Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

110 отбасы баспаналы болады

Мамыр 15 / 2018

 

Шардара ауданында 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Өндіріс орындарында былтыр 7 млрд. 844,5 млн. теңгенің өнімі өндірілген. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 5 жоба іске асырылды. Соның бірі – «Байтерек ББМ» ЖШС-нің балық өңдеу зауытының құрылысы. Жобаның құны – 200 млн. теңге. Бүгінде құрылысы аяқталуға жақын зауыт іске қосылса 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпорын жылына 600 тонна өнім өндіретін болады.

 

Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шардара ауданының әкімі Болатбек Қыстауов баяндады.

Сондай-ақ, «Ай-қажы – Ақ-алтын» ЖШС құны 500 млн. теңгелік мақта өңдейтін зауыт салмақ. Болатбек Дүйсенбекұлының айтуынша, өндірістік қуаттылығы 20 мың тонна зауыт жұмысы жолға қойылса, тағы да 350 тұрғынға «екі қолға бір күрек» табылар еді. Аталған кәсіпорын Шардара қаласындағы индустриалды аймақта орналасатын болады. Бүгінде құжаттары әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек «Шардара ГЭС» АҚ-ның қайта жаңғырту жобасына да көпшілік қызығушылық танытып отыр. Қазіргі таңда 2 агрегаттың құрылысы басталған. Бұл жоба бойынша электр қуатын өндіру

100 мВт-дан 126 мВт-ға артады деп күтілуде.

Ауданның өнеркәсіп саласында да ілгерілеушілік байқалады. «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бірыңғай бағдарламасы аясында өткен жылы 14 жобаға қолдау көрсетіліпті. Биыл тағы да 7 жоба іске асырылмақ. Соның ішінде «Иіржар агро» ЖШС мен «Golden Beach Resort» демалыс аймағына қажетті инфрақұрылымдар жүргізілетін болады. Осылайша ауданда жағажай туризмін дамыту бағытындағы жұмыстар жандана түспек.

Аудан әкімі мұнан бөлек, ауданда егіс көлемін ұлғайтып, суармалы жерлерді игеру мәселесіне тоқталды. Бұл бойынша бірқатар ауылдық округтердегі канал, ағын су қашыртқылары мен тік дренажды ұңғымаларды қалпына келтіруге Үкімет тарапынан қаржы бөлдіру үшін тиісті құжаттар тапсырылған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Шардара қаласындағы 4-шағынауданына инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдарын тарту жұмыстары кестеге сай жүргізілуде. Нысан пайдалануға берілген соң тағы да кезекте тұрған 652 азаматқа Шардара қаласынан жер учаскесі беріледі. Айта кетейік, өткен жылы Сүткент, Ақшеңгелді, Достық ауылдық округтерінде бір пәтерлі 9 коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілсе, биыл Шардара қаласында салынған 40 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті табыс етілмек. Аудан әкімі мемлекеттік жекешелік әріптестік шеңберінде Шардара қаласынан 10 пәтерлі – 2, Қ.Тұрысбеков ауылдық округінен 1 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатқанын айтты. Алдағы уақытта 110 отбасы баспаналы болады.

Жиында аудан әкімі аймақта барлық салада атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндап, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Д.КАМАЛ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ