Руханият 0 пікір 0 лайк

Оразаға қатысты Үндеу жарияланды

Мамыр 17 / 2018

 

Айдар ҚҰЛЖАНОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Облыстық мешіттің жанынан құрылған ақылдастар алқасы қасиетті Рамазан айына байланысты облыс халқына арнаған Үндеуін жариялады. Үндеуде ел ағалары мен имамдар халықты ораза ұстауға, пітір садақасын беруге, дәстүрімізге сай ауызашар өткізуге, күндіз өткізілуі жоспарланған құдайы ас пен басқа да жиындарды кешкі ауызашар уақытына ауыстыруға шақырды. Сондай-ақ, Үндеуде ораза кезінде арақ ішуді, оны сатуды тоқтату және жиын-тойларды арақ-шарапсыз өткізу жайы да айтылған.

 

Үндеу ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамы Бақтыбай қажы Бейсенбаевтың қатысуымен өткен брифингте оқылды.

Айта кетейік, биыл облыстағы әрбір мешіттің жанынан ақылдастар алқасы құрылған. Оған өз аймағына еңбегі елеулі ел ағалары мүше. Мысалы, облыстық орталық мешіттің ақылдастар алқасына Жеңісбек Мәуленқұлов, Мархабат Байғұт, Шалатай Мырзахметов, Розақұл Халмұрадов сынды елге белгілі азаматтар енген. Бұл алқа дін саласындағы өзекті мәселелерді ақсақалдармен кеңесе отырып шешу және жастарды жат ағымдардан сақтандыруға ел ағаларын белсенді түрде тарту үшін құрылған.

Сонымен қатар, брифингте имамдар оразаның сауаптары мен оның шарттары, пітір садақасы, ауызашар рәсімі туралы да әңгімеледі.

Өкіл имам биылғы Рамазан айы мамырдың 17-сіне басталатынын айтып, бұған дейін «ораза 16 мамыр күні басталады» деген қате ақпарат тарап кеткені үшін Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы атынан халықтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, мұсылман күнтізбесі бойынша Рамазан жаңа айдың туғаны анық көрінген күннен басталады. Ал, метеорологиялық және астро-физикалық орталықтардың мәлімдеуінше, Орта Азия өңірінде айдың тууы 17 мамырда ғана анық көрінбек.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ