Әлеумет 0 пікір 0 лайк

Жоғары деңгейде өткізілді

Мамыр 14 / 2018

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

7 мамырда Шымкент әскери гарнизонында Отан қорғаушылар күні мерекесі жоғары деңгейде өткізілді. Оған ардагерлер мен Шым­кент қалалық мәслихаты депутаттары, әскери қызметкерлер және қала тұрғындары қатысты. Шеруді даңқы алысқа кеткен №35748 әскери бөлімінің сардарлары мен сарбаздары бастап жүрсе, ұлы қолбасшы Сабыр Рахымов атындағы «Жас Ұлан» әскери мектебінің жауынгерлері парадты түйіндеді.

 

Бойға қайрат сыйлаған шарада сонау сақ заманынан бастап қазіргі заманға дейінгі тарихымызды баяндайтын қысқаша көрініс көрсетілді. Отаншылдыққа шақыратын бұл көрініс жиналғандардың көңілін бір серпілтіп тастады.

Жиында Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев жұртшылықты Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.

Сарбаздарға тың серпін берген мерекеде бірқатар азаматтарға мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар тапсырылды. Дәлірек айтсақ, 5 азамат ҚР Қорғаныс минис-трінің «Мінсіз қызмет үшін» медалімен марапатталса, 13 әскери қызметкер ОҚО әкімінің грамотасымен, Алғыс хаттарымен марапатталды. Құрметке бөленгендердің арасында ОҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының бірінші орынбасары – жұмылдыру бөлімінің бастығы, полковник Тимур Бидайбеков, 35748 әскери бөлімінің прапорщигі Ержан Арыстанбеков секілді азаматтар бар.

Бұл күні өңіріміздегі арнайы жасақ сарбаздары түрлі әскери-тактикалық жаттығуларын көрсетсе, әншілер отаншылдық тақырыбындағы әндерін шырқады. Би ұжымдары әскери тақырыптағы әндерге сән қосып, мерекенің ажарын аша түсті.

Одан кейін салтанатты шараға қатысушылар Отар кентіндегі «Гвардейский» әскери полигонынан тікелей эфирде ұсынылған ҚР Қарулы Күштерінің парадын тамашалады. Мереке соңы жалпыхалықтық серуенге ұласты.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ