Ауыл шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды

Мамыр 14 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде ҚР Үкімет басшысының орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен алқалы жиын өтті. Мәжілісте өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін суару және шегіртке зиянкестерінен қорғау мәселелері қаралды. Басқосуға облыс әкімі Ж.Түймебаев, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Г.Исаева және министрліктің комитет төрағалары мен Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Шығыс және Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумақтық инспекция басшылары, жергілікті шаруа қожалықтары төрағалары қатысты.

 

Жиында алғашқы болып сөз алған Ө.Шөкеев Қазақстанның географиялық орналасу ерекшеліктеріне қарай мелиорациялау мәселесі бірінші кезекте оңтүстік өңірлерде өзекті екендігін жеткізді.

«2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасында Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығы дақылдарынан жоғары және тұрақты өнім алу үшін жер және су ресурстарын пайдалануды арттыру мақсатында түрлі шаралар кешенін ұсынды. Атап айтқанда, гидрология, топырақ және агроклиматтық жағдайларды жақсарту» деді Өмірзақ Естайұлы.

Сонымен қатар, мәжілісте мелиорация жүйесінің мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы, Елбасы тапсырмасы аясында ирригация жүйесін қалпына келтіру және 600 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу бойынша өңірде алдағы уақытта атқарылатын шаралар да сөз болды.

Облыс әкімі Ж.Түймебаев аймақта суармалы жер көлемі ұлғайтылып, жобалар жаңа бағыт бойынша дамытылып жатқандығын жеткізді. Айталық, өңірде өткен жылы 570,4 мың гектар суармалы жердің 498,2 мың гектары пайдаланылған.

Былтыр өңірдегі ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 522,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 42 млрд. теңгеге артқан. Сондай-ақ, озық технологияларды қолдануда Оңтүстік Қазақстан облысы республикада көш бастап тұр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау жылдан-жылға ұлғайып келеді.

Басқосу барысында жергілікті шаруа қожалықтарының ұсыныстары тыңдалды. Шаруалар маусымда түрлі тыңайтқыштардың бағасын бақылауға алу керектігін айтып, озық технологияларға сай алынатын жабдықтарға берілетін мемлекеттік қолдауларға өзгерістер енгізуі қажеттігін сөз етті. Сондай-ақ, суармалы жерлерге судың керекті мөлшерде келуін қамтамасыз етілуін сұрады.

ҚР АШМ Су ресурстары жөніндегі комитеттің төрағасы Ислам Әбішев шаруалар сауалдарына жауап беріп, ұсыныстар министрлік тарапынан шешімін табатынын жеткізді.

Сонымен қатар, жиында шегіртке зиянкестерімен күресу жұмыстары талқыланды. Үйірлі шегірткеге қарсы жұмыстар оңтүстік өңірлерде ағымдағы жылдың 10 сәуірінен басталған. Оңтүстік Қазақстан облысында Марокко шегірткесіне қарсы күрес шаралары бойынша жоспарланған аумақтың 1/3 бөлігі өңделген. Өңірде биыл үйірлі шегірткелерге қарсы зерттеу жұмыстары 1 млн. 573 мың гектар аумаққа жүргізілсе, химиялық өңдеу іс-шаралары 350 мың гектарға жасалған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ