Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Жастар әскерге барғысы келеді

Мамыр 15 / 2018

 

Биылғы көктемгі әскерге шақыру кезеңінде өңірімізден 2 мыңға жуық азамат Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы Талғат Әліқұлов мәлімдеді.

 

Оның айтуынша, жыл сайын әскерге барғысы келетін жастардың қатары артып келеді. «Бүгінде әскерге сұранып жатқан жастардың қатары көп. Бізді осы жағы қуантады. Мәселен, бүгінге дейін 200-ге жуық азаматты ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Шекара қызметіне, 26 жігітті мемлекеттік күзет қызметіне жібердік. Алдағы уақытта 700-ге жуық сарбаз Қазақстанның Қарулы Күштерін, бойы мен ойы келіскен 1000-ға тарта азамат Ұлттық Ұлан қатарын толықтырмақ, – дейді Талғат Шымкентбайұлы.

Ал, олардың денсаулығын зерделеу ісімен аудан, қалаларда құрылған медициналық бақылау комиссиялары айналысады. Сондай-ақ, облыстық жинақтау бекетінде әскерге шақырылушылар үшін толыққанды жағдай жасалған көрінеді. Онда қазір 60 кереуеттік 10 бөлме бар. Бұл жерде толықтай тексеруден өтетіндер үшін үш мезгіл тамақ, шаш алу, жуыну бөлмелері де қарастырылған.

Д.ЖҮСІПОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ