Рухани жаңғыру 0 пікір 1374 лайк

Жаңа серпін береді

Мамыр 15 / 2018

 

Ел Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауы елдің стратегиялық дамуын айқындаған маңызы зор құжаттардың бірі. Мемлекетті одан әрі ілгерілетудегі заманауи талаптар мен өркениетті елдерге сай әрекет етуге шақыратын бұл құжаттың мазмұны да, қоғам алдындағы жауапкершілігі де салмақты. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін айқындап берген бұл Жолдау ел экономикасына жаңа серпін бермек.

 

Қазіргі заман талабының тренді – индустрияландыру, жаңа озық технологияларды енгізу талаптарына басымдық берілуі құжаттың ерекше маңызын айқындайды. Индустрияландыру процесінің барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа негізделуін мақсат тұтады. Бұл мақсат елді алға ілгерілете отырып, 30 дамыған мемлекеттің қатарына енуге жол ашады.

Осы Жолдауда аталған маңызды бағыттардың барлығы жаңа заман талабына сай, елді дамытуға бағытталған қадамдар. Мәселен, еліміздегі индустрия, технология, өнеркәсіп кешені, көлік-логистика, инфрақұрылым, коммуналдық құрылыс, заманауи технология, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару және «ақылды қалалар» «ақылды ұлт үшін» деген мәселелер көтерілген.

Жолдау өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу арқылы елімізді сол талаптар үдесіне сай дамытудың маңыздылығын айқындап берді. Заманауи технологияларды кеңінен қолдана отырып, дамудың жаңа белесін бағындыру жолында цифрлық технологияларға зор басымдық беріліп отыр. Бұл сатыда елдің дамуын цифрлы форматқа көшіру – бүгінгі күн талабындағы басты міндеттердің бірі екендігі айшықталды. Жолдауда көрсетілгендей, осы жылы «цифрлық дәуір» өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеу қолға алынбақ. Болашақта біздің цифрлық ортада қалай жұмыс істейтінімізді, елдің экономикасын, әлеуметтік жағдайларын түбегейлі өзгертетіндігін таразылаған Елбасы бұл жаңашылдыққа үлкен ден қойып отыр.

Президент Жолдауында аталған тапсырмаларды елімізде әрбір саланың мамандары жүзеге асыруы қажет. Осы талаптар үдесінен шығып, бастамалар жан-жақты орындалғанда Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына ену мүмкіндігі арта түседі.

Қанат САПАРОВ, Әл-Фараби аудандық әділет басқармасының басшысы, «Қазақстан заңгерлер одағы» ОҚО филиалының мүшесі. Шымкент қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ