Біз Сізді мақтан етеміз

Мамыр 14 / 2018

 

Халқымызда «Ауылыңда қария болса, жазылып қойған хатпен тең» деген дана сөз бар. Қариялар қашан да еліміздегі береке мен бірліктің ұйытқысы, салт-дәстүрдің сақтаушысы болып келген. Бүгін мен әңгімелейін деп отырған асқар тау әкеміз, Отырар ауданының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері Сейдахан Дәуренбеков те ауыл-аймаққа сыйлы қария болып отыр.

 

Әкеміз 1926 жылы Отырар ауданы Үштам (бұрынғы Ақдала) ауылында туған. Балалық шағы елдегі қиын-қыстау кезеңмен тұспа-тұс келіп, өмір оны ерте есейтті. Еңбекке де ерте араласты. Жалғызбасты анасы Айымша әжемізге қолқанат болып, таңның атысы, күннің батысына дейін ұжымшар тірлігінің ортасында жүрді.

Зұлмат соғыс басталғанда әжеміз Айымша екі ұлын майданға аттандырып, сол екеуінің амандығын тілеп қала берді. «Соғыс даласында небір сұмдықтарды бастан кешірдік. Оқ тиіп, граната, мина жарылып, бомбалардың жарықшақтарынан қырылып жатқан солдаттарды көріп жүрегің ауырады» дейді әкеміз әңгімесінде.

Әкеміздің ағасы Мұхтар соғыстан оралмады. Хабар-ошарсыз кетті. 1945 жылдың 9 мамырында Жеңіс туы тігілгенде бүкіл ел бөркін аспанға атып қуанған. Алайда, соғыстан соң елге оралған сарбаздардың арасында әкеміз болмай шықты. Ол елге араға 5 жыл салып, 1950 жылы бір-ақ оралды.

Елге оралған соң әкеміз Түркістан теміржолында 1951-1959 жылдары кондуктор, 1959 жылдан бастап «Ынталы» ұжымшарында жүгері бригадирі, 1962-1985 жылдары осы ауданда орман шаруашылығында түрлі жауапты жұмыстар істеді. 1986 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Анамыз «Батыр ана» Болан екеуі 5 ұл, 7 қыз тәрбиелеп өсірген. Олардан 30 немере, 20-дан аса шөбере сүйді.

Біздің дәл бүгінгідей бақытты өмір сүруімізге үлес қосқан әкемізді мақтан етеміз. Ол әр сөзінде «Мен көрген қиындықты ұрпағым көрмесін. Бақытты ғұмыр кешсін» деп отырады. Сіз де аман болыңыз, әке! Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерейтойы құтты болсын! Еліміз бен жеріміз үшін қан төккен ерлердің ерлігі мен есімдері ұрпақ жадынан мәңгіге өшпесін!

Жазира ДӘУРЕНБЕКОВА.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ