Шымкенттің екінші тынысы ашылып келе жатыр

Мамыр 16 / 2018

 

Жәмила МАМЫРӘЛІ, «Оңтүстік Қазақстан».

1. Бекет батыр көшесі – қаһармандықтың ғана емес, сұлулықтың да символы

Бекет батыр көшесі Бекет батыр көшесі болғалы дәл осылай құлпырмаған шығар. Бұрын да адамдар үйін осы көшенің бойынан алғысы немесе салғысы келетін. Қазір осы көшенің бойымен бір жүріп өтудің өзі жаныңа рахат сыйлайды. Нақтылай айтқанда, Бекет батыр көшесінің Ә.Диваев көшесімен қиылысатын тұсынан бастап,   Ә.Сасбұқаев көшесіне дейінгі аралығынан жаңа гүлзар бой көтерді.

Оның құрылысымен облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын таныстырған облыс әкімі Ж.Түймебаев «Бұл халықаралық отбасы күніне орай тұрғындарға тарту етілген үлкен сый. Осындай жасыл желекке оранған гүлзарларды көбейтіп, тұрғындарға отбасымен бір уақыт саялы орындарда демалуына мүмкіндік жасауымыз керек» деді.

Жасыратыны жоқ, Жансейіт Қансейітұлы өңірге басшы болып тағайындала салысымен Шымкентті жасыл қалаға айналдыру бойынша жауапты мамандарға бірнеше нақты жоба ұсынған. Олардың қатарында «Шатқал» бағдарламасы да бар. Сол ұсыныстардың біртіндеп жүзеге асып келе жатқанын бүгінде көз көріп, көңіл сүйсіне бастады. Гүлзарды аралаған депутаттар Шымкенттің шырайын келтірген жобаларды қолдап, қуаттайтындықтарын айтты. Оған қала әкімі Н.Сауранбаев та дән риза.

– Бұдан бөлек, 11 шағынаудан аумағында, нақты айтар болсақ, Ш.Уәлиханов және Сайрам көшелерінің қиылысынан тағы бір гүлзардың құрылысы қолға алынды. Жалпы, қалада саялы баққа айналған 30 гүлзар бар болса, алдағы уақытта тағы 26 гүлзарды ел игілігіне беретін боламыз,– дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсен Жанбосынов.  

Ал, Бекет батыр көшесі бойындағы гүлзар Ә.Диваев көшесінен басталып, Ж.Тәшенов, Т.Орынбаев, Ж.Адырбеков, Ақпан батыр көшелерін қиып өтіп, Ә.Сасбұқаев көшесімен түйіседі. Дәл осы тұста үлкен арка салынады. Қазір осы гүлзардың Ақпан батыр көшесіне дейінгі бөлігі біткен. Қалған бөлігінің құрылыс жұмыстарын мамандар 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне дейін толық аяқтаймыз деп жоспарлауда.

Гүлзардың пайдалануға берілген бөлігі қазір көріктендіріліп, адамдар демалуға ыңғайлы орындықтар қойылған. Күтіп-баптауға «Жасыл желек» ЖШС жауапты. Тұрғындардың талап-тілегі бойынша алдағы кезде мұнда бейнебақылау камераларын орнату жоспарлануда.

 

2. Өмірдің сырын ұғынғыңыз келсе, өзенге барыңыз!

«Таяу уақытта көресіздер, Қошқаратаның жағалауы демалушыларға лық толатын болады» деді облыс басшысы депутаттарға ескі қалашықты абаттандыру, көркейту жобасымен таныстырып жатып.

– Археолог-тарихшылар Шымкент қаласының іргетасы қаланғанына 2200 жыл дегенді айтады. Олай болса, қаланың тарихынан сыр шертетін, тарихи кескін-келбетіне негізделе отырып, заманауи құрылыс материалдарымен салынған көшелер, кешендер бой көтеруі керек. Туристер мен қонақтар қаланың бүгінгі кескін-келбетімен қатар тарихынан да хабардар болатындай әсер сыйлауымыз қажет, – деді өңір басшысы.

Өзен жағалауынан кем дегенде 10 метр аралықта ешқандай құрылыс нысаны болмауы қажет. Осы талапты басшылыққа алған қаланың жауапты мамандары тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің арқасында бірқатар үйлер мен қора-жайлар бұзылып, өзенге күл-қоқыстың түсуіне себепші болып келген нысандар сүрілген. Бұл жұмыстар әлі де жалғасуда. Ордабасы алаңынан Жангелдин көшесіне дейінгі тұс Қошқарата өзенін абаттандырудың екінші кезеңі болып саналады. Алғашқы кезеңі бұлақ басынан Ордабасы алаңына дейінгі тұсы бүгінде қалыпқа келтіріліп, гүлзарлар ұйымдастырылып, демалушыларға ыңғайластырылған.

Жалпы, мәслихат депутаттарына «Ескі қаланы жаңғырту» жобасын егжей-тегжейлі түсіндіріп, таныстыру барысында облыс басшысы қалталы кәсіпкерлерді осы жағалауды абаттандыруға үлес қосуға шақырды. Қонақтарға ұсынар кәдесыйлар дүкендерін ашу, ұлттық дәм ұсынатын шығыстық үлгідегі асханалар бой көтеріп жатса, Қошқаратаға шомылуға келгендер үшін қолайлы жағдайлардың бәрі жасалып жатса, қандай ғанибет! Бұлақ басынан 1200 метрге дейінгі аралықта халықтың қыдыруына ыңғайлы барлық жағдай жасалатын болады.

Иә, өмірден сыр түйгіңіз келсе, өзенге барыңыз. Өмірдің қым-қуыт тіршілігінен шаршап, жаныңызға тыныштық іздесеңіз өзенге барыңыз. Өзеніңе жағдай істесең, өзенің де саған жағдай істейді. Бұл енді қарапайым аксиома.

 

Сіз не дейсіз?

Анна ШАЛЯ, соғыс және еңбек ардагері:

– Қазіргі Бекет батыр көшесінде 1930 жылдан бері тұрамын. Осы көшенің байырғы тұрғынымын десем де болады. Осыншама уақыт аралығында бүгінгідей көркейіп, гүлденген сәті есімде жоқ.  Көшеміздің гүлзарға айналғанына дән ризамыз. Тұрғындар үшін саялы бақ жасап, демалуына ыңғайлы жағдай туғызғаны үшін облыс, қала басшыларына алғысымды айтамын.

 

Асқар ӘБДІСАТТАРОВ, байырғы ұстаз:

– Мен қазіргі Маржан Тасова атындағы мектеп-интернатта ұстаздық еттім. Шымкенттің тұрғыны болғаныма 75 жыл болды. Жасым 86-да. Жансейіт Түймебаев біздің мектептің түлегі. Оның Шымкентті гүлдендіремін, жасыл қалаға айналдырамын деп жүрген еңбегіне береке тілеймін. Бекет батыр көшесі сияқты әлі талай көшелерді гүлзарға айналдырамын деп отыр екен. Жаңа жоспарларын айтып, бір топ ардагерлерді жобаларымен таныстырды. Халыққа осындай саялы бақтарды, демалыс орындарын көбейткені ұнап отыр. Дән ризамыз.

 

Әбілқасым ДОСБОЛОВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Депутаттар бүгін бір қауым ел болып қаланы көріктендіру, көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен таныстық. Ордабасы алаңынан «Шымкент плаза» сауда кешеніне дейінгі аралықты жаяу аралап шықтық. Көп тірлік жасалыпты. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде айқай-шусыз, осындай игілікті істің жүзеге асырылғаны көрініп тұр. Көзімізбен көрген соң сүйсініп отырмыз. Шіліңгір шілдеде шымкенттіктердің саялы жер іздеп сабылмай, Қошқаратаның бойында, ыңғайлы да жайлы жағалауында демалуына барлық мүмкіндік жасалған.  Қошқаратаға талай рет өзіміз де шомылдық. Қысы-жазы бір температурада тұратын бұлақ суының емдік қасиеті барын мамандар да айтып жүр. Осы байлықты көздің қарашығындай сақтап, елдің пайдалануына жағдай жасау үшін атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағамызды береміз.

 

Төрайым СҰЛТАНОВА, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

– Қошқаратаның бойын абаттандыру жұмысы болашақ үшін жасалып жатқан игі іс. Біз ғана емес, келешекте немере-шөберелеріміз де осы өзеннің бойына келіп шомылып, демалатын болады. Өзен бойы түгілі бұлақ басының өзі күл-қоқысқа толып, айналасы ретсіз күйде болғаны күні кеше ғана еді. Енді көріп отырғанымыздай, қоқыстан тазартылған, өзенге кір су ағызып келген үйлер мен қора-жайлар бұзылып, ретке келтіріліп, тазалық талап етіліп, көркейіп, көріктеніп келе жатыр. Осының бәрі де халықтың игілігі үшін. Ескі қала шағынауданының тұрғындары осыны түсінуі керек. Бүгін бұзылған қора-қопсыны күйттемей, болашағымызға, балаларымызға аманат етіп қалдырар осындай игі істердің кең қанат жаюына септігімізді тигізгеніміз жөн. Бүгін біз көзбен көрген жоба – үлкен жоба. Айтуға ғана оңай болғанымен, бұл жобаны жүзеге асыруда қыруар еңбек, күндіз-түні төккен тер жатыр деп ойлаймын. Осының қадірін білейік.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ