Экономика 0 пікір 1355 лайк

Болашақ үшін маңызы зор шара

Мамыр 14 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Кеше Көрме орталығында «Оңтүстік Қазақстан-Өзбек­стан» тоқыма өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі басталды. Екі күнге жалғасатын шараға тоқыма, киім және теріден жасалған өнімдер, фармацевтика, жиһаз, сувенирлер, спорттық тауарлар мен ойыншықтар өндіретін оңтүстікқазақстандық және өзбекстандық 60-қа жуық кәсіпорынның өнімдері қойылған.

 

Облыс әкімі Ж.Түймебаев көрме жұмысымен танысып, тауар өндірушілердің тіршілігінен, хал-жағдайынан хабардар болды. Өндіріс орындарының басшыларымен болған сұхбатта екі елдің өзара ынтымақтастық қарым-қатынасының және сауда-экономикалық байланысының бұдан әрі дами түсетініне сенім білдірді.

Өзбекстан Республикасы инновациялық даму министрлігінің өкілі Еркин Нарметов бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мақсатында өтіп жатқан көрменің болашақ үшін пайдасы мол болатынын айтады. «Өзбекстанның Қазақстандағы күндері аясында жоспарланған іс-шаралар шеңберінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың қатысуымен өтетін «Аймақтық ынтымақтастық және интеграция: өткізу нарығын кеңейту арқылы екі елдің кәсіпкерлерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» атты ғылыми-тәжірибелік «дөңгелек үстел» мәжілісінде бірқатар мәселелер талқыланады» деді ол.

Көрмеге көршілес ағайындар негізінен ерлер көйлегі мен тұрмыстық киімдер алып келіпті. Өзбекстандық 10-нан астам тауар өндіруші ұсынған тоқыма өнімдері оңтүстікқазақстандықтардың қызығушылығын тудырды. Жергілікті кәсіпорындар мен бизнес өкілдері қарым-қатынасты нығайту үшін байланыс нөмірлерін алмасты.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстан облысындағы мыңнан астам кәсіпорын мен мекеме сауда, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс және құрылыс материалдары, медицина мен білім саласында Өзбекстан кәсіпкерлерімен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Жалпы, өңірімізде 2 ірі кілем фабрикасы мен «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйымдары мен арнайы киім тігетін фабрикалар да көрмеге өз тауарларын қойған.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ