Экономика 0 пікір 0 лайк

Инвестиция жайлы бірер сөз

Мамыр 14 / 2018

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда отандық бизнестің дамуы көбінесе инвестицияға байланысты болып отыр. Алайда, көп жағдайда кәсіпкерлердің инвестиция туралы түсініктері әлі дұрыс қалыптаспағандығын мойындау керек. Инвестиция тарту жөнінен сарапшы Нұрбек Раевтың айтуынша, іскер азаматтар қосымша қаражат тартудан көп тартыншақтайды. Олар бизнесін жоғалтып алудан қорқады немесе несие инвестициядан арзан деген секілді көзқараста болады.

 

Бірақ, мұның бәрі негізсіз. Өйткені, көптеген әлемге танымал компаниялар, дамыған тұтас мемлекеттер осы инвестицияның арқасында өсіп-өркендеді. Сондықтан да, сарапшының пікірінше, кәсіпкерлер инвесторлармен қоян-қолтық араласып, қолға алмақшы болған жобасына немесе қолда бар бизнесіне батыл түрде инвестиция тарта берулері қажет. Ол үшін кәсіпкер бизнес жүргізудің қыр-сырын үйрететін арнайы мектепте қосымша білім алуы немесе осы іспен айналысатын білікті мамандардың кеңесіне жүгінуі тиіс.

Нұрбек Раевтың өзі де – инвестор. іKapіtalіst платформасы арқылы Қазақстандағы өсіп келе жатқан компанияларға инвестиция құяды. Macquarіe Іnfrastructure & Real Assets, WhіteHіll Kazakhstan компанияларының инвестиция жөніндегі директоры. Брюссельдегі Еуропалық комиссияның штаб-пәтерінде іс-тәжірибеден өткен. Sema Group бизнес ұйымында сарапшы болды. Іскерлік қабілетінің арқасында осы мекемеде жобаларды басқарушы, бизнесті дамыту бойынша менеджері қызметтеріне дейін көтерілді. Қазақстанның шақыртуымен 2004 жылы елге келіп, түрлі мемлекеттік органдарда қызмет атқарды. Соның ішінде

ҚР Сауда және өнеркәсіп вице-министрі қызметінде болып, өнеркәсіптің дамуына жетекшілік жасады.

Жалпы, инвестицияның төрт түрі болады. Біріншісі – стратегиялық. Оның қаражаты 20 млн. АҚШ долларынан басталады. Оған Еуропалық қайта құру және даму банкін жатқыза аламыз. Екіншісі – тікелей инвестициялық қорлар. Мұнда қаражат 5-20 млн. АҚШ доллары аралығын құрайды. Falah, CІTІC секілді компаниялар осы топқа кіреді. Үшіншісі – құрал-жабдық сатушы және құрылыс компаниялары. Бұған General Electrіc, Sіemens өнімдері мысал бола алады. Инвестиция көлемі мұнда 5 млн. АҚШ долларына дейін барады. Төртіншісі – 1 млн. АҚШ долларына дейін инвестиция құюға шамасы келетін жеке фирмалар.

Сарапшының айтуынша, Қазақ-

стандағы бизнес әлі қалыптасу сатысында жүр. Брендті тауарлар шығаратын ірі корпорациялар құру елімізде енді қанат жайып келеді. Мұндай кезеңді АҚШ өткен ғасырдың елуінші- алпысыншы жылдары бастан өткерген. Біз де ақырындап дамыған капиталистік мемлекеттердің жетістігіне қарай жақындаудамыз. Әлемдік нарықтағы, бизнестегі өмір заңдылықтары осыны талап етіп отыр.

Нұрбек Раев инвестиция тарту оңай шаруа емес екендігін айтады. Мәселен, біреу сізге қалталы телефонның тек өзін сатып алуды ұсынса, сіздің күдіктеніп қалатыныңыз рас. Ал, егер қуаттағышы, өзге де аксессуарлары мен құжаттары бар телефонды әдемі қорапшада ұсынса, ойыңызда ешқандай күдік-күмән қалмасы анық. Бизнесте де дәл солай. Инвестиция тарту үшін кәсіпкер кәсібі мен табысы туралы бүкіл мәліметті инвестордың алдына жайып салуы керек. Инвесторлар арасында жазылмаған бір заңдылық бар. Егер кәсіпкерден іс барысында бір шикіліктер табылса, ондай азамат «қара тізімге» ілінеді де болашақта ол кәсіпкермен ешқандай инвестор байланыспайды. Сол үшін инвестиция саласында алдау, қулық-сұмдық әрекеттер өте кем. Сондай-ақ, сарапшы тендермен табыс табатын компанияларға инвесторлар аса қызығушылық танытпайтынын айтады. Өйткені, ертең тендер болмай қалса, компанияның да жұмысы тоқтайды. Сондықтан да нарықтық экономикаға негізделген бизнеспен айналысуға кеңес береді. Қаржылық, экономикалық қиындықтар кезінде табысы тендерге тәуелді емес бизнес қана кәсіпкерді құтқарып қалады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ