны жұмыс істейді. Әртүрлі іс-шаралар өткізуге арналған арнайы залдары да бар. Қауіпсіздік қызметі жұмыс істейді.

Сонымен бірге 2015 жылы іргетасы қаланған «Студенттер үйі» де өзге оқу орындарына үлгі боларлық баспана. 588 орынға арналған бұл «Студенттер үйі» заманауи талапқа сай салынып, барлық қажетті құрылғылармен жабдықталған. Бөлмелері кең әрі жылы.

Мұның барлығы жастардың сапалы білім алып, елінің ертеңіне тірек болар азамат болып қалыптасуына мүмкіндік береді.

Сәдібек БЕЙСЕНБАЕВ, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің әлеуметтік және тәрбие ісі жөніндегі проректоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ