Рухани жаңғыру 0 пікір 1374 лайк

Талап бірдей, заң ортақ

Мамыр 15 / 2018

 

Тәуелсіз еліміздің тұғыры нығайып, әлемнің озық елдерімен терезесі теңесіп келеді. Барлық халықтың бірлігі мен достығының арқасында Елбасы бекіткен «Ұлт жоспары: 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаруалар да мол. «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясы дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытындағы бағдаршам іспеттес.

 

Өскелең елдің кемел болашағын зерделеген Елбасы кезекті Жолдауын «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» деп атады. Бұл Жолдауда ел дамуының негізгі он бағыты сараланды. Соның ішінде төртінші басымдық «Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру» болып белгіленді.

Осы орайда Елбасы Қазақстан жолдарында жүктердің кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар, интеллектуалды көлік жүйесі көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашатынын айта келіп, «Цифрлық технологияларды енгізу мен интеллектуалды транспорт жүйесін құру жүк тасымалдау мерзімдерін қысқартуға жəне транзиттен түсетін табыстарды еселеуге мүмкіндік береді» деп көзделген меже тұғырын белгілеп берді.

Жолдауда көрсетілген басымдық бағыттарын орындау мақсатында ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы үздіксіз іздене отырып, нәтижелі жұмыс атқаруда. Тарата айтсақ, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында қол жеткен жетістіктер аз емес. Тоқсан ішіндегі жол жүру алымдары 74,2 млн. теңгені құрады. Жалпы, ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының бақылауында 985 шаруашылық субъекті тіркелген. Оның ішінде, автомобиль көлігі саласы бойынша – 745, су көлігі саласында – 11, теміржол көлігі саласында 229 нысан бар.

Ағымдағы жылдың І тоқсанында жүргізілген жалпы 13 тексеру жұмысының біреуі ішінара тексеру десек, 12-сі жоспардан тыс тексеру болды. Осы ұйымдастырылған тексерудің нәтижесінде 30 әкімшілік құқықбұзушылық фактілердің орын алғаны анықталды.

2018 жылғы І тоқсанда 3040 автокөлік құралы тексеруден өтіп, 529 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, 29,8 млн. теңге айыппұл салынды. Оның 85%-ы, яғни 26,15 млн. теңгесі мемлекеттік бюджетке өндірілді.

Қазақстан Республикасының аумағы бойынша отандық және шетелдік ауыр салмақты және ірі көлемді автокөлік құралдарымен белгіленген салмақтық параметрлерден асыра пайдаланып, арнайы рұқсатсыз жүріп өтудің (ҚР-нің ӘҚБтК-нің 571б. 6б.; 571.б 7б.) анықталған 153 фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалып, 9,7 млн. теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, олардан жүріп өткен жолдары үшін 1,8 млн. теңге алым сомасы өндірілді.

Арнайы тексеру жұмысы кезінде таразыдан жымқыратындардың да аз кездеспейтіні байқалды. Заң талаптарын орындамаған жүк жөнелтушілер де жауапкершіліктен босатылмады. Өйткені, талап баршаға бірдей, заң ортақ.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 571-бабы 9-бөлігінде көзделген, яғни жүк жөнелтушінің жүк тиеудегі салмақтық және габариттік параметрлерді арттыру бойынша әкімшілік толтырылған хаттамалар негізінде 517 млн. теңге айыппұл салынды.

Елбасы Жолдауында көзделген он бағытты орындау жөнінде ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының жұмыс қарқыны жүйелі түрде артып келеді. Сөзімізге дәлел үшін дәйекті сандарды келтірейік. Өңірдегі алымдар былтыр 87 пайызға орындалса, биылғы бірінші тоқсанда 101% болып отыр. Өткен жылы осы уақыт аралығында 2432 автокөлік құралы тексеруден өткізілсе, биыл 3040 көліктің тексерілгені жұмыс қарқыны 25%-ға артқанын көрсетіп отыр. Шетелдік автокөлік құралдары тарапынан заң бұзушылық 20%-ға төмендеген. Карьерлік автокөлік құралдарындағы заңбұзушылықтар былтыр осы уақыт аралығында анықталғаны 50 болса, биылғы көрсеткіш – 97, яғни 1,9% – ға өскен.

Облыс аумағындағы 49 техникалық байқау орталығы ұсынған мәліметтер бойынша ҚР СТ 1811-2011 стандартына сәйкестендірілді. Жалпы, желі саны – 78 десек, оның ішінде: тұрақты желі саны – 61, ұтқыр желі саны – 17.

ОҚО ІІД әкімшілік полиция басқармасының берген мәліметіне сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында 561 613 автокөлік құралы тіркелген. Оның 482 841-і жеңіл автокөлік, 45 273-і жүк автокөлігі, 13850-і автобустар/шағын автобустар, 2819-ы мототехника, ал, 16 830-ы тіркеме. Олардың 2018 жылға техбайқаудан өтуге міндеттелгені – 421 209.

Елбасы өз Жолдауында: «Үлкен деректерді» (Bіg data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсімнің резервін анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады. Осы мақсаттар үшін, Интеллектуалды көлік жүйесін енгізу қажет. Бұл жүйе көлік ағынын тиімді басқаруға және инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін анықтауға жол ашады, – деп атап көрсетті. Бұл айтылған тапсырмаларды орындау өңірде қарқынды қолға алынуда. ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясы жүргізіп жатқан ауқымды жұмыс облыстың ғана емес, еліміздің көлік саласының өркендеуіне қосқан үлкен үлес болып табылады. Бұл бағыт бойынша бар күш-жігерді аямай жұмыс жүргізу әлемдік технологияның дамып, өркениеттің озық үлгілері сәт сайын ауысып жатқан ұшқыр заманда уақытқа ілесіп қана қоймай, көш ілгері болуға жетелейді. Ал, бұл дегеніңіз бәсекелестіке қабілеттілікті шыңдайды.

Ербол СЫРҒАБЕКОВ, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитетінің ОҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ