Екі орденнің тарихы

Мамыр 15 / 2018

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Қазіргі Төлеби ауданы, Қаратөбе ауылдық округі, Төңкеріс ауылынан 1941 жылдың желтоқсан айында әскерге алынған 19 жасар Өмірбай Сақов соғысты Берлинде аяқтады.

 

Бастапқыда Ө.Сақов Мәскеу әскери округіне қарасты Гороховецский лагерінде жасақталған танкіге қарсы ататын 179-шы артиллериялық полкте қысқа мерзімді жаттығудан өтті. 1942 жылдың басында бұл полк гвардия генерал-лейтенанты Люлищенко басқаратын Сталинград түбіндегі Оңтүстік Батыс майдандағы 5 армияның құрамында алғаш рет кескілескен ұрысқа қатысты. Әрине, сағатқа созылатын артиллериялық дайындық әлі оқ-дәрі иіскеп үлгермеген кеңестік жас жауынгерлердің зәре-құтын қашыратын. Бертін келе оған да бойлары үйреніп, жан аямай арпалысты.

Соғысқа қатысқан ардагерлердің әрбір ордені мен медалі – ұмытылмас тарих. Ол жауынгердің батылдығы мен ерлігіне беріледі. Араға 73 жыл салып, біздің қолымызға түскен екі құжат өмірден озған майдангер қарттың қос марапатының сырын ашты. 1943 жылдың 1 қазанында полк командирі, гвардия майоры Савченко толтырған награда қағазында (ықшамдап аударылды. Автор.) былай делінген: «1943 жылы 10 қыркүйекте Славянка селосында 3-батарея неміс танктерімен және жаяу әскерлерімен кескілескен ұрысқа түсіп, олардың тегеурінді 4 шабуылын тойтарды. Бұл шайқаста кіші сержант, зеңбірек көздеушісі Өмірбай Сақов табандылық пен батылдық танытты. Жараланса да ұрыс даласынан кетпеді. Жеке өзі бір танкті өртеді. Осы ұрыста оның расчеті 4 танкті қиратты. Оның екеуі «Тигр» еді. Сонымен бірге жаудың 30 солдаты мен офицерінің көзін жойды. Зеңбірек істен шыққанда Сақов жеке қаруымен айқасқа түсті. Осылайша мерген көздеуші, қаһарман артиллерист нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Кіші сержант Ө.Сақов «Қызыл Жұлдыз» орденіне лайық» деп жақсы мінездеме беріп, қолын қойыпты.

Екінші марапат қағазды 1945 жылдың 3 мамырында аталмыш полктің командирі, майор Тимченко толтырған. Ол былай дейді: «1945 жылдың 17 сәуірінде Форст қаласының оңтүстік батысында 8 танкінің қолдауымен бір рота солдат тың күшпен түнгі қарсы шабуылға шыққанда аға сержант Өмірбай Сақов сасқан жоқ. Ол басқаратын зеңбірек расчеті дұшпанның қарсы шабуылына тойтарыс берді. Осы ұрыстың нәтижесінде 1 неміс танкі отқа оранып, 55 гитлершіл жер жастанды, 9 қол пулеметі жойылды. Ұрыс алаңында 6 танкі істен шықты.

Ал, 24 сәуірде Одерин селосын азат етудегі шайқаста Ө.Сақов өзінің зеңбірегімен 3 пулемет нүктесін талқандап, екі взводқа жуық фашисті жер жастандырды. Жауынгердің жеке есебінде 8 неміс танкісін, оның ішінде өздігінен жүретін 2 «Фердинанд» зеңбірек қондырғысын, 12 автокөлік пен бронетранспортерді жойғаны, 32 фрицтің тұтқынға алынғаны жазылған». Осындай көзсіз ерлігі үшін ол жауынгерлік «Қызыл Ту» орденіне ие болды.

Өмірбай ата мұнан басқа І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен және бірнеше медальмен наградталды. Бейбіт өмірде өңіріне Еңбек Қызыл Ту орденін тақты. Қос майдан ардагері, аймақтың қадірменді қариясы 2013 жылы 9 мамырда 92 жасында қайтыс болды. Балдыберектен шыққан батырдың ерлігін дәріптеп, оны ұлықтау мақсатында жыл сайын жасөспірімдер арасында бокстан республикалық турнир ұйымдастырылып жүр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ