Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Көлігіңiз ұрлықы болып шықпасын...

Мамыр 03 / 2018

 

Былтыр  «Сот сараптамалары орталығының» РМҚК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша сот сараптамалық институты 490 трасологиялық сараптама  жүргізді. Оның ішінде автокөліктердің шанақ (кузов) нөмірлерін зерттеу түрі бойынша 158 сараптама атқарылған. Бұдан өзге автокөліктердің ұрлану фактілері бойынша көптеген сараптамалар тағайындалады. Осы арқылы заңсыздықтар анықталады.

Мәселен, кейбір автокөліктердің шанақ нөмірлері жалған болса, кейбірінің нөмірлері қайталанып жатады. Осыған орай, шетелден әкелініп жатқан жаңа  автокөліктерді  тіркеу барысында шанақтарының жекеленген нөмірлері бойынша сәйкестіктері анықталып, арнайы зерттеуден өтуде.

Бүгінде шетелдік және отандық автокөлік санының едәуір өсуіне байланысты  оларды заңсыз иемдену және ұрлау қылмыстарының саны өсті. Автобизнес саласындағы алаяқтар мен қылмыстық топтар  неше  түрлі  айла-шарғыны  меңгерген.  Тіпті,  жаңа  іздеу  жүйесі мен дабыл орнатылса да, қымбат тұратын шетелдік автокөліктер жиі ұрлануда. Шанақтарының (кузов) жеке нөмірлерін өзгерту, жалпы, автокөлікке қатысты таңбалар мен мәліметтерді өзгерту, бастапқы нөмірлерді жойып жіберу ұрыларға түк те қиын емес.

Қылмыскер көбінесе ескірген немесе апаттық жағдайға түскен көліктерді техникалық құжаттарымен бірге сатып алып, сол құжатта көрсетілген мәліметтерге түр-түсі, маркасы сәйкес келетін автокөліктерді ұрлайды. Содан кейін оның жарамды шанақ немесе шассиінің нөмірлік алаңшаларын кесіп алып, ұрланған автокөліктің сәйкесінше аталынған бөліктерінің нөмірлік алаңшасы орнына слесарьлық жолмен ауыстырып қояды немесе алаңшаның беткі қабатына  бекітеді. Бұдан ары әрлеу жұмыстары жасалынып, нөмірлік алаңша беті қажетті бояумен боялады. Сөйтіп, қылмысының ізін жасырады. Мұндай қылмыстарды тек арнайы сараптама арқылы анықтайды. Мұндай сот трасологиялық зерттеулер ОҚО бойынша «Сот сараптама орталығында» жүргізіледі.

Егер сатып алған «темір тұлпарыңыздың» шанақ нөмірі күмән тудыратын болса, жергілікті полиция бөлімдеріне арыздануға  құқылысыз. Сондай-ақ, біздің мекемеге келіп, өтініш жазып, келісімшартқа тұру арқылы автокөлігіңізді толыққанды зерттеуден өткізіп, қорытындысын алу мүмкіндігіңіз бар.

Автокөлік шанағының түпнұсқалығын анықтайтын қызметтің құны ҚР Әділет министрлігі бекіткен бағалар көрсеткішіне сәйкес 74 275 теңгені құрайды.

Ж.РАҚЫМБАЕВ, ОҚО бойынша сот сараптамасы институтының бас сарапшысы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ