Руханият 0 пікір 0 лайк

Өлеңінен өнеге төгіледі

Мамыр 17 / 2018

 

Қазақстан Республикасының «Құрметті құрылысшысы» және «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін иеленген, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай мерекелік төсбелгімен марапатталған, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы Құттыбек қажы Бөкенбайұлының «Қанағат» атты кітабы қолымызға тиді. Ой иесі ретінде кемеліне келген парасатты жан, өмірден түйгені мен көргені мол азамат бойындағы бар рухани байлығын ұрпаққа жеткізуді жөн санапты. Кітапқа поэзия, проза жанрындағы шығармалары енген. Терме, толғаулармен басталатын кітап ұлттық реңк бояуының қанықтығымен ерекшеленеді. Мәселен, Аллаға мінәжәт ретінде көрініс тапқан «Сиынамын өзіңе» атты толғауы көңіл толқытады.

 

Құрылыс саласының барлық сатысынан өтіп, түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған азаматтың өлеңнің құрылымы мен қарасөз құрылысын да жете меңгергені, киелі қаламнан мағыналы ой тудырғаны көрініп-ақ тұр. Кітаптың аты – «Қанағат». Расында да қанағат – кім-кім үшін де аса қажет қасиеттердің бірі. Бұл ұғымда ұлылық пен қарапайымдылықтың, ізеттілік пен сабырлылықтың, мейірімділік пен жомарттықтың нышаны жатыр. Сол сезімді ақын ағамыз:

Білмеймін бе қадірін ештеңенің,

Байлық деген нәрседен сескенемін,

Жұрт таласып, тармасып жатқан жерге,

Мен, әйтеуір, ерте емес, кеш келемін, – деген түйінге сидырады. Өзін қоршаған әлемді маңдайдағы көзбен емес, жүректегі көзбен көргісі келетін ақын қанағатшылықтың қадірін оқырманға осылай білдіреді. Ал, дүниеге құнығу мен ашкөздіктен «Байлық деген нәрседен сескенемін» дей отырып, сақтандырады.

Мемлекеттің құзырлы мекемелерінің өзі айналыса бастаған сыбайлас жемқорлықтың етек алуын ақын имандылықтың әлсізденуінен деп таниды. Жеке тұлғаның бойындағы дара қасиетті айта отырып, кең ауқымды мәселені көтеру дегеніміз де осы болса керек.

Ақын өлеңінің келесі шумағында:

Бірақ, мен ешкімге де өшікпеймін,

Қанағатты жандарға көшіп пейілім,

Қайырымдылық жасауға тура келсе,

Мен ол жерге ешқашан кешікпеймін, – деген тұжырымын айтады. Мұндағы айтар ой: әр адам баласы қайырымдылық жасауға асығар болса, еліміздің әлемдегі шоқтығы биік мемлекеттердің қатарына енуі көз көріп, көңіл сенетін шындыққа айналары хақ.

Ақынның тағы бір үлгі етері: отбасының ынтымағы болмаса, елден де құт-береке кетеді.

Байлықтың ең асылы – сүйген жарың,

Артыңнан еріп жүрген ұрпақтарың,

Қарын тояр адал ас жегізетін,

Жүректегі иманың мен қанағатың.

Әр сөзін, әр ойын ел игілігіне арнаған, бар бітім-болмысы елім-жұртым деп тұрған ерекше ақынның шығармасындағы салиқалы сөздер жігеріңізді жанып, намысыңызды қайрайды. Құттыбек қажының «Қанағат» атты кітабын оқып отырып, ол кісінің баба даналарымыздың өсиетке толы сөздерін бойына сіңіріп өскенін бағамдайсыз. Ақынның кейінгі толқынға берері мол екеніне көзіңіз жете түседі. Ақынның әкесі Бөкенбай – шопанның киелі таяғын ұстаған кісі. Бұл кәсіпте күні-түні көз ілмейтін шыдамдылық, кезі келсе арланмен алысатын күш-қайрат секілді дала батырының тұлғасы бар.

Ақынның анасы Сарагүлдің тәуекелшіл әрекеттері де кісі таңқаларлық. Оның ағайын арасында қара жамылып, жастайынан жесір қалған келінге: «Менің күйеуіме тұрмысқа шық, екеуміз апалы-сіңлідей бірге тұрамыз» деуі бар дүниеге немқұрайды қарайтын нәумез жанның өзінің жүрегін дір еткізері хақ. Ал, одан кейінгі оқиғаның құйыны кімнің де болсын жан жарасын тырнайды. Өзінің айтуымен бас қосқан Қатыш келін бала көтере алмай қалғанда Сарагүл апа бір баласын бауырына салады. Жарын да, жанын да бөлісе алатын мұндай мықтылық қай халыққа болса да, қай әйелге болса да, үлгі боларлық іс емес пе?! Осылайша екі енені тел емген арда құлын – Құттыбек орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Шымкенттегі КазХТИ-дің құрылыс факультетіне оқуға түседі. Ол Жақсыгүл Дәрімбаеваны «Оқу орнының мақтаныштары» тақтасындағы суретінен ұнатып қалды. Алғашқы танысу, бірнеше кездесу қос тағдырдың қосылуына себепші болды. Көп өтпей екі жастың үйлену тойы өтті. Сонымен, жұмыс ретімен жүріп жатты. Бірде сол кездегі Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Селолық құрылыс министрі Қорған Мусинмен сәті түсіп жүздесіп қалды. Министр қандай өтініші бар екенін сұрағанда Құттыбек қажы Бөкенбайұлы ауылда балабақша ашуға көмектесуін өтінеді. Сонда бала күтімімен отырған әйелдердің жұмысқа шығып, еңбек көрсеткішінің жоғарылайтынын алға тартады. Жеке басының емес, көптің игілігі үшін өтініш айтқан азаматтығына риза болған министр өтініштің бір айдың ішінде орындалуына ықпал етеді.

Бір кездегі асыл ару Жақсыгүл жеңгеміз бүгінде өмірге әкелген жеті ұлынан немере, шөбере сүйіп отырған бақытты ана. Педагогика саласының үздігі атанған ұлағатты ұстаз. Ақын атаның тебіренісінде айтылғандай, екеуі:

Мен сендердің,

Терең білімді,

Ақылды, саналы,

Үлкенге ибалы,

Адал да, арлы,

Болғандарыңды көргім келеді, – деп өсіп келе жатқан немерелеріне сүйсіне қарап, қызығына бөленіп отыр.

Қызметте де, өнерде де өзіндік қолтаңбасы бар, адалдықты ту етіп ұстаған Құттыбек ақсақал мен зайыбы Жақсыгүл жеңгеміз ғибратқа толы өмір кешіп келеді. Үлгілі ұрпағымен бір әулеттің ақылшысы әрі қамқоры болып отырған қос тірегімізге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілейміз.

А.ҚЫПШАҚБАЕВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ