Бір ғасыр және Мырзашөл

Мамыр 15 / 2018

 

Өзбекстан жерін, Тәжікстанның бір ауданын, сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысының үлкен бір аумағын қамтитын орасан улкен территория Мырзашөл деп аталады. Бірақ, қазіргі уақытта ол символикалық сипатқа көбірек ие. Бұл жер әлдеқашан игерілген, жылдар өткен сайын миллиондаған адам тұратын гүлденген жазираға айналды.

 

17 мамыр күні Халық Комиссарлар Кеңесінің Төрағасы В. Ульянов (Ленин) және ХКК іс басқарушысы В. Бонч-Бруевичтер тарапынан «Түркістанда суландыру жұмыстарын ұйымдастыру туралы» №494 Декретке қол қойылғанына тура жүз жыл толады. Бұл құжат Мырзашөл жерінде мелиорациялық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуге бастама болды.

Декрет кіріспесінде оның мақсаты жазылды: «Орыс тоқыма өнеркәсібін мақтамен қамтамасыз етуді ұлғайту бойынша Мырзашөл өңірінің 500 мың ғұшыр алқабын суландыру бойынша... және ирригациялық жүйенің басты құрылыстарын қамтамасыз ету бойынша» жұмыс жоспарларын бекіту. Тек 1918 жылдың өзінде осы мақсаттар үшін мемлекеттік қазынадан 50 миллион рубль бөлінген.

Мырзашөл өңірін игеру, ол жерде мақта өсіру, сол арқылы тоқыма кәсіпорындарына қажетті мақта талшығын жеткізуші америкалықтарға Ресей империясының тәуелділігін төмендету әрекеттері туралы көптеген фактілер бар. Мырзашөл өңірінде мақта тәуелсіздігі үшін жүрген бұл күрес көптеген онжылдықтар бойы жалғасты.

«Ұлы князь Николай Константинович Романов Мырзашөл өңірінің бірінші ирригаторы болған» дейтін кейбір тарихшылардың пікірімен таласпайын. Бірақ, әділдік үшін мойындау керек, «князьді асырауға» бөлінетін өз қаражатына ол Ташкентте Шыршық өзенінің арнасынан Искандер-арық деп аталған канал қаздырды және үлкен бақша өсірді. Кейінірек Романов миллион рубль шығын шығарып, Сырдария суына шығатын канал қаздыруға кірісті. Салымдар көлемін есептеп, салыстыру үшін айтатын болсақ, сол жылдардағы сиыр құны – үш рубль болған. Император І Николайдың құрметіне канал салынды, оның басты құрылысында Бекабад маңында патша тәжі кигізілген «Н» әрпі үлкен етіп қашалынған. Бұл каналдан Мырзашөлдің 40 мың ғұшыр (орыстардың 1,09 гектарға тең жер өлшемі) алқабы суландырылды. Ұлы князьдің «альтруизмін» оның «Аму және Узбой» брошюрасын оқу арқылы түсінуге болады. Онда былай деп жазылған: «Суландыру жүйелерін кеңейтіп, жазира шекарасын ұлғайту арқылы Түркістанды ең үздік Ресей облыстарының бірі етуге болады».

Суландыру арықтарының қазылуы нәтижесінде 1888 жылдан 1913 жылға дейін Сыр-Дарья облысындағы мақта өсірілетін алқап көлемі 28,2-ден 68,3 мың ғұшырға дейін артты. 1914 жылы шитті мақтаның жалпы өнімі жеті есеге артты. Бұл мақта өнеркәсіптік индустриясының дамуына, қайта өңдеу зауыттарының және тоқыма фабрикаларының салынуына түрткі болды. Бірінші дүниежүзілік соғысқа дейін өсірілген мақта көлемі ресейлік тоқыма кәсіпорындарының қажеттілігін 70 пайызға дейін қамтамасыз етті. Бұл көрсеткіш Орта Азия жерлерін суландыруға дейін шамамен 20 пайызға өсті.

Бірінші дүниежүзілік соғыс мақта өндірісіне кері әсер етті: ресейлік тоқыма кәсіпорындарына шикізат жетіспеді, айналым капиталы да жеткіліксіз болды. 1918 жылдың қаңтар айында Түркістан автономиясының үкіметі саланы дамыту үшін өнеркәсіп иелеріне қарыз берулерін сұрап өтініш жасады. Үкімет мақта егісімен айналысатын мемлекеттік шаруашылықтарды ұйымдастыруға «қамбаның түбін қағып», жиып-теріп 502,4 млн. рубль тауып берді.

Қарекеттерді үйлестіру үшін «Центрхлопок» мекемесі құрылды. Алайда, мемлекет меншігіне өткізу және өнеркәсіп иелерін тұтқындау ғана саланы құлдыратқан жоқ. Блокаданың кесірінен Түркістанның Красноводск арқылы Ресей тоқыма орталықтарымен байланысы бұзылды. Бұл мақта тапшылығына әкеліп соқты, тоқыма кәсіпорындары жұмысын тоқтата бастады. Өңдейтін ештеңе қалмады. 1918 жылы мақта өнімі 1917 жылғы жалпы өнімнің небәрі бестен бір бөлігін құрады.

Тифлис нақты училищесінің, кейін Санкт-Петербург политехникалық қатынас жолдары институтының (гидротехника және су жүйелері факультетінің) түлегі Георгий Константинович Ризенкампф, 1918 жылдың басында Ленинге баянат жазған. Онда ол Түркістандағы суармалы жерлердің жағдайын баяндады.

Г.Ризенкампф жиырма жасында-ақ Сергей Федорович Островскиймен бірлесіп Мырзашөл өңіріндегі 500 мың гектар жерді суландырудың бірінші сұлбасын әзірлеген. Бұл ирригация үшін зерттелген су ресурстары кешеніне ие және электр энергиясын алудың 1916–1919 жылдарға арналған жобасы болатын. Жоба мемлекеттік Думада мақұлданды. 1917 жылы 68907 га. алқап суландырылды. Бірақ, кейін түрлі себептермен оны іске асыру тоқтатылды. Алайда, Ленин Ризенкампфтың жоспарына келісті және «Түркістанда суландыру жұмыстарын ұйымдастыру туралы» декретке қол қойды. Түркістанда ирригациялық жұмыстар басқармасы құрылды (ИТУР). Оны Георгий Константиновичтің өзі басқарды. Оның жұмысына әлемдік деңгейдегі ғалымдар — Васильев, Моргуненков, Копаковтар тартылды.

Түркістан өлкесінде кеңес өкіметі орнаған соң, 1918 жылдың бас кезінде Халық шаруашылығы жоғарғы кеңесінің жанынан Мемлекеттік құрылыс комитеті құрылып, оған басқа міндеттермен бірге су шаруашылығы жүйелерін салу да жүктелді. Сол жылы ақпан айында Түркістан өлкесінде жұмыс істеген орыс мамандары Кеңес өкіметіне арнайы хат жолдап, таяудағы уақытта бұл аймақта жаңа жерлерді қосымша суландырудың мүмкіндіктері бар екенін хабарлады. Бұл жұмысты жүзеге асыруға көрнекті ғалым Г.К.Ризенкампфтың және басқалардың Мырзашөлді суландыру жөніндегі жобалары мүмкіндік беретінін де ескертті.

Халық шаруашылығы жоғарғы кеңесі арнайы декреттің жобасын әзірлеп, оны В.И.Лениннің төрағалық етуімен өткізілген осы Кеңестің төтенше комиссиясы мәжілісінің қарауына ұсынды. Мәжілісте Мырзашөл және Дальверзин алқаптарын, Шу және Зеравшан өзендерінің бойын игерудің бағдарламасы мақұлданып, оған қаржы табу, ирригациялық жұмыстар бас басқармасына жетекші мамандар іріктеу мәселелері егжей-тегжейлі қарастырылды. Соның нәтижесінде 1918 жылғы 17 мамырда В.И.Ленин Түркістан өлкесін суландыруға 50 миллион сом қаражат бөлу және осы жұмыстарды ұйымдастыру туралы декретке қол қойды. Бұл кезде Мырзашөл уезіне Романов, Иіржар, Славян, Сырдария, Черняев (Қауас), Бекабат және Дальверзин болыстары қаратылып, 65 ауыл, село мен қыстақ бой көтерді. 1919 жылдың бас кезінде Түркістан Республикасының Жер халық комиссары болып М.М.Бушуев бекітілді. Оның тікелей араласуымен жергілікті өкімет Мырзашөл кедейлеріне істен шыққан су жүйелерін қалпына келтіру үшін қаржылай мол несие бөлді.

Отырықшылыққа бейімделе бастаған Сырдария облысындағы Иіржар болысының көшпелі малшы қазақтары көптеген қиындықтарды жеңе отырып, Мырзашөл даласына орнығып, егіншілікпен айналысуға кірісті. Мырзашөлді игеру тарихында 1917–1920 жылдар аралығы өте ауыр кезендердің бірі болды. Бұрынғы көшпелі малшы қазақтардың өз беттерінше жер қазып, арық тартуы нәтижесінде суландыру жүйесімен қамтылған танаптар кеңейтілгенімен, нақты зерттеу және жобалауға негізделген құрылыс жұмыстары тоқтап қалды.

Қазіргі Мақтаарал ауданы аумағындағы суару жұмыстарын Мырзашөл өңірінің солтүстік-батыс бөлігінде 12 мың га. алқапты Түркістан мақта комитетінен жалға алған Грузия Экономикалық өкілдігі жүргізе бастады. Шаруашылық «Грузаренда» деп аталды және Высокий, Грузинский және Засоленный хуторлары (елді мекендері) құрылды. Ұзындығы 11,3 шақырым суару арықтары қазылды, одан 5136 гектар жер суарылды.

«Грузаренда» 1922 жылдан бастап 2 жыл жұмыс істеді. Ол тараған соң шаруашылықтың барлық мүлігі «Пахтаарал» кеңшарының тұқым шаруашылығына берілді. Жаңа ауыл шаруашылығы құрылымының дамуына үш директордың ауысуы ықпал ете алмады. Тек оны Түркістан мақта комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген, болашақ Социалистік Еңбек Ері, Қаз КСР Тоқыма өнеркәсібінің халық комиссары, ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары А. Орлов басқарған кезде жағдай тұрақтанды. Ол тіпті мақтаны қалай өсіретінін, немен жинайтынын көру үшін Америкаға барып қайтты. Сол сапары кезінде күнделік жазып жүрді. Әйгілі «Джон Дир» фирмасында (оның комбайндары Оңтүстік Қазақстан облысына өткен ғасырдың сексенінші жылдары әкелінген) болды, машиналардың сызбаларын салды. Орловтың мұхиттың арғы жағына сол сапары нәтижелі болды. Кеңшар Одақтың мақта гигантына айналды. Мұнда, қазіргі тілмен айтқанда, мақта кластері құрыла бастады.

Отызыншы жылдары «Пахтааралда» өнертапқыш А.Коркиннің көлденең орналасқан сүмбілерге ие алғашқы отандық мақта теретін машинасы сынақтан өтті. Ауыл шаруашылығы техникумы Одақтың ғана емес, сондай-ақ Халықтар достығы университетінде білім алушы африкалық елдердің де мақта өсірушілері үшін де жаңа технологияларды үйренетін тәжірибелік алқабына айналды.

Облыста мақта шаруашылығын дамытуды түбегейлі өзгерту алғашқы бесжылдықтар тұсында жүзеге асырылды. Іске асырылмай жатқан су жүйелері қалпына келтірілді және жаңа су шаруашылықтары салынды. Суды пайдалану жолға қойылды. Мақта үшін жаңа жерлерді игеру жеделдетілді, мақташылардың материалдық жағдайлары жақсарды.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 1998 жылы 1 қарашада Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойына қатысып сөз сөйлегенде «Мырзашөл – Оңтүстіктің жүрегі» деген сөзі аудан халқын бұрынғыдан да тығыз топтастырып, үлкен болашаққа жетеледі. Президентіміздің тапсырмасымен Сырдария өзенінен үлкен көпір салынды, мақта саласын дамытуда мақта тоқыма кластері құрылды. «Мақта саласын дамыту туралы» заң жұмыс істеуде, мақтаны терең өңдеп экспортқа шығару үшін Шымкентте «Еркін экономикалық аймақ» құрылды. Міне, осы орасан жұмыстардың барлығы да осыдан тура 100 жыл бұрын бастау алған қазақ мақтасының қиын да табысты жолы еді.

Халық Комиссарлары Кеңесінің «Түркістанда суландыру жұмыстарын ұйымдастыру туралы» декреті миллиондаған адамдардың тағдырын өзгертті. Құрылған ирригациялық инфрақұрылым есебінен миллиондаған гектар жерді суландыруға және мақта саласын құруға қол жеткізілді. Оңтүстік Қазақстан облысы ең табысты жылдары 450 мың тоннадан астам «ақ алтын» өндірді. Аймақта қосымша өндірістер басталды. Мақта талшығы облыстың басты экспорттық өнімдерінің біріне айналды. Бірақ бұл күнге жету үшін 1918 жылдың 17 мамырынан бастап есептегенде кем дегенде бір ғасыр уақыт қажет болды.

Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» бас директоры, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ