Тапсырмалар ойдағыдай орындалуда

Мамыр 14 / 2018

 

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізіп, өңірді дамытудың негізгі бағыттары және жұмыс сапарының қорытындылары бойынша облыс басшылығына берілген тапсырмалар жөнінде айтты.

 

– Менің тапсырмаларымның бәрі облыста толық орындалуда. Бұл өңірдегі жұмыстардың бастамасы жақсы деп санаймын. Үш жылда

3 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Тек былтырдың өзінде 35 мектеп салынды, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Бес әлеуметтік бастаманың» өңірдегі іске асырылу барысына оң баға беріп, облыстың туристік әлеуетін дамыту қажеттігі туралы айтты.

– Жұмыс сапарым барысында Алакөлге барып, оның туристік кластерімен таныстым. Барша қазақстандықтарға бізде тамаша демалыс орны бар екенін айтқым келеді. Бұл жер осыған дейін игерілмеген болатын. Оның инфрақұрылымы да, қонақүйлері де болмаған еді. Бүгінде бұл өңірде бизнес өкілдері белсенді түрде жұмыс істеуде. Көлдің жағасында әлемдік стандарттарға сай келетін бес жұлдызды қонақүй салынды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспарлары жөнінде әңгімеледі.

Сондай-ақ, Елбасы өңірдің негізгі экономикалық көрсеткіштері оң қарқын алып отырғанын атап өтіп, облыстың даму барысына тоқталды.

– Облыстың бүкіл экономикасы 3-4 ауданда шоғырланған. Оның өзі тек өнеркәсіпті қамтиды. Осы аудандар өңір экономикасының 70 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Басқа аудандар баяу дамуда, осы мәселеге назар аудару керек, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірде мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу секторын дамыту қажеттігін еске салды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ