«...Айналайын, балалар аман болсын!»

Мамыр 15 / 2018

 

Базаргүл ҚАЛБЫР, «Оңтүстік Қазақстан».

Алпысыншы жылдардың басында республикада «екінші тың» – қой шаруашылығымен айналысатын комсомол жастар бригадалары көптеп құрылып, мектеп бітіруші түлектер қолдарына шопанның құтты таяғын ұстап жатты. Ұлбосын отбасында екі қыз болғандықтан, о бастан ұлдың, қыздың жұмысы деп бөлмей қай істі болмасын тиянақты орындайтын. Еңбекқор қыз мектеп бітірген соң қой бағатын комсомол жастар бригадасын басқарды. Сөйтіп жүріп Бөген ауданындағы (қазіргі Ордабасы ауданы) Қажымұқан атындағы кеңшардың Ленин туы бөлімшесінің шофері Орынбасар атты жігітке тұрмысқа шықты.

 

Ол тұрмысқа шыққан соң үйде отырып қалмады. Темірландағы тракторшылар даярлайтын курсты бітіріп алды. Алланың ісі шығар, отасқанына сегіз жыл толғанда, аяқ астынан күйеуі қайтыс болды. 28 жасында үш ұл, бір қызбен жесір қалған Ұлбосын тағдырына налымай, белді бекем буып, шаруашылықтың қай жұмысы болса да белсене кірісіп кетті. Шаруашылық негізі мақта өсірумен айналысатын. Ерте көктемнен тракторымен мақта алқабына шығатын ол қара күзге дейін біткенше егіс алқабында болды. Жазда арасында астық орып, күзде сол алқапты жыртатын. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен ол мемлекеттік делегация құрамында Қытай мен Мәскеуге де барып қайтты.

Ұлбосын енесімен ақылдаса келе Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне сырттай оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітіріп алды. Бірнеше рет аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болып сайланды. Жыл сайын социалистік жарыстың жеңімпазы атанатын. «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты. 1981 жылы жазда бидай орағы кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы, мемлекет және қоғам қайраткері Д.А.Қонаев Түркістаннан келе жатқанда жолда астық жинаушыларды көріп, «жолыға кетейік» деп бұларға қарай көлігін бұрғызған екен. Жанында сол кездегі Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.Асқаров пен Бөген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.Сыздықов болыпты. Амандасып болған соң Ұлбосыннан «балалар бар ма?» деп сұрапты үлкен кісі. «Аға, Алланың берген төрт баласы өсіп жатыр» дегенде, «жарайсың, айналайын, балалар аман болсын!» депті Димаш аға ризашылықпен. «Жұмыс істеймін деп отбасын құруды ұмытып кеткен жоқ па екен деп ойлады ғой деймін» дейді сол кезді есіне алған Ұлбосын Ақмолдаева.

«Еңбек ардагері» медалін тағынған Ұлбосын бұл күнде қызын қияға, ұлдарын ұяға қондырған бақытты ана. 7 немере, 4 шөбере сүйіп отырған қадірлі әже. «Бұл сурет үйдің төрінде ілулі тұр. Қажырлы еңбектің арқасында елге танымал, біртуар азаматтардың қолын алу мәртебесіне ие болғанымды мақтаныш тұтамын. Немерелеріме еңбек ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы екенін үнемі айтып отырамын» дейді бақытты ана.

Иә, Сіздер көріп отырған бұл суреттің осындай тарихы бар.

Ордабасы ауданы.

Суретте: (солдан оңға қарай) Бөген аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қ.СЫЗДЫҚОВ, озат комбайншы Ұ.АҚМОЛДАЕВА, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.ҚОНАЕВ, Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы А.АСҚАРОВ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ