Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

Пәрменді күрес жүргізу қажет

Мамыр 15 / 2018

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауында ХХІ ғасырда орын алуы мүмкін жаһандық сын-қатерлерге аса көрегендікпен жауап береді. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбындағы Жолдауы — Қазақстанның жаңаша дамуына жол сілтеп, бағыт-бағдар берген маңызды құжат. Бұл Жолдаудың мәні ерекше. Себебі, жолдау жаңа әлемге, яғни төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін негізгі 10 міндетті айқындайды. Соның ішінде тоғызыншы міндетте сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы айтылған.

 

Елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында ең алдымен бұл дерттің себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Елбасымыз Жолдауда мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңыздылығын атап өтті. Осы тұрғыда Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінде «Е-қызмет» персоналды басқару электрондық ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Департаменттің әкімшілік қызметшілері осы жүйе бойынша өздерінің қызметі бойынша барлық мәліметтерді алып жүр.

Тағы да маңызды мәселенің бірі – мемлекеттік сатып алу саласы. 2017 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік сатып алу порталында департаменттің 152 келісімшарты тіркеліп, олар бойынша жеткізілген тауарларға және қызметтерге қаржы бөлініп, толық игерілген.

Сонымен қатар, департаментте өзекті мәселелердің бірі – қызметкерлердің заңдылықты және қызметтік тәртіпті сақтауы. Осы бағытта алдын алу жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар шаралар ұйымдастырылған еді. Атап айтсақ, департаменттің құрылымдық бөліністерінде және ведомстволық бағыныстағы ұйымдарында жеке құрамның арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы айлық» жарияланып, оның аясында 12 семинар, 28 «дөңгелек үстел» мәжілісі, халықпен 20 кездесу, флэшмобтар өткізілді, 15 бейнеролик түсірілді.

Айта кететін жағдай, департаменттің жас мамандары сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте белсенділік танытып, «Болашаққа – жемқорлықсыз!» атты акцияны ұйымдастырды. Осы акция аясында қалалар мен аудандардағы төтенше жағдайлар басқармалары мен бөлімдері «Ең үздік бейнеролик» номинациясы бойынша өзара сайысқа түсті. Сондай-ақ, бұл акция ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің барлық аумақтық департаменттерінде жалғасын тапты. Департаменттің бұл іс-шарасын облыстық прокуратура қолдап, ол құқық қорғау органдары өткізген «Оңтүстік – бизнеске қолайлы аймақ» акциясымен жалғасты.

Осындай маңызды іс-шаралардың нәтижесінде департаментте теріс қылықтары үшін жұмыстан шығарылғандардың қатары 53% - ға төмендеп отыр. Ал, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамалары бойынша заңбұзушылық фактілері анықталған жағдайда хабарлау үшін департаментте «Сенім телефоны» жұмыс істейді. Алайда, бүгінге дейін департамент қызметіне қатысты және мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз қылықтары жөнінде азаматтардан ешқандай арыз-шағым түскен емес.

Жолдауда сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызды қырлары белгіленді. Қоғамдағы бұл дертке қарсы баршамыз пәрменді күрес жүргізуіміз қажет.

Нұрболат ДЕРБІСОВ, Оңтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ