Жаңа есімдер жарқырай көрінді

Мамыр 05 / 2018

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған дәстүрлі турнирге – 60 жыл!

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Күңгей өңірдің балуандары мен жанкүйерлері көктем шыға елеңдей бастайды. Құдды Олимпиада ойындарына баратын адамдай дайындықтарын күшейте түседі. Себебі, жыл сайын мамыр айында облыста қазақ күресінен «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің жүлдесіне арналған жарыс өтеді. Биыл 3 мамыр күні дәстүрлі турнир түркі әлемінің астанасы, Алаштың абыройы – Түркістан қаласында шымылдығын түрді. Қазақтың даңқты балуаны Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде ұйымдастырылған додаға облысымыздың түкпір-түкпірінен құрамында 80-нен астам спортшы бар 12 команда қатысты.

Сайыстың ашылу салтанатында Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев бұл турнирдің ұлтымызға жігер беретін игі бастама екенін атап өтті.

– Биыл «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнирдің өткізіле бастағанына 60 жыл толыпты. Осы мерейтойлық турнирдің Түркістан қаласына дөп түскеніне қуаныштымын. Қазір елімізде «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» додалары мен әлем, құрлық чемпионаттары өткізіліп жүр. Ұлттық спортымыз әлемдік деңгейде насихаттала бастады. Енді қазақ күресін Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізу бағытында жұмыстар қолға алынуда. Ал, осы жұмыстардың басында «Оңтүстік Қазақстан» газеті мен осы басылымның турнирі тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Сондықтан ұлттық спортты насихаттап отырған газет ұжымына алғыс айтамын. Біз де өз тарапымыздан биылғы турнирді ұйымдастыруға ықыласпен атсалысып жатқан жайымыз бар. Спортшыларға сәттілік тілеймін! – деді ол.

Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақыт Ахымбетов турнирдің тарихы тереңде екеніне тоқталып, шын мықтылар жеңіске жете берсін деген лебізін білдірді.

Қазақстанның құрметті журналисі Байдулла Қонысбек «Қазақ елінің шаңырағы шайқалмасын, керегесі майыспасын, Қазақстанымыз бен Түркістанымыз өсіп-өркендеп, жүректі де білекті қарадомалақтардың саны арта берсін! Бүгінгі жарысқа қатысып, ел мәртебесін арттыруға үлес қосып жатқан спортшыларымыздың беделі биік, жеңісі мол болсын! Ұлттық спортты ұлықтаған «Оңтүстік Қазақстан» газетінің абыройы асып, таралымы көбейіп, оқырмандары молайып, еліміздің рухани азығына лайықты үлесін қоса берсін!» деген тілегін айтып, ақ батасын берді. Ал, белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт «Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды балуандар тек спортқа емес, мәдениет пен өнерге, руханиятқа жақын жандар болған. Қазіргі жас балуандар да сол аталарынан үлгі алып, қазақ ұлты үшін аянбайтын, жан-дүниесі бай, рухани байлықты да бойға сіңірген намысты азаматтар болса екен» деген тілегін жеткізді.

Сондай-ақ, ОҚО қазақ күресі федерациясының төрағасы Болат Қырықбаев, Түркістан аудандық мәслихатының хатшысы Ғаппар Сәрсенбаев, ҚР Журналистер одағы ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова да қара шаңырақ басылымның ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүргенін тілге тиек етіп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Түркістандағы турнирге қатысушыларға кеше ғана жарық көрген, әлі сиясы кеппеген «Қара шаңырақ және қазақ күресі» атты кітап таратылды. Бұл кітапта сонау 1958 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі жеңімпаздар мен жүлдегерлер туралы мақалалар топтастырылған. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажанның идеясымен жарық көрген кітапты құрастырушы – белгілі журналист Суханберді Оразалыұлы. Биыл 60 жыл толып отырған дәстүрлі турнирдің шежіресі деп есептелетін кітапта тамаша естеліктер мен мәліметтер, тарихи суреттер бар. Бұл – ұлттық спортты дәріптеу жолында еңбек етіп жүрген жандар мен осы додаға қатысқан спортшылар үшін тамаша тарту болды.

Ал, енді жарыс нәтижелеріне тоқталсақ, биылғы турнир жас таланттар мен жаңа есімдердің жарқырай көрінуімен есте қалды. Талай жарыстарда жауырыны жер иіскемеген атақты спортшылардан үрку, қорқу дегенді білмейтін жас балуандарды көріп, көңіл сүйсінді. 60 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Аманхан Өскенбаевтың мерейі үстем болды. Екінші орынды ОҚМПУ балуаны Дәулет Ниетбай еншіледі. Дәулеттің финалда сүрінуін күтпеген оқиға деуге негіз бар. Себебі, ол талай додаларда топ жарған оғлан. Қола жүлделерді Сүйіндік Жұманов (ОҚМПУ) мен Алмас Қамалов (Мақтаарал) еншіледі.

66 келіде түркістандық Дулат Хамза қарсылас шыдатпады. Күміс – Олжас Лесбекке (Ордабасы), қола жүлделер – Атабек Әмірәлі (ОҚМПУ) мен Дауылбай Оспанға (Ордабасы) бұйырды. Бұл жігіттер де күрес әлеміндегі белестерге енді ғана құлаш ұрған азаматтар екен.

74 келіде бәйдібектік балуан Қасымхан Төленбай жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Алдыңғы жылдары да осы турнирде олжа салып жүрген Қасымхан жарыс қожайындарынан басым түсті. Екінші орынға түркістандық Рамазан Дарханбай ие болса, үшінші орындарға Ерболат Омарқұл (Түркістан) мен Еркін Жарқынбек (Түркістан) ие болды.

82 келіде Ордабасының отты жігіті Әбдіқасым Сахан топ жарды. Екінші орынға ОҚМПУ балуаны Бақытжан Барбанов ие болса, қола медальдарды Аян Ермекбаев (Шымкент) пен Ернар Байжігіт (Шымкент) кеуделерінде жарқыратты.

90 келіде шардаралық Ерсұлтан Мұзаппаров тағы да чемпион болды. Екінші орынды ордабасылық өрен Әділжан Ыстыбаев жеңіп алды. Үшінші орындар Алмаз Шакаров (Шымкент) пен Айбек Садыққа (Отырар) бұйырды.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде Ерлан Нұрманов жеңімпаз атанды. Түркістанның жас балуаны ауыр салмақ дәрежесінде облыс намысын абыроймен қорғауға жарап қалғанын аңғартты. Оның жерлесі Нышанбай Құдайбергенов екінші орынды қанағат тұтса, қола жүлделер Бақдәулет Абызов (Шардара) пен Сәулет Абдусалиховтың (ОҚМПУ) еншісінде кетті. Командалық есепте Қуанышбек Наханов бастап келген Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің командасы топ жарды. Университет ректоры Оңалбай Аяшевтың спорт саласына жанашырлығы жеңісті жолға жалғасты. Екінші орынға Түркістан қаласының балуандары ие болса, үшінші орындарға Шардара және Ордабасы аудандарының балуандары шықты. Командаларға кубок пен Алғыс хаттар табыс етілді. Әр салмақ дәрежесінде жеңімпаз және жүлдегер атанған спортшыларға диплом, медаль, Алғыс хат және ақшалай сыйлық пен құнды кітаптар сыйға тартылды.

Жұртшылықтың асыға күтетіні түйе балуандар сайысы екені даусыз. Бұрын қомақты сыйлық берілмесе де, балуандар абырой үшін күресетін. Ал, бірнеше жылдан бері жеңімпазға «темір тұлпар» тігіле бастағалы доданың бәсі арта түсті. Аудан әкімдері арасынан алғаш болып кезінде Созақ ауданын басқарған Созақбай Әбдіқұлов автокөлік тіккен-ді. Сол үрдіс жалғасын тауып келе жатыр. Түркістан қаласы әкімдігі де бас жүлдеге бір «темір тұлпар» атапты.

Нағыз апайтөс арыстандардың бәсекесіне 19 балуан қатысты. Биылғы бәсекеге Жұманазар Ерсұлтанов, Ержан Дүйсенбеков, Сабыржан Әбілдаұлы сынды аса ауыр салмақтағы жігіттер қатысқан жоқ. Сондықтан өзге де мықтыларға топ жаруға тамаша мүмкіндік туды. Бір ерекшелігі, жартылай финалға Шардара ауданының үш спортшысы шықты. Атап айтсақ, Сәкен Бөлегенов, Қайсар Шамшидин және Ерсұлтан Мұзаппаров іріктеуден іркілмей өтті. Сонымен қатар, былтыр «Оңтүстік Қазақстан» газеті турнирінің «түйе балуаны» атанған ордабасылық Әділжан Ыстыбаев та бас жүлдеге таласты.

Жартылай финалда Қайсар Шамшидин ауылдас ағасы Сәкен Бөлегеновтің осал тұсын тапты. Жасы отыздың бел ортасынан асып кеткен Сәкеннің жартылай финалға жетуінің өзі мақтауға тұрарлық. Екінші жұпта Әділжан Ыстыбаев пен Ерсұлтан Мұзаппаров өте тартысты кездесу өткізді. Бір-бірінің әдіс-тәсілдерін өте жақсы білетін жігіттер бастапқыда әдіс жасауға асықпай, аңдысып жүріп алды. Кезек-кезек ескерту алды. Реті келсе шабуылдауға тырысқанымен, екеуі де қорғанысқа сақ болды. Тек бүк ұпайын алумен шектелді. Негізгі 5 минутта бір-бірін ала алмаған сыралғы қарсыластар белдесуге түсті. Бір-бірінің белбеуінен тас қылып ұстап алған атан жілікті апайтөс жігіттер боз кілем ортасында күш сынасты. Ұрымтал сәтте Ерсұлтан жұлқи тартып қалып еді, Әділжанның тізесі жерге тиіп кетті. Сөйтіп, Ерсұлтан финалға шықты.

Қола жүлде үшін болған кездесуде Әділжан Ыстыбаев көп күш жұмсап, Сәкен Бөлегеновті жеңді.

Финалдық кездесуде Қайсар Шамшиддин мен Ерсұлтан Мұзаппаров керемет айла-тәсіл жасады дей алмайсың. «Бүк» ұпайымен ғана шектелумен болды. Қайсар өз салмағының 10 келідей ауыр екенін пайдаланып, қарсыласын тықсырып, жұлқылап, құлатуға тырысты. Ал, Ерсұлтан Мұзаппаров өзінің салқындандылығынан танған жоқ. Әдіс жасамайтындай көрініп, ойламаған жерден қарсыласты жұлып түсіретін айлалы балуан бұл жолы да ерледі. Қарсыласын бірнеше рет шалып жығып, аз ғана басымдықпен жеңіске жетті. Сөйтіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған 2018 жылғы турнирдің «түйе балуаны» атанды. Ерсұлтан бұл шыңды бағындыру үшін небір мықтыларды жеңіп шықты. Мәселен, Ерлан Нұрманов, Сәулет Абдусалихов сынды өзінен салмағы әлдеқайда ауыр алыптарды жықты. Темірландық тарлан, әлем чемпионы Ыстыбаевтан басым түсті. «Азамат екенсің!» деп айтуға тұрарлық жігіттің өзі!

Жеңімпазға «темір тұлпардың» кілтін Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев пен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің директор-бас редакторы Абай Балажан тапсырды. Бас редактор Абай Балажан «Бір жыл бойы дайындалған жарыстың нүктесі қойылды. Өте әдемі дода болды. Спортшыларға, олардың бапкерлеріне, төрешілер мен Түркістан қаласы әкімдігіне, Түркістан жұртшылығына шын жүректен алғыс айтамыз. Қара шаңырақ басылымдағы кешегі аға-апаларымыздың игі бастамасы, ұлт руханиятына деген құрмет әрдайым жалғасын таба береді» деп жарысты ұйымдастыруға айрықша үлес қосқан Түркістан қаласының әкімдігі мен Түркістан қалалық денешынықтыру және спорт бөліміне редакция атынан Алғыс хат тапсырды.

Осылайша, Мағжан ақын «Екі дүние есігі» деп жырлаған, Әбдісалан мен Октябрьдей ұлы спортшыларды баптаған, Бекзаттай жұлдызды алтын медальмен аптаған, ұлдары ел сенімін ақтаған, қыздары абыройды сақтаған, күллі қазақтың қасиетті ордасы – Түркістандағы дода да тарих қойнауына еніп кете барды. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесіне арналған турнирді келесі жылы Кентау қаласы өткізетін болды. Осы турнирге арнайы келген Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев жарыс эстафетасын кенді шаһарға алып кетті. Ендеше, «Оңтүстік Қазақстанның» кезекті турнирінде кездескенше, ағайын! Қазақ ұлтының керуені, қазақ күресінің әлемдік сапары тоқтамағай!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ