Экономика 0 пікір 1342 лайк

Енді квадроцикл шығармақ

Мамыр 14 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттен шығатын ойыншықтар бүгінде елімізден бөлек шетелдерде де сатылымға түсе бастады. «Наурыз пластик» кәсіпорнының басшысы Рабиға Байтемірованың айтуынша, Қырғызстан, Әзірбайжан және Молдавия елдерінің кәсіпкерлерімен келісімшарт жүргізіліп жатыр.

 

2004 жылдан бері Иран, Қытай, Өзбекстан елдерінен кеңсе тауарлары мен ойыншықтар әкеліп сатумен айналысқан инженер-технолог Шухрат Юлдашев пен Рабиға Байтемірова «бұл өнімдерді өз елімізде неге шығармаймыз?» деген ойға келеді. Есептей келе ойыншық шығарудың тиімділігіне көздері жетеді.

15 жасынан бастап Қытайда білім алып жүрген Рабиғаның ұлы Наурызбек те олардың бұл ойын құптайды. Ол бұл кезде Қытай елінде оқып, бос уақытында ойыншық зауытында жұмыс істейтін. Бұл саланы терең меңгерген ол істен шыққан құрылғыларды да жөндей беретін.

Осылайша 2011 жылы Қытайдан бір қондырғы әкеліп, ойыншық машина шығарады. Алғашында жүрексінгенмен, жұмыс біртіндеп жандана бастайды. Шухрат Юлдашев ойыншық зауытының қыр-сырын меңгеру үшін 7-8 ай Қытайда жұмыс істеп те келеді. Сөйтіп, өз зауыттарын 2013 жылы толық іске қосты. Бүгінде ойыншықтың 20 шақты түрін шығарып отыр. Олардың қатарында «МАК» маркалы көліктің 4 түрі, шелектегі құрастырмалы ойыншықтың 4 түрі, шахмат пен дойбы да бар. Таяу күндері квадроцикл шығаруды жоспарлап отыр.

Мемлекет тарапынан қолдау да көрді. Алғашқы жылдары тұрақты мекені болмағанмен, екі жылдан бері «Оңтүстік» индустриалды аймағында кәсібін дөңгелетіп отыр. «Бұрындары «тауарымыз өте ме, өтпей ме?» деп уайымдаушы едік. Қазір, шүкір, тапсырыс көп» дейді кәсіпорын басшысы.

«Біздегі ең үлкен проблема – елімізде шикізаттың жоқтығы. Күн сайын тапсырыс берушілер қатары көбейіп жатыр. Алайда, Ресейден әкелінетін шикізат тез таусылып қалады» дейді инженер-технолог.

Кәсіпорын басшылығы ең алдымен балаға қандай ойыншық керек екенін зерттеп, оның психологиясына ену қажет екенін айтады. Ол үшін ойыншық сататын дүкенде сатушымен бірге біраз уақыт отыруға тура келеді. «Әр елдің баласының ойы әртүрлі. Біздің қазақстандық-тардың басым бөлігі ауылда тұрады. Оларға майда және тез сынып қалатын ойыншық ұнамайды. Біздің балалар көлемі үлкен ойыншыққа қызығады екен. Зерттеу барысында осыны аңғардық» дейді Шухрат Юлдашев.

Бүгінгі таңда зауыт айына 9 мың қорап ойыншық шығарып отыр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ