Руханият 0 пікір 0 лайк

Жүрекке иман нұры құйылады

Мамыр 17 / 2018

 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!

Қадірлі жерлестер!

Тәуелсіз елімізде Ислам дінін кеңінен қанат жайғызған Алла Тағалаға мың сан шүкір!

Құрметті мұсылман қауым! Барлықтарыңызды қасиетті Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймыз.

Осынау қасиетті айда Алла Тағаладан еліміздің амандығын, жұртымыздың тыныштығын тілейміз. Жаратқан Иеміз дінімізге қуат, әрбір отбасыға береке-бірлік пен мол ырыс-несібе бергей.

Рамазан айында барша мұсылман ораза ұстап, Алла Тағаланың мейір-шапағатына бөленеді, қайырлы істерді көбейтеді, жүрегін, тілін және барша іс-әрекетін ғибадатқа бейімдейді.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (c.а.с.) Рамазан туралы: «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі» деген.

Рамазан – он екі айдың сұлтаны, кешірімі мол ай. Күнделікті тіршілік қамымен жүретін пенденің жүрегіне бұл айда иман нұры құйылады.

Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл айда мұсылмандар ораза ұстау арқылы шүкіршілік, шыдамдылық, жанашырлық, сабырлылық, қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдық секілді ізгі қасиеттерді бойларына сіңіріп, иманын күшейтеді. Адамның иманы күшейген сайын ол арсыздықтан, жаман қылықтардан арыла бастайды.

Хадис шәріпте: «Адамдарды жәннатқа кіргізетін нәрсе тақуалық пен көркем мінезділік» делінген. Ораза адамды тақуалыққа тәрбиелейді. Адам шынайы тақуалықты Рамазан айында сезінеді. Осы хадисте баяндалғандай, жәннатқа лайықты адамның бір қасиеті, ол – көркем мінезділік. Көркем мінез нәпсіні тізгіндеуден, тақуалықтан туындайды. Ондай адам сабырлы, мейірімді, жомарт келеді. Басқаға қызғанышпен қарамайды, күндес болмайды, зұлымдық, жамандық жасамайды. Ораза ұстаған адам нәпсісін басқара білуі, мінез-құлқын көркемдеу және тілін жаман сөздерден тыю арқылы оның бойы күнә-кемшіліктерден тазарып, Алланың рахметі мен мағфиратына бөленіп, жәннатқа лайықты ізгі жанға айналады.

Нәпсі адамның ішкі жан дүниесі мен рухына азық болатын нәрселерден гөрі тәнге азық болар нәрселерге көбірек үгіттейді. Сондықтан, отыз күн ораза нәпсіні тізгіндеуге сеп болмақ.

Алла Тағала құдси-хадисте: «Адамзаттың барлық амалы өзі үшін, ал, ұстаған оразасы Мен үшін, оның сауабын Өзім ғана беремін. Өйткені, ол Менің ризалығым үшін таң атқаннан күн батқанға дейін тағамнан, сусыннан және жыныстық қатынастан бас тартты» дегеніндей Рамазан айында күні бойы қарны ашса да ештеңе жемей, шөлдесе де бір жұтым су ішпей, шыдамдылық танытқан жерлестерімізге Алла Тағала уағда еткен сауапқа кенелуін тілейміз.

Қадірлі қауым!

Рақым айы – Рамазан құтты болсын! Қасиетті айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болсын! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп етсін!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміздің мерейі әрқашан үстем болсын!

Әмин!

Бақтыбай қажы БЕЙСЕНБАЕВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ