"Ордабасы" - кубок иегері!

Мамыр 05 / 2018

 

Ғабит САПАРБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

 

Жуырда футболдан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында халықаралық жарыс өтті. Оған еліміздің барлық облыстарынан және Қырғызстаннан жиырмадан астам команда қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында спорт ардагері, даңқты бапкер Махамбет Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, жас өрендерге сәттілік тіледі. Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне және Қазақстан Республикасындағы Өзбекстан жылына орай ұйымдастырылған сайыста 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер бақ сынады. Кездесулер тартысқа толы болды. Нәтижесінде бірінші орынды «Ордабасы» командасының ізбасарлары еншіледі. Екінші орынды «Қайрат» академиясының сайыпқырандары олжаласа, қола жүлде Жамбыл облысынан келген командаға бұйырды. Жүлдегерлерге медаль, кубок және сыйлықтар тапсырылды.

Жарысты Оңтүстік Қазақстан облысының футболдан олимпиада резервін даярлайтын балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің ұжымы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Аталған спорт мектебінің директоры Ермек Дәрменов «Балалар футболын дамыту арқылы ел футболы еңсе тіктейді. Мақсатымыз – жасөспірімдерді үлкен спортқа баулып, қадамдарын нығайту. Дұрыс қолдау көрсетілсе, осы өрендердің арасынан болашақ футбол жұлдыздары шығатынына сенемін. Тәуелсіздік алғалы елімізде осы спорт түрін дамыту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. УЕФА-ға өтіп, клубтарымыздың деңгейі өсті. Қазақ футболының болашағы алда!» дей келе, мұндай додалар жиі ұйымдастырылатынын жеткізді.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ