Заң-заман 0 пікір 1317 лайк

Заң қатаң сақталуы тиіс

Мамыр 05 / 2018

 

ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті тарапынан жыл басында тәуекел бейіндеріне жататын деректерге жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша облыстағы 10 бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен жыл соңында аударылған күмәнді төлемдерге аудит жүргізілді. Шара барысында барлығында да бұзушылықтардың орын алғаны анықталды.

 

Нақтырақ айтқанда, Шымкент қаласының құрылыс бөлімінде, Мақтаарал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, Түркістан қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде, Сарыағаш, Түлкібас, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек аудандары және Кентау, Арыс қалаларының білім бөлімдерінде жеткізілмеген тауарларға және орындалмаған жұмыстарға төлем жасау тәуекелі расталды.

Шымкент қаласындағы 5 тұрғын үйдің құрылысы бойынша Шымкент қаласының құрылыс бөлімі мердігерлерге орындалмаған жұмыстарға негізсіз бюджет қаражаттарын аударып жіберген, яғни 143209,5 мың теңге болатын заң бұзушылықтарға жол берген.

Мақтаарал ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде Жетісай қаласының канализация тораптары және ғимараттарының ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстарына жүргізілген аудитпен анықталған кемшіліктер бар. Мердігер тарапынан орындалған жұмыстар бойынша 2017 жылы желтоқсан айында орындалған құрылыс нысаны бойынша ф-№2 актісі және ф-№3 анықтама актілерін – барлығы 23086,8 мың теңгеге толтырып, тапсырма ұсынушы қабылдап, қол қойып мөр басқан. Аталған актілерге «Фараб құрылыс» ЖШС қабылдап, техникалық қадағалаушы ретінде қол қойып мөр басқан. Осы орындалған жұмыстар бойынша 2017 жылы мекеме мердігерге 2017 жылғы 27 желтоқсанда төлем құжатымен құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, қабылдап алынғаннан кейін 23086, 8 мың теңге аударылған.

Аудитор бақылау өлшемі актісін жасап, нәтижесінде Жетісай қаласының канализация тораптары және ғимараттарының ішкі орамдық жүйелерінің құрылыс жұмыстары бойынша асфальттау-бетондау жұмыстарының 1179,9 мың теңгеге орындалмағаны анықталды.

Осы тектес заң бұзушылықтар Түркістан қаласында да орын алып отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде Түркістан қаласындағы «Тәуке хан даңғылындағы ирригациялық арықша мен жарықтандыру жүйесін күрделі жөндеу» және Түркістан қаласы, №14 мектеп көшесінің аяқ жол және көшені жарықтандыру көздерін ағымдағы жөндеу жұмыстарына, Түркістан қаласы, №1, №2 шағын аудандағы көп қабатты үйлердің ауласына күл-қоқыс алаңшасы мен күл-қоқыс жәшіктерін орнату және трансформаторлар орнату үшін барлығы 24 330,3 мың теңгеге орындалмаған жұмыстар бойынша заң бұзушылық фактілері орын алған.

Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №20 Амангелді атындағы жалпы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына жүргізілген аудит барысында 2018 жылы 15 қаңтарда мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына бақылау өлшемі актісі жасалып, нәтижесінде жалпы сомасы 2473,3 мың теңгенің жұмыстарының орындалмағаны анықталды.

Түлкібас, Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек аудандары мен Кентау, Арыс қалаларының білім бөлімдері тараптарынан әрқайсысы бөлек «Интерлаб» (Іnterlab)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында мектептерге робототехника кабинетін мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттары түзіліп, шарт бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімі сақталмай, мердігерге шын мәнінде жеткізілмеген тауарларға, орындалмаған жұмыстарға, көрсетпеген қызметтерге тапсырыс берушілер қаржыны алдын-ала негізсіз толығымен аударып жіберген. Аудит объектілеріне қарасты білім мекемелерінде робототехника кабинеттерінің заттарына түгендеу жұмыстары «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен жүргізіліп, аудит барысында барлығы 107 112,5 мың теңге сомасында заттардың жеткізілмегендігі анықталған. Бүгінге дейін 7 ауданның 46 мектебінде робототехника кабинеттері толығымен жеткізілмеген, орнатылмаған, іске қосылмаған.

Сондай-ақ, Түлкібас ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен «Іnterlab» ЖШС-і арасында мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарты 34298,5 мың теңгеге түзілген. Абай атындағы мектеп-лицейі, Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясы мен А.Макаренко, С.Сейфуллин, Рыбалко және Ю.Гагарин атындағы жалпы орта мектептеріне робототехника кабинетін сатып алу шарты бойынша тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімі 2017 жылдың 25 желтоқсанына дейін деп көрсетілген. Мердігердің 2017 жылғы 27 желтоқсандағы шот-фактурасы мен тауар құжатымен мектептеріне робототехника кабинеттеріне сатып алынған тауарларға 2017 жылы 27 желтоқсанда 34298,5 мың теңгеге тауар құжатын ұсынып, тапсырыс беруші қол қойып, мөр басып қабылдап алған.

Мекеме тарапынан мердігерге 2017 жылы 27 желтоқсанда төлем шотымен робототехникалық кабинеттер сатып алу үшін жалпы 34298,5 мың теңгенің қаржысы жасақталмаған робототехникаға негізсіз толығымен аударылып берілген. Алайда, 2017 жылдың желтоқсан айындағы тауар құжатында көрсетілген тауарларға жалпы орта мектептеріне «Нұр Отан» партиясының Түлкібас аудандық филиалы өкілінің қатысуымен жүргізілген түгендеу барысында осы 6 мектепке 22389,8 мың теңгені құрайтын тауарлар жеткізілмесе де мекеме негізсіз 34298,5 мың теңге қаржыны толығымен алдын-ала аударып жіберген.

Жоғарыда көрсетілген заң бұзушылықтар Кентау, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Созақ, Қазығұрт, Бәйдібек аудандары білім бөлімдерінде де орын алған.

Д.МАМБЕКОВА, ОҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ