Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Соттар түнде де жұмыс істейді

Мамыр 03 / 2018

 

Облыстық  сотта «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асыруға арналған «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Онда әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді кешкі уақытта қарауды енгізуге байланысты Жоғарғы сот ұсынған «Түнгі сот» пилоттық жобасының мәселелері талқыланды.

 

Жиынға модераторлық жасаған ОҚО сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Түгел Бекімбетов мәселенің маңыздылығына назар аударып, түнгі сотты енгізудегі басты мақсат – азаматтардың құқықтарын  қорғауды  қамтамасыз ету және істерді қарауды жеделдету екендігін айтты.

Басқосуда облыстық соттың судьясы Гүлмира Қыдырбаева «Түнгі сотта» жол-көлік оқиғалары бойынша кейінге қалдыруға болмайтын істерді аптасына 4 рет қарайтын Сингапур тәжірибесін енгізудің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан көлік құралдарына зиян келтіру немесе өзге мүлікке материалдық шығын келтіру деректері көбейген. Бұдан бөлек отбасылық-тұрмыстық жағдайларға, ұсақ бұзақылыққа қатысты істердің саны көбейген. Жаңа пилоттық жоба осының алдын алуды көздейді. Мұндай сот тараптардың жауапкершілігін көтеріп, келтірілген зиянның орнын толтыру мәселелерін жылдам шешуге, уақытты үнемдеуге мүмкіндік бермек.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы А.Оспанова «Істі қараудан бұрын түнгі сотта тараптар (жәбірленуші, құқық бұзушы) өз өкілдерімен бірге жол-көлік оқиғалары бойынша сұрақтар берілген сауалнаманы толтырады. Барлық наразылықтар түнгі сотта бір талқылаудың ішінде жылдам шешіледі. Шетелдік тәжірибеге сүйенетін болсақ, осыдан кейін тараптар одан әрі дауласу райынан қайтады деген ойдамыз»  деді.

Облыстық ішкі істер департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкері А.Тастанбеков жол-көлік оқиғасы мен отбасылық-тұрмыстық қатынастар, ұсақ бұзақылық істер бойынша статистикалық мәліметтерді алға тартып, жол-көлік оқиғаларына қатысты әкімшілік істерді қалыптастыру және жөнелту мәселелері бойынша өз пікірін білдіріп, ойын ортаға салды.

 Мәжіліс соңында қатысушылар «Түнгі сот» пилоттық жобасын іске асырудың қажеттілігі туралы өзара ортақ пікірге келіп, оның қорытындысы бойынша пилоттық жобаны енгізуге қатысты бірқатар ұсыныстар әзірледі.

Қабыл  ДҮЙСЕНБИ, облыстық соттың бөлім басшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ