Аспан асты, жер үсті 0 пікір 0 лайк

Базарлар мен сауда орындары талапқа сай болуы қажет

Мамыр 14 / 2018

 

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде өңір басшысы Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен сауда орындары мен базарларды заң талабына сай реттеу бойынша жиын өтті.

 

Өңір басшысы жалпы облыс бойынша 120 базар мен сауда орындары бар екенін айтып, оның басым көпшілігі тиісті нормативтік стандартқа сай келмейтінін атап өтті.

«Бүгінгі мәжіліс Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының базарларды тұрақты сауда объектілеріне көшіру нормаларын қолданысқа енгізу жөніндегі түбегейлі шараларды қабылдау» туралы арнайы тапсырмасының орындалуы бойынша өткізіліп отыр. Облыс орталығындағы және аудан, қалаларда орналасқан сауда орындары мен жалпы базарлардағы санитарлық талаптарды, коммуналдық шаруашылық, сәулет-құрылыс, заңсыз құрылыс, жерді өз бетінше басып алу, жерді нысаналы мақсатында пайдаланбау, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы және басқа да өзекті мәселелер талаптарға сай өз шешімін табуы тиіс» деді әкім.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова қаладағы 29 базардың 15-і Бас жоспарға сәйкес келмейтінін, ал, 14 базар құрылымдауды қажет ететінін мәлім етті. Сонымен қатар, ол Шымкент қаласының бөлшек сауда көлемі 329,1 млрд. теңгені құрайтынын, оның 69 пайызы шағын, орта және ірі сауда кәсіпорындарынан, ал, 31 пайызы базарларда жасалған саудадан түсетінін айтты.

Бұдан бөлек, ОҚО ТЖД бастығы Нұрболат Дербісов облыс және Шымкент қаласы аумағындағы сауда нысандарының өрт қауіпсіздігі жағдайы туралы баяндама жасады.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ж.Түймебаев барлық құзырлы органдар мен жауапты сала басшыларына базар жұмыстарын реттеу бағытындағы барлық заңдармен қаралған құқықтарын өз дәрежесінде қолдана отырып, белсенді түрде жұмыс істеуді, ондағы санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауды және базар маңындағы автотұрақ мәселесін реттеуді тапсырды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ