Рухани жаңғыру 0 пікір 1368 лайк

Қос әкімдік меморандумға қол қойды

Мамыр 15 / 2018

 

Қайрат ЗАЙНИШЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында және Астананың 20 жылдығына орай Шымкент қаласы Абай ауданы әкімдігінің Кентау қаласындағы мәдени күндері өтті. Бұл шара Шымкент қаласына қарасты Абай ауданы мен Кентау қаласы арасында білім мен мәдениет, руханият, әлеуметтік-экономикалық және өндіріс салаларында тәжірибе алмасып, өзара байланыс орнату мақсатында қолға алынып отыр.

 

Кентаудағы «Ынтымақ» алаңында ауыл шаруашылығы тауарларының жәрмеңкесі мен түрлі салалар бойынша көрме ұйымдастырылды. Онда жеміс-жидек, көкөніс секілді ауыл шаруашылығы өнімдері мен «Шымкент құс» ЖШС-нің тауарлары 20% жеңілдікпен сатылды. Ал, облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған Абай аудандық «Әжелер алқасы» мен мәдени орталықтар концерттік бағдарламасын ұсынды.

Мәдени шара аясында Кентау қалалық Жастар орталығында ардагерлер, дін, зиялы қауым өкілдері кездесіп, түрлі салалар бойынша пікір алмасты. Қос әкімдік басшылары тәжірибелерімен бөлісті.

Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев моноқаланың ерекшеліктерін атап өтті.

– Кентаудың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Қаланы газдандыру, халықты тұрғын үймен қамту, инфрақұрылымды дамыту секілді көптеген жұмыстар жүзеге асуда. Барлық сала бойынша тәжірибе алмассақ, біраз биікті бағындыратынымыз сөзсіз, – деді ол.

Ал, Абай ауданының әкімі Ахмет Татыбаев Кентау қаласын өзі басқарып отырған ауданмен салыстыра отырып, ұқсастықтың көп екенін жеткізді. Іс-шараның өтуіне қолдау білдірген қала басшылығына және жылы шыраймен қарсы алған Кентау жұртшылығына ризашылығын білдірді.

Кентау қаласы мен Абай ауданы арасында білім, мәдениет, руханият және экономикалық даму мен өндіріс саласында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Шымкенттіктер Кентау қалалық мұражайы, қалаға қарасты Қарнақ ауылындағы «Шаммат Ишан» мұражайы, орталық кітапхана жанынан ашылған «Рухани жаңғыру» орталығы және «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ның жұмысымен танысты.

Сондай-ақ, мерекелік гала-концерт ұйымдастырылып, шымкенттік өнерпаздар Кентау аспанын әсем әнге бөледі.

Кентау қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ