Руханият 0 пікір 0 лайк

Мектептің тарихына арналды

Мамыр 14 / 2018

 

Ордабасы ауданындағы Жамбыл атындағы орта мектепке биыл 90 жыл толып отыр. 1926-1927 оқу жылында алғашқы шәкірттерін қабылдаған алтын ұя мектепте елімізге танымал тұлғалар – Кеңес Одағының Батыры Бейсен Оңтаев, қазақ сатирасының сардары Садықбек Адамбеков, белгілі ақын-жазушылар Нәмет Сүлейменов, Қосжан Мүсірепов, Бекен Әбдіразақов, мемлекет және қоғам қайраткері, драматург Дулат Исабеков, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі Пернебек Үсенбаев, биология ғылымдарының докторы, профессор Наштай Мұхитдинов, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, өнертану ғылымының кандидаты, доцент Бөрі Иса, КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Зиядин Исабеков, техника ғылымдарының докторы, ҚР Инженерлік академиясының академигі, «Ордабасы» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Ыдырысов, тағы басқалар тәлім-тәрбие алған.

 

Торқалы тойын атап өтіп отырған мектеп түлектері арасынан 5 ғылым докторы, профессор, 18 ғылым кандидаты, доценттер, 4 полковник, 2 әділет кеңесшісі, 8 подполковник, 3 КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, 4 ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 9 ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, 7 жоғары санатты дәрігер шыққанын мектеп мұғалімдері мақтаныш етеді.

Мерейлі мерекеде, яғни бүгін 12 мамыр күні өтетін жиында Жамбыл атындағы орта мектептің жаңа ғимаратының салтанатты ашылуы болады. Басты жаңалық, жиында мектеп тарихы мен есімдері мақтанышпен аталар түлектері туралы «Алтын ұя» кітабының тұсауы кесілмек. Сондай-ақ, «Киелі мекен» атты деректі фильмнің таныстырылымы өтеді. Мұның бәрі де кейінгі ұрпаққа тәлім боларлық, білім ұясының тарихы мен жетістігін баяндар баға жетпес құнды байлық екені сөзсіз.

 Үш тілде жарық көрген «Алтын ұя» кітабының авторы, мектептің 1997 жылғы түлегі – Ғалымжан Битұрсын. Кітаптың алғысөзін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының лауреаты, Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы жазса, ҚР ҰҒА президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Мұрат Жұрынов құттықтау лебізін білдірген.

Кітапта, сондай-ақ, елге белгілі тұлғалардың, мемлекет және қоғам қайраткерлері Нұрлан Оразалиннің, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаевтың, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Құлбек Ергөбектің, аталмыш мектептің 1956 жылғы түлегі Дулат Исабековтің мектеп тарихы, ондағы ұстаздар туралы мақалалары жарияланған.

Бірнеше бөлімнен тұратын кітапта ұстаздардың ерен еңбегі, озат шәкірттердің есімдері аталған. Ғалымжан Битұрсынның бұл кітабы мектеп пен ауыл, аудан, өлке тарихын зерттеуде, насихаттауда баға жетпес құнды еңбек болып табылады.

Баршагүл Исабек, ОҚМПУ-дің оқу және оқу-әдістемелік істер жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, «Дарынды жас ғалымдарға арналған» мемлекеттік стипендияның иегері, «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері, мектептің 1990 жылғы түлегі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ