Экономика 0 пікір 1377 лайк

Түйе сүтін өндіруге субсидия беріледі

Мамыр 15 / 2018

 

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Оңтүстік Қазақстан».

Субсидиялау талаптарына сәйкес, жалпы кооперативтерге қаржылай көмек беру қарастырылмаған. Ол үшін кооператив мүшелерінің ортақ пайдалануындағы мүлікке қатысты электронды картасы болуы тиіс. Карта түзілген жағдайда әр мүшенің субсидияға электронды түрде өтінім беруге мүмкіндігі бар. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков мәлімдеді.

 

Облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері күн тәртібіне ұсынылған сегіз мәселенің алтауына қатысты шешім қабылдады. Екі мәселенің жай-жапсарын талқылау келесі отырысқа қалдырылды. Атап айтар болсақ, кеңес мүшелері жоғарыда сөз еткен мал шаруашылығын субсидиялау мәселесінен бөлек, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерін бағалау әдістемесін бекітіп, Түлкібас ауданын Түркібасы ауданы деп қайта атау туралы Үкімет қаулысының жобасын мақұлдады. Бұдан өзге облысқа қарасты қалалар мен елді мекен аумақтарын абаттандыру қағидалары мен облыстық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарының тізбесін бекітті. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Нұрлан Байғұтовтың айтуынша, былтыр облыстық маңызы бар 88,3 шақырым автомобиль жолы аудан, қала әкімдіктерінің коммуналдық меншігіне өткізілген. Ал, ұсынылған қаулының жобасына сәйкес, облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 4197,1 шақырымды құрап отыр. Сонымен қатар облыс аумағын кесіп өтетін магистральды мұнай құбырларының күзет аймағын белгілеу және жерді пайдалану ережесін анықтау мәселесін ұсынған облыс әкімдігінің қаулы жобасына да кеңес мүшелері бірауыздан қолдау білдірді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ