Жаңа формацияның маманы дәрігер Мәди Биғалиев туралы мөлтек сыр

Мамыр 17 / 2018

 

Мынау дөңгелеген дүниеде адам кіммен жолығып, кіммен таныспайды? «Базарда жүрер мың кісі. Алайда, әркім танығанына сәлем береді». Әрине, кездескен адамдарыңның барлығы есте қала бермейді. Ал, адамгершілік қасиеті жоғары, парасатты, ойы таза, кеудесі алтын сандық кісі ғана көңілден кетпейді. Мұндай жанмен жолыққаның, ой-пікір бөліскенің, дәмдес болғаның сен үшін бір бақыт. Олармен кездескен сайын өзіңе үлгі-өнеге аласың. Кейде айтары бар ағаларды, ары таза замандастарыңды сағынасың. Көптің арасынан соларды іздеп шарқ ұрасың. Қазіргі заманда жақсы кісіні кездестіру оңай емес. Егер тапсаң, қуана бер. Білімді, жан-жақты, парасатты адаммен сұхбаттассаң, өзіңді жақсы сезінесің. Тіпті, демалып қаласың. Адам өзінің әдептілігімен, қайырымдылығымен, адалдығымен және әділеттігімен ардақты. Мен білетін сондай жандардың бірі – Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мәди Қожаұлы Биғалиев.

 

Былайғы жұрт ақ желеңді дәрігерлердің өмірін керемет көріп, «үстерінде таза киім, жазда көлеңкелі, қыста жылы жайда қызмет етеді» деп іштей қызығатын шығар. Шын мəнінде олай емес. Дәрігердің жұмысы жүйкеге (әсіресе, хирургия саласының мамандары) өте үлкен психоэмоциялық салмақ салады. Сан мәрте тәуекелге бас тігіп, ота жасау кезінде еш стандартқа келмейтін, тіпті, тығырыққа тірейтін қиын сәттердің кездесетінін көбіміз біле бермейміз. Операциядан кейін науқас аяғынан нық тұрып кеткенше, шыбын жандарын шүберекке түйіп жүретінін қаперімізге ала бермейміз. Науқастың денсаулығы үшін алаңдап, олардың жақындарымен бірге қиналады, бірге қайғырады. Әрбір келеңсіз сәт дәрігердің санасына жүк салып, оның зардабы мен өкініші жүрегіне әсер етпей тұрмайды. Сондықтан болар, хирург дәрігерлердің көпшілігі зейнет жасына жетпей жүрек (миокард инфаркті, стенокардия, қан қысымының көтерілуі және с.с.) немесе жүйке (инсульт, паралич, неврит және де басқа) ауруларына шалдығып, тіпті өмірмен ерте қоштасып жатады.

Бұл мамандықты таңдаған жандардың өмір бойы ізденіп, көп оқуы, үйренуі, білікті мамандардан тəлім алу қажеттігін ұмытпағандары жөн. Зымырандай зулаған жүрдек уақыт керуенінде дүниеге келген озық технологиялық жаңалықтардан кенжелеп, көштен қалмауың қажет. Мәди Қожаұлы – жаңалыққа жаны құмар, жан-жақты ізденімпаз хирург, ұжымды жақсы істерге жұмылдыра білетін тапқыр басшы. Ол әрдайым алға талпынады. Ол кісінің ұсынысымен және облыстық әкімдік пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен еліміздің Оңтүстік аймағында бірінші болып ағзаларды алмастыру, яғни трансплантология жасау ісі батыл енгізілді. Жұмысының қауырттылығына қарамай, бас дәрігерді операциялық блоктардан жиі көруге болады. Ота кезінде қандай бір қиын сәттер туындай қалса, оңды шешімін тауып, аурудың халін жақсартуға бар мүмкіндікті жасайды. Науқастың және оның жақындары алдындағы жауапкершілікті сезінудің өзі көп нәрсені аңғартады.

– Біздің ауруханада тәулігіне орта есеппен қырықтан астам ота жасалады. Хирургия, травматология, нейрохирургия, урология, гинекология және де басқа бөлімшелердің дәрігерлері қажет кезде күні-түні ота жасауға дайын. Соңғы бес жылда ағза алмастыру оталарын жасап келеміз. Елімізде бүйрек, бауыр трансплантация операцияларын жүзеге асыратын Астана, Алматыдан кейінгі – ол біздің Шымкент қаласы, – дейді сөз арасында бас дәрігер, профессор М.Биғалиев. – Мақтанғаным емес, мұнда көрші облыстардан науқастар келіп, ота жасатады. Осы мерзім ішінде 100-ге жуық бүйрек, 13 бауыр алмастырылды. Таяуда біздің дәрігерлер Германия азаматының бүйрегін алмастырды. Уақыт талабына сай бұл бағыттағы жұмысты жетілдіре түссек деген жоспарымыз бар.

Жақында ғана іске қосылған, заман талабына сай құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен жабдықталған ауруханаға қосымша ғимарат жаңа көкжиектерге жол ашты. Оның бірінші қабатында соңғы үлгімен жабдықталған қабылдау, диагностикалық бөлімдер, екінші қабатында жансақтау және гастроэнтерологиялық, зертханалық бөлімдер, үшінші қабатта гепатопакреатобилиарлық және ағза трансплантациясы бөлімі мен 7 ота жасайтын блок орналасқан. Ол еліміздегі ірі орталық клиникаларынан еш кем түспейді. Тіпті, диагностикалық және емдік мүмкіншіліктері мол. Ондаған дәрігер-маман шетелдердегі белгілі клиникаларда тәжірибе алмасу курстарында болып, жаңа диагностикалық және емдік тәсілдерді үйреніп әрі меңгеріп оралды. Науқастар бүгінде Астана, Алматы, Ташкент және де басқа айтулы клиникаларға шапқыламай-ақ Мәди Қожаұлы басқарып отырған ауруханаға сеніммен келеді.

– Жас дәрігерлердің басым көпшілігінің білімі талапқа сай, тек алғашқы кезде қамқорлық көрсетіп, талпынысын қолдап, демеп, сенімдерін арттыру керек. Біздің кезімізде компьютер, ғаламтор болмады, шет тілін терең білмедік. Ал, қазір ізденем, білімімді жетілдірем, мамандығымды терең меңгерем деген жасқа барлық мүмкіншілік бар. Қажет кезде ғаламторға еніп, іздегеніңді тап. Оқы, зейініңді сарала, ой-санаңды кеңейт. Білім іздеген, бойларында жалыны бар жастарға қызыға қараймын әрі әрдайым қолдаймын. Талантты жастар өсіп келеді, – дейді бас дәрігер.

Расын айтқанымыз жөн, соңғы кезде деонтология мен медициналық этика мәселелері тасада қалып бара жатқан сияқты. Медицинада ол өте қажетті дүниелер. Дәрігерге ең қажеті – адамдармен жылы сөйлесе білуі. Ол өзінің ойы мен пікірін науқасқа және оның жақындарына жеткізе, түсіндіре білуі тиіс. Сонда дәрігер мен пациент арасында түсіністік орнап, науқастың бойында дәрігерге деген сенім пайда болады.

Бас дәрігердің жақсы адами қасиеттері мен дәрігерлік шеберлігі жайлы ҚР Ұлттық Ғылым Академияның академигі Намаз Ізімбергенов «О, Тәңірім, бұл мен ғой...» деген өмірбаяндық кітабында «Мәди Қожаұлы – ғалым, ұйымдастырушы басшы ретінде заманауи тәлім-тәрбие, талаптарға сай, ғылым мен техниканың жетістіктерінің басы-қасында жүрген жаңа формация адамы» деп ерекше атап, үлкен баға беріпті. Академиктің айтқанына алып-қосарымыз жоқ.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ