Руханият 0 пікір 0 лайк

Пітір садақа – 300 теңге

Мамыр 17 / 2018

 

Қасиетті Рамазан айында жан басына берілетін пітір садақа мөлшері еліміз бойынша 300 теңге болып белгіленді. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде еліміздің әр аймағындағы бидай бағасын ескере келе, ортақ есеппен бірауыздан осылай бекітілді.

Пітір сөзі (араб тілінде) - «жаратылыс» деген мағынаны білдіргендіктен, кейбір ғұламалар пітір садақасын «дененің зекеті» деп атаған. Пітір садақа – күнделікті қолданатын негізгі қажеттерінен тыс, кем дегенде, нисап мөлшеріне тең (85 гр алтын немесе соның құнына тең) байлыққа ие адамға уәжіб садақа.

Пітір садақа шариғат бойынша екі келі бидай немесе оның өнімдерімен және төрт келі мейіз, құрма немесе арпамен есептеледі. Дегенмен, азық-түліктің орнына пітір садақаға оның ақшалай құнын бергені абзал.

Мүбәрак Рамазан айының алғашқы күнінен бастап айт намазына дейін пітір садақасы беріледі. Бұл – әрбір мұсылман үшін Рамазан айында жағдайы төмен отбасыларға, жетім-жесірлерге немесе мешіттерге арнайы берілетін садақа.

Алла Тағала қасиетті айда берілген пітір, зекет садақаларыңызды қабыл етсін!

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары, дінтанушы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ