Ер мұғалімнің жалақысы жоғары болуы керек

Мамыр 15 / 2018

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Ер мұғалімдерді көбейту керек немесе бүгінгі ұрпақтың бойында жігітке тән мінез жоғалып барады» атты тақырыпта жарияланған мақаланы оқи отырып, бұл мәселе бойынша өз пікірімді білдіруді жөн көрдім.

 

ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сүйенсек, елімізде мектептерде жұмыс істейтін 279 098 мұғалімнің 85-90 пайызын әйелдер құрайды екен. Бұл – орташа есеппен алғанда әр мектепте 2-3 ер мұғалім ғана жұмыс істейді деген сөз. Сондай-ақ, білім мен тәрбие беретін мекеме басшыларының арасында да ер азаматтардың өте аз екенін айта кету керек. Ал, ұл балалар үшін әке қандай қажет болса, ер мұғалімдер де сондай маңызға ие емес пе?!

Мәселен, Сіздің балаңыз балабақшаға барады делік. Бірақ, онда ер тәрбиешілер мүлдем жоқ. Бүлдіршін жеті жасқа толғанда «алтын ұя» табалдырығын аттайды. Мектепте пән мұғалімдері мен сынып жетекшісінен бастап директорға дейін бәрі қыз-келіншектер. Ер мұғалімдер бірен-саран ғана. Сонда оны кім тәрбиелейді? Ол кімге қарап бой түзейді?

Әрбір оқушы үшін ұстаз – үлгі-өнеге, тәрбие алатын жан. Осыдан 30-40 жыл бұрын бастауыш сыныптарда оқытқан Қаһар, кейіннен математика пәнінен сабақ берген Керім ағайларымның айтқан ақыл-кеңестері күні бүгінге дейін менің жадымда сақталған. Әрине, мектепте қыз-келіншектер де дәріс берді, өкінішке қарай, олардың ешбірінің ерекшеліктері есімде қалмапты. Мұның өзі ұл балалар қанша есейіп кетсе де, мектеп қабырғасында ер азаматтардан алған тәлімді ешқашан ұмытпайтынын дәлелдесе керек.

Жалпы, оқу-тәрбие орындарында ер мұғалімдер мен әйелдердің саны бірдей болуы тиіс. Сонымен қатар мектеп директорлары мен оқу ісінің меңгерушілерін жаппай ер азаматтардан тағайындау оқу процесін көтеруге, оқушылардың тәртібін түзеуге септігін тигізетінін де айтқым келеді.

Күнделікті өмірде жоғары сыныптағы балалардың ұстаздарынан (әйел ұстаздарынан) жасқана қоймайтын жағдайларын жиі кездестіреміз. Өйткені, ұл балалар оларды анасы ретінде қабылдайды. Иә, әйел затының мейірбан, кешірімшіл болып келетінін кішкентайынан сезініп өскен өрендер олардан аяқ тарта қойсын ба?! Осындайда ер азаматтар ұлдарға ақылын ғана айтпайды, өзінің іс-әрекетімен де үлгі бола алады.

«Ал, енді мектептерде ер мұғалімдердің санын қалай көбейтуге болады?» деген сұрақтың жауабына келсек. Жалпы, оқу-тәрбие процесінде де, отбасында да ер азаматтардың алар орны ерекше екенін ескеру қажет.

Сондықтан, кейбір педагогтар мектептерде ер мұғалімдердің барған сайын сиреп бара жатқанына алаңдап, оларды даярлайтын арнайы педагогикалық жоғары оқу орны болуы керек деген ұсыныстар айтуда. Меніңше, бұл үшін педагогикалық оқу орындарына жігіттердің көптеп түсуіне арнайы жеңілдіктер жасалуы керек.

Екіншіден, Алматыдағы қыздарға арналған педагогикалық институтты ер балаларға арналған оқу орнына айналдырған дұрыс. Ол нәзік жанды педагогтар қажет болған кезде ашылған болатын. Енді оның атауын қоғамның қажеттілігіне қарай ауыстырған жөн. (Бұдан әйел педагогтар ұрпағымызды батыл да ержүрек етіп тәрбиелей алмайды деген ой тумауы керек).

Үшіншіден, ер азаматтарды педагогика саласына қарай тарту үшін еңбекақысын қыз-келіншектердікіне қарағанда анағұрлым жоғары ету керек. Сонда ғана ер азаматтар мектепке келетін болады.

Бегман ЫСҚАҚ, Халықаралық гуманитарлық техникалық университеттің профессоры.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ