Заң-заман 0 пікір 0 лайк

Ауылдастары Ғафурға сенеді

Мамыр 03 / 2018

 

Базаргүл ҚАЛБЫР, «Оңтүстік Қазақстан».

Ол Ресейдің Брянск облысында екі жыл әскери борышын өтеп, взвод командирі болып оралды. 1992 жылдың күзінде Арыс қалалық ішкі істер бөліміне жүргізуші болып орналасты. Сол кезден бастап Ғафур Бейсеновтің полиция қызметіне деген қызығушылығы артты. Небір қылмыстың беті ашылғанда полиция қызметкерлерінің де, жәбірленушінің де қуанғанын көру керемет қой, шіркін! Жас жігіттің «тұрғындар сенім артқан полиция қызметкері болсам» деген арманы оны Түркістандағы  Қ.А.Ясауи  атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің құқықтану факультетіне сырттай оқуға алып келді. Оны ойдағыдай тәмамдап, 2001 жылдан бері Арыс қаласына қарасты Ақдала мен Дермене ауылдарында учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарып келеді.

Өз ісіне адал Ғафур Кеңесұлы «Ішкі істер министрлігінің үздігі» де атанды. Бұл марапат оған тектен-тек берілмегені ақиқат. Қоғамдық тәртіпті сақтап, тұрғындар арасында заңдылықты нығайту жолында талмай жұмыс атқарғанының жемісі. Талай қылмыстың ашылуына да ықпалын тигізді. Бірде Дермене ауылдық округіне қарасты Саналы елді мекеніндегі бір үйдің 27 сиыры жайылымнан жоғалғаны туралы хабар түседі. Ауылда тұрғындар «Делегат» деп атап кеткен қара жол бар. Байқаса, атқа мінген ұрылар сиырларды сол жолмен айдап әкеліп, дөңестеу жерге қойылған көлікке  артып алып кеткен. Он жыл жүргізуші болған Ғафур көлік дөңгелегіне қарап оның шетелдік «MAN» жүк  көлігі екенін анықтады. Үш айға созылған  еңбектің нәтижесінде Түркістан мен Төрткүл, Отырар өңірінің тумаларынан құралған қарақшылық топ қолға түсті. Ақша болады-ау деген ірілерін Түркістандағы мал базарында сатса, арықтарын  бір қораға қамап қойған. Қарақшылар сот арқылы тиісті жазасын алды.

Ақдала мен Дермене ауылдары Арыс пен Сырдария өзендеріне жақын орналасқандықтан, мал қысы-жазы тоғайда жайылады. Кей тұрғындар жылқылары мен сиырларын тоғайға айдап жібереді де, он-он бес шақты күнде бір рет қана барып көреді. Сондықтан, кейде малының қашан жоғалғанын да нақты білмей жатады. Үкіметіміз ауылдық жерлерде белең алған мал ұрлығын тоқтату үшін «2015-2017 жылдарда мал ұрлығына тиімді тосқауыл» бағдарламасын іске қосты. Прокуратура, әкімшілік қызметкерлерімен бірлесіп, мал құлағына сырға салу, ықтиятты болу туралы талай рет түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осы іс-шаралардың мал ұрлығын анықтау кезінде пайдасын тигізгені бар. Желтоқсан айында Сырдария жағасындағы тоғайдан бес сиыр жоғалады. Осыған байланысты Қарабұлақтағы, Түркістандағы ірі мал базарларын айтпағанда, барлық ұсақ базарлар тексерілді. «Көрдім, білдім» деген дыбыс жоқ. Қызық болғанда, Арыс қаласының ветеринарлық бөліміне Түлкібас ауданынан біреу «мен сиыр сатып алып едім, сіздерде сырғаланған екен, соны есептен шығарып берсеңіз» деп телефон шалады. Бұл жақтан ол сиырдың түрі, түсі қандай деген сауал қойылған соң күдіктенген алымсақ оны Жамбыл облысының Жуалы ауданында тұратын біреуге сатып жібереді. Бұлар қақаған қыста көрші облысқа мал иесін алып барып көргенде, сол іздеп жүрген сиырдың бірі екені анықталады. Мал бес-алты адамның қолынан өткен. Қызық болғанда, ұры мал иесінің жиені болып шықты. Өйткені, ең бірінші сатып алушы «қателеспесем, малды осы жігіттен сатып алдым» дейді. Сол күні оның қайда болғанын анықтағанда, базарда мал сатқаны белгілі болды. Ғафур қызмет барысында адам сене бермейтін осындай  оқиғаларға тап болғанын да әңгімелейді. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, қоғам тыныштығын сақтап жүрген мақтаулы полицейдің ұлы Бағдат Кеңес Арыс қаласы теміржол полиция бөлімшесінде полиция сержанты болып қызмет істеп жүр.         

«Қазіргі таңда «2018-2020 жылдарда мал ұрлығына тиімді тосқауыл» бағдарламасы аясында жұмыстар жалғасын табуда.  Өкініштісі, аумақтағы учаскелік полиция бөлімшесіне көліктің жеткілікті бөлінбеуі әжептәуір қиындық туғызады» дейді  полиция майоры Ғафур  Бейсенов.  Ол  өз  қызметін  адал  атқарғаны  үшін «Қазақстан  Республикасының  Тәуелсіздігіне  –          25 жыл» мерекелік медалін де кеудесіне таққан.

Арыс қаласы.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ