Екінің бірін мойындамайтын Ресей Алаштың Ақболатын төрге оздырды

Мамыр 17 / 2018

 

Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Ресейдегі ең көне жоғары оқу орындарының бірі, 1832 жылы император Николай Біріншінің жарлығымен азаматтық инженерлер училищесі болып құрылған, 1877 жылы институт мәртебесін иеленген Санкт-Петербург мемлекеттік сәулет-құрылыс университетінің ғылыми кеңесі өзінің былтырғы 25 қазанда өткен отырысында университеттің «Құрметті докторы» атағын біздің жерлесімізге, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Ақболат Райымбекұлы Ахметовке берді. Қандай еңбегі үшін? Дипломда ол жөнінде былай жазылған: «Құрылыстық материалтану саласындағы ғылыми қызметті, халықаралық ғылыми, оның ішінде Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды дамытуға сіңірген зор үлесі үшін». Бұл атақтың ғылыми ортадағы салмағының қаншалықты екенін бүгінгі таңға дейін, біздің кейіпкерімізді қоса, бар-жоғы 15 ғалымға ғана берілгенінен-ақ аңғаруға болады. Ал, Ақаңның жеке өзінің еңбегі қалай бағаланды екен деген сұраққа келсек, кеңестің әрқайсысының атағынан ат үркетін 59 мүшесі бірауыздан дауыс беріпті. Абырой деп осыны айтса керек!..

Ал, Ресей Федерациясы Инженерлік академиясының президиумы да дәл сол былтырғы 21 желтоқсанда өзінің ғылым, техника және өнеркәсіп, құрылыс заттары, құрылғылар мен құрылыс индустриясы өндірісін ұйымдастыру саласы бойынша әлемде ең жоғары мәртебеге ие А.И.Гришманов атындағы халықаралық сыйлығына лайық деп 1500 үміткердің арасынан Ақболат ағамызды таныпты!

Өзгені оңайлықпен мойындай қоймайтын ресейлік ғалымдар екінің біріне мұндай атақ, мұндай марапат үлестірмейді. Ендеше, Ақболат

Ахметовтің қызметтік жолына көз салайық. Ол 135 ғылыми еңбектің, оның ішінде төрт бірдей монографияның авторы. 1975 жылдан бері техника ғылымының кандидаты, 1996 жылдан бері докторы, 1997 жылы ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, 2000 жылы академигі боп сайланған ол 1997 жылдан бері Алматыдағы Қазақ мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясы жанындағы докторлық диссертация қорғау бойынша мамандандырылған кеңес мүшесі.

Ғалым 43 жылдың ішінде техника ғылымының екі докторын, төрт кандидатын, үш философия докторын, 15 магистрды, екі мыңнан астам құрылыстық материалтану инженерін даярлап шығарған. Ақаң санкт-петербургтік университетпен көптен бері бірлесе тығыз жұмыс істеп келеді, аспиранттар мен докторанттарға кеңесшілік жасайды. Екі жаққа бірдей тиімді ғылыми әріптестіктің нәтижелері Ресей зауыттарында өндіріске ендірілген.

Автордың ұзақ жылдардағы еңбегінің қомақты жемісі – 2008 жылы басылып шыққан, аталмыш университетте бакалаврлар, магистранттар мен PhD докторларын даярлау үшін оқулық (электронды нұсқасы) ретінде ұсынылған «Ұялы бетон» деп аталатын оқулығы. Аталған оқулық оқытушылар мен студенттердің арасында ең үлкен сұранысқа ие оқу құралы. «Мен бұл кітабымды тек Мәскеудегі НИИЖБ-ның кітапханасына бергенмін. Қанша дегенмен білім алған, ғылыми атақ қорғаған институтым ғой! Петербургтіктер болса кітабым жайлы мәліметтерді өздері тауып алыпты. Оқыған, ұнатқан. Содан маған шыққан ғой. «Электронды нұсқаңызды жібересіз бе?» Жібердім. Ал, өткен күзде «Келіп қайтсаңыз, біз сізге «Құрметті доктор» деген атақ бердік» деп қоңырау соғып тұр. Сөйтсем, олар оқытушылар мен студенттері арасында сапалы оқулықтар бойынша байқау өткізіпті. Сонда менің кітабым 1-орынды жеңіп алған ғой!»

Кітаптың олай аталуына араның ұясы секілді іші қуысқа толы бетон құрылымы себепкер болған. «Ұялы бетон» оқулығын бүкіл еуропалық елдердің университеттері қолданады. Кітапта батыстағы немістік, шығыстағы қытайлық озық технологиялы зауыттардың техникалық-экономикалық сипаттамалары толық берілген. Құрылыс материалдары өндірісінің заманауи технологиясы егжей-тегжейлі айтылған. Ең бастысы – бетондық құрылғылардың беріктігі мен бетоннан салынған ғимараттардың ұзаққа жарамдылығын анықтау әдістемесі берілген. Ал, оқулық, оның ішінде тартымды, құнды оқулық жазу көп ғалымның маңдайына бұйырмаған бақыт...

Ғалым аталған мәртебелі сыйлықтың 33-ші иегері. Әзірге қазақта Ақаңнан басқа бұл сыйлықтың иегері жоқ. Ақаңның айналысатын ғылыми ізденісі де осы мәселеге арналған. Бүгінгі заман – биік үйлер мен ғимараттар заманы. Олар өзінің физикалық-техникалық қасиеттері мен көтеріп ұстауға тиіс қабілетін жоғалтпай кем дегенде жүз жыл тұруы тиіс. Америкалық ғалым Де Ситтер орысша «небоскреб» деп аталатын аса биік ғимараттар құрылысын зерттей келе «Бестік заңы» заңдастық тапқанына тоқталған. Оның дәлелдеуі бойынша биік ғимараттың беріктігі талапқа сай болмаса оны салуға жұмсалған қаржыдан бес есе көп ақша сол ғимаратты жөндеуге кетеді екен. Яғни біз 100 жылдық беріктікті қамтамасыз етпесек, болашақ ұрпақты орасан зор шығынға ұшыратамыз. Қазір бізде үйлердің құлауы деген оқиғалар көбейіп барады емес пе?!

Ұялы бетоннан жасалған қабырғалық блоктар құрылыс алаңында үш жылға дейін жата береді. Ал, оны зауыттан целлофан қапқа салып әкеледі, оларды әкелген бойда қалау керек! Себебі, бұл бетонның құрылымы – капиллярлы кеуек зат. Қаланбаған блок ауадан өзіне ылғал тартады. Құрылысшыларымыз болса осылай оның қасиетін бұзып барып құрылыс салады, сөйтеді-дағы кінәні бетонға аударады. Іші майда қуысқа тола болуының арқасында бұл бетон блок суықты өткізбейді. Эстондар қора-қопсының бәрін ұялы бетон блоктардан салады. Олар осының өзімен-ақ жаңадан туған төл шығынын жойып, сиырдан алар ет-сүт өнімділігін 30 пайызға арттырған. Мен мұның бәрін сол республикада ендіргеннен кейін білемін, – дейді ғалым. – Олар маған үй береміз, көшіп кел деді. Институт директоры Эскуссон, бойдақ кезім, мені өзі үйлендірмек те болды... Ал, біздің отбасы менің бала күнімде Шымкентке көшіп келдік-тағы, осы қалаға ғашық болып қалдым ғой. Ешқайда кеткім келмейді, Алматыға да, Астанаға да. Мәскеуге, Ленинградқа, Киевке, Таллинге шақырды... Солтүстіктегі шведтер тұрғын-үй құрылыс мәселесін осы ұялы бетонның арқасында шешкен болатын. Біздің кәсіпкерлер зауытты шетелден сатып алады, бірақ, жұмыс істегенде олардың талаптарын орындамайды.

Ғимарат қабырғасына қазір ауыр керамограниттік қаптама (облицовка) жапсырады. Әр ғимаратта 2500-ден артық осындай қаптама бар. Ауыр қаптаманы нәзік алюминий шегелерге іліп қойған. Жолымды қуған ғалым ұлым, техника ғылымының докторы Данияр екеуміз ғылыми-техникалық журналдардың біріне «бұл жарамайды» деп мақала жарияладық. Ешкім назар аударған жоқ! Осы биылғы қаңтардағы боран-дауылда қаптамалар ұша бастады. Ұшып кете салса мейлі ғой, аулада тұрған біраз автомашиналардың быт-шытын шығарып кетті.

Ресейде қазір үйлерді бұлайша қаптама жапсырып әрлемейді. Олар басқа сенімді технологияны қолдана бастады. Ал, бізде әлі сол күйінде...

Оны айтасыз, бізде қазір өндірісте компьютерлік технологияны қалай қолдануды да білмейді. Мысалы, айталық, шымкенттік цементтің орнына ұялы бетон дайындаған кезде Қарағандының цементін әкеліп араластырды дейік. Қанша дегенмен екі цементтің техникалық сипаттамалары (характеристикалары) бірдей емес қой! Құмның құрамы өзгерсе де технологияға әсер етеді. Демек, бетон жасағанда осыны ескеруге, тиісті түзетулер енгізуге тиіспіз. Ал, біздің ғалымдар болса көбі лабораториядан шығып, өндірісте жұмыс істеп көрмеген жандар. Содан барады-дағы шетелдік мамандарды шақырады. Олардың бағасы өзің білесің, удай. Қашанғы шақыра береді? Және олар нақты бір ақауға ғана қатысты көмек көрсетеді де кетеді, олар біздің мамандарды толықтай технология жағынан қайта оқытып шығуға міндетті емес. Одан да бұрын мүдделі емес қой... Сөйтеді-дағы «брак» - ақау зат шығара бастайды. «Оның ақауы шықса кейін шығады ғой, ол кезде біз болмаймыз» деген жағымсыз ұстаным. Мен Астанадағы осы бетонды шығаратын зауытта болдым, олар технологияны білмегендіктен жылына 200 млн. теңгеге дейін шығын көреді екен. Зауыттың техникалық бөлімінде бір қандасымыз жоқ. Сауатсыздық, техникалық сауатсыздық жақсы нәрсе емес. Біз қандай қазба байлықтардың үстінде отырмыз, соларды игеретін «сен тұр, мен атайын!» дейтін ұлттық кадрларымыз болуы тиіс емес пе?! Ал, ақаулы зат шығарып, кейін салған үйлері, көпірлері құлап жататын мамандар мен басшыларға біздің дәуірімізге дейінгі 1793–1750 жылдары өмір сүрген Вавилон патшасы Хаммурапидің «егер құрылысшы салған үй құлап, адам өмірін құрбан ететін болса, онда сол құрылысшы өлтірілуі тиіс» деген заңын қолданса ғой деген ойға еріксіз келесің. Рас, мен бұл сөзді қызбалықпен айтып отырған шығармын, дегенмен, бәрібір бұған бір лайықты шара көрілуі керек.

Айтайын дегенім, аға буын өкілдері күн санап азайып келеді. Өндіріс лайықты, сауатты, білікті инженерлермен қамтамасыз етілмеген. Міне, біз тәуелсіздік жылдары жаппай тұрғын үй құрылысын қолға алдық. Президентіміз Н.Назарбаев «құрылыс – біздің экономикамызды өрге сүйрейтін локомотив» екендігін ерекше атап көрсетті. Істі дұрыс жүргізу үшін өнеркәсіп басшыларын қоя тұрайық, Ұлттық Ғылым Академиясының президенті барлық құрылысшыларды, жобалаушыларды, сәулетшілерді, құрылыс материалдарын шығаратын өнеркәсіптің мамандарын, бәрін жинап алып, «қане, кімде қандай ұсыныс бар, үйдің, ғимараттың қабырғаларын қандай материалдан тұрғызамыз, оларды қандай материалдармен қаптаймыз деген секілді мәселенің бәрін көтеріп, көтеріп қана қоймай, соларды ғылыми тұрғыдан шешу жолдарын жолға салып алуымыз керек еді. Өйткені, заман ғылым заманы ғой, оған сүйенбей бір де бір өндірістік жобаны қолға алуға болмайды! Бірақ, сенесің бе, біздің Ұлттық Академияда құрылыс бөлімі жоқ! Бір де бір құрылысшы академик жоқ. Сөйтеміз-дағы неге үйлер, көпірлер құлай беретін болып барады деп таң қаламыз. Заманауи техникада екі-үш ай жаңалыққа ілеспей көрші, кейін қуып жетуің өте қиын. Қазіргі техникалық даму өзінің шарықтау шыңына шықты деуге болады. Жаңадан пайда болған ұялы телефон, теледидарлар тозбай, ескірмей жатып моральдық тұрғыдан көнеріп қалып жатыр. Және техникалық сұрақтың жауабын ешкім интернетке салмайды, керісінше, барынша тұмшалап, құпияландыруға тырысады, ол сізге әдебиет, тарих емес. Міне, өзің көріп отырсың, мен мына «Ұялы бетондар» деген кітабымдағы қаптаған мәліметтерді қайдан алды дейсің? Мен оларды өз жаңалықтарымды ендіріп жүрген ресейлік зауыттардан алдым.

Екінші мәселе. Зауыттарға барсаңыз, сіз олардың ешқайсысынан қазақ тілінде нормативтік, анықтамалық кітап таппайсыз. Ал, біз оларға өз университетімізде қазақша дәріс оқимыз. Ол студент ертең зауытқа келеді, ешқандай қазақ тілінде құжат таппайды, сонда мұның аты не? Біз өткен шақтағы байлар, билер, батырлар жайлы жарыса жазамыз, ол жағынан әлемде алдымызға жан салмаймыз, ал, техниканы қазақша кім жазады? Мен батырлар жайлы жазбасын деп отырған жоқпын, өндірісті де ұмытпау керек деп отырмын. Жоқ, әлде бізге оның бәрін сырттан біреу келіп жазып бере ме? Оларды кім жасайды? Нені, кімді күтіп отырмыз?!

КСРО-ның қорғаныс кәсіпорындары, атақты «пошталық жәшіктер», оның ішінде қазақстандық құпия кәсіпорындар тоқсаныншы жылдары қандай күй кешкенін бәріміз білеміз. Ал, Қытай не істеді? Қытай өзінің ғылыми-техникалық революциясын бастаған сол тоқсаныншы жылдары шведтік әйгілі «Спарэкс» компаниясының лицензиясын сатып алды да, 50 қорғаныс зауытын газобетон өндірісіне көшірді. Ол 50 зауыт жылына 10 млн. текше метр бетон блок шығарып тұрды! Қытай құрылыс проблемасын осылай шешті. Германияда – 38, Польшада – 23, Жапонияда 15 зауыт бар. Қазақстанда 20 шақты зауыт болса керек. Біз де сол Қытайдай қарқындап дамып кетсек деген тілектен шығып жатыр ғой мұның бәрі...»

Бұрынғылар «артыңда еккен ағашың, салған үйің, өсірген ұлың қалса – өмірді босқа сүрмегенің» дейді екен. Оның үстіне кітап жазып қалдыра алсаң тіпті тамаша! Ақаң құрылысшы-ғалым болғанмен, үй салмаса да (екі бөлмелік пәтерде тұрады) 70 жасында оқулықтан бөлек өте әдемі әдеби тілмен «Откровенно о прожитой жизни. Записки профессора» деген өмірбаяндық үлкен кітап та жазған.

Онда не жазылғанын Сізге тәптіштеп айтпай-ақ қоялық. Тәптіштегенмен, өзіңіз оқымасаңыз бәрі бекер. Ал, оқысаңыз ғалымның өмірінен үлкен өнеге алып шығасыз. Ендеше, өнеге керек болса, кітапты өзіңіздің оқығаныңыз абзал.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ