ҰСТАЗ ҰЛАҒАТЫ

Мамыр 15 / 2018

 

Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Елге барған сайын жүзінен мейірім шуағы төгіліп, әрдайым имандылық лебі есіп тұратын Қалмаханбет көкеме арнайы сәлем беремін. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде азаматтарды ұдайы ауызбіршілікке, ынтымаққа бастап, жастарға өнегелі өсиет айтып отырады. Жұрттың жетістігіне сүйсініп, кемшілігіне күйініп жүретін ауылдың дуалы ауыз ақсақалдарының бірі әрі бірегейі. «Ауылыңда қазыналы қартың болса, жазып қойған хатпен тең» демекші, жасы сексеннен асса да әлі ширақ. Оқығаны, көңілге тоқығаны көп қарияның айтары мол. Осындай ағалардың арқасында елдің шырқы бұзылмай, ырысы ұйып отыр.

 

Қалмаханбет Бертаев саналы ғұмырын жастарға білім беруге арнады. Бүгінде арнады деп айту оңай болғанымен, болашақ педагогтың өмір жолы асфальт жолдай тегіс болмағаны өзіне ғана аян. 1936 жылдың желтоқсан айында қазіргі Төлеби ауданы, Бейнеткеш елді мекенінде дүниеге келген ол осындағы бастауыш мектепті, Шымкент қаласындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектепті бітірді. Балалық шағын соғыс өрті жалмаған ол ерте есейді. Әкесі Бертай әскерге 1942 жылы алынып, сұм соғыстан қайтпай қалды. Отбасындағы ересегі өзі болған соң бұғанасы бекімей жатып, еңбекке араласты. Жесір ананың қолғанаты бола жүріп, жетім бала да жетілді. 1956 жылы жүргізушілер курсын бітіріп, еңбек жолын Қазығұрт ауданындағы Шарапхана МТС-інде жүргізуші болып бастады. Кейін Шымкенттегі №7 автобазада, Төлеби ауданы «Бірінші Мамыр» кеңшарында жүк автокөлігін жүргізді.

Көңіл түкпіріндегі оқуға құштарлық ақыры Шымкенттегі педагогикалық институтқа жетелеп әкелді. Оны 1965 жылы бітіріп, Бейнеткештегі Ыбырай Алтынсарин атындағы сегізжылдық мектепте физика және математика пәндерінен дәріс берді. Ал, жазғы каникул кездері аудандық «Радуга» пионер лагерін 10 жылдай абыройлы басқарды. Жас педагог тек сабақ берумен шектелмей, алдымен физика пәнін оқытуды жақсарту жолында көп ізденді. Атап айтқанда, кабинетті толық жабдықтап, кино қондырғы орнатты. Пән бойынша тақырыптық кино көрсетіп, оқушылардың физикаға деген құмарлықтарын арттырды. Сөйтіп, аудан бойынша алғаш рет физика кабинетін ашты.

Қалекең өнерге де бейім болды. Музыкалық білімін одан әрі жетілдіру үшін Шымкент қаласындағы бір айлық курсқа қатысып, нота үйренді. Мектепте домбырашылар үйірмесін ашып, екі жыл ішінде оркестр құрды. 1968 жылы аудан бойынша өткен көркемөнерпаздар байқауында бірінші орынды жеңіп алғанын екінің бірі біле бермес.

Білікті педагог жыл өткен сайын тәжірибесін шыңдап, іскерлік және ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында оқу ісінің меңгерушісі қызметіне дейін көтерілді. 1997 жылы құрметті демалысқа шықты. Ұстаздың ұзақ жылғы жемісті еңбегі елеусіз қалған жоқ. Аудандық оқу бөлімі, облыстық білім басқармасы тарапынан талай рет Алғыс хаттар алды. Ал, 1981 жылы Қазақ КСР Оқу министрлігінің Мақтау грамотасына ие болды. 2012 жылы Елбасының Алғыс хатымен марапатталды.

Еңбек ардагері, байырғы ұстаз үйде байыз тауып отыра алмады. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүрді. 2000 жылы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бұл жұмыстың да өзіндік проблемасы мен қиындығы аз емес. Қалекең өмірден жинақтаған тәжірибесі мен іскерлік қабілетіне сүйеніп, білек сыбана кірісті. Сөйтіп, көпшіліктің қолдауымен талай күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатып келеді. Атап айтқанда, 2004 жылы ауыл жолының әбден тозып кеткенін айтып, алдымен бұл мәселені аудан басшыларына құлаққағыс етті. Кейін сол кездегі облыс әкімі Болат Жылқышиевтің қабылдауына кірді. Ол кісі уәдесінде тұрды. Көп ұзамай сол жылы жазда арнайы қаржы бөлініп, ауыл арасындағы жол асфальтталды.

Бейнеткештіктер үшін бұрын ауызсу өте өзекті болатын. Қалекең бастаған қариялардың бата-бәтуасымен басталған оңды іс өз шешімін тапты. Аудан тарапынан пластикалық құбырлар бөлінді. Тау бөктеріндегі бастаудан ауызсу тарту үшін көшенің басынан аяғына дейін 6 шақырымдай арық қазу жүктелді. Әрбір үйге 16 метрден бекітіліп берілді. Жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын Қ.Бертаевтың өзі қадағалады. Бүгінде оның игілігін бүкіл ауыл тұрғындары көріп отыр.

Қалмаханбет көкем жұбайы Сапаркүл екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардан 28 немере, 6 шөбере сүйді. Сексен екі жасқа қараған қарияны ел-жұрты әрдайым құрметтейді. Өйткені, ұстаз болу – ұлы өнер.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ