Киевке кімдер барады? «Ливерпуль»-«Рома»

Сәуір 24 / 2018

Соңғы екі күндегі ұйқыны қандыру мен тәтті түстер көру ме? Жо-жоқ, ол жайлы әңгіме қозғау мүлде мүмкін емес. Әсіресе, футбол десе ішкен асын жерге қоятын спортсүйер қауымның түн ұйқысы төртке, керек десеңіз беске бөлінетін күндер келіп жетті. Бүкіл әлем көз тіккен УЕФА Чемпиондар лигасы деп аталатын турнир мәреге таяп келеді. Биыл үздік ойынымен танылған 4 елдің клубтары өзара «қалқанқұлақ кубокті» сарапқа салады.

 

Айта кетерлік бір жайт, осы турнирдің «төрттік финалында» 4 елдің клубтары 10 жылдан бері алғаш рет ойнағалы тұр. Соңғы рет жартылай финалда 4 елдің клубтары алыс 2009/2010 жылғы маусымда ойнаған еді. Одан бері Испания, Германия, Италия, Англия секілді футбол алпауыттарының командалары жылына кемі екі-екіден жартылай финалға шыққан екен.

 

 

Чемпиондар лигасы басталар тұста осы екі клубты жартылай финалда өнер көрсетеді деу ешкімнің түсіне де кіріп шықпаған болар?! Әсіресе, римдік клуб кәрі құрлықтың ең басты додасының жартылай финалдық кезеңіне шықпағалы аттай 34 жыл өтіпті. Ал, ливерпульдік клубтың Еуропаны шулатпағанына 12 ай 10 рет өтіпті.

13 жыл бұрынғы драмаға толы Стамбул финалы көптің есінен шыға қоймаған болар?! Жуық арада шыға қоюы да екіталай. Рафаэль Бенитес баптайтын ағылшындық клуб атақты «Миланға» 0:3 есебімен жеңіліп жатқан. Бұл бар-жоғы 1-таймның есебі еді. Екіні таймда түлеп сала берген Джерард пен оның әріптестері есепті теңестіріп қана қоймай, миландық клубтың қолында тұрған кубокты жұлып алды. Сол жеңістен кейін «Ливерпуль» Еуропада, қала берді Англияда үлкен жетістіктерге қол жеткізе алмай келеді. Сол олқылықтың орнын толтыратын тамаша мүмкіндік туып тұр. Бұл клубтың осы кезеңге келуін неміс бапкері Юрген Клопптың еңбегімен тығыз байланыстырады. Ойынды құратын әрине бапкер. Алайда, бапкер берген тапсырманы тиянақты орындайтын футболшылар болмаса да команданың жеңе қоюы екіталай. Мане-Фирмино-Салах үштігіне төтеп беретін Еуропада команда жоқтай, әзірге. Әсіресе, соңғысының тепкен добының бәрі голға айналуда. Египеттік футболшы биыл Англия премьер-лигасының үздік ойыншысы атағын жеңіп те үлгерді. Айта кетерлік бір жайт, Мухаммед Салах осы «Рома» клубынан жазғы трансферлік кезеңде келген болатын.  Яғни, бүгін өзінің бұрынғы командасына қарсы ойнайды.

Римдік гладиаторлар да оңай шағылатын жаңғақ емес. Топтық турнирде Челси, Атлетикао сынды азулы клубтардың өзін артта қалдырып, 1-орынмен шықты. 8/1 финалда Украинаның жалғыз үміті донецкілік «Шахтердан» басым түскен-ді. Алайда, көпшілік римдіктерді ширек финалдан аса алмайды деп болжады. Бұл болжам ширек финалдық ойындардың жеребесі тартылғаннан кейін тіпті үдей түскен. Себебі, оларға атағынан ат үркетін «Барселона» қарсылас атанған еді. Тіпті, бірінші ойын 4:1 есебімен каталониялық клубтың пайдасына шешіліп, келесі кезеңге кімнің өтетінің шешіліп қойғандай еді. Бірақ, «Рома» бүкіл әлемді «төңкерді». Екінші ойында 3:0 есебімен ұтып, жартылай финалға өтті.

Бұл текетіресте көпшілік Клопптың командасына басымдық береді, соны фаворит санайды. Алайда, римдік клубтардың азулы командаларға қарсы лайықты ойын көрсете алатының ұмытпаған жөн. Турнирдің басты сенсациясына баланып отырған «Рома» Джеко мен Найинголланға сенім артады. Жас түрік Чингиз Ундердің де өз «айтары бар». Ливерпульдік клуб Мухаммед Салахтың «алтын аяғына» сенім артады. Ойда-жоқта қарсыластың айып алаңында қауіп өртін тұтататын Фирмино да бүгін өзінің отандасы Алиссонның қақпасынан саңылау іздейді. Екі команданың өзара кездесулеріне үңілсек соңғы ойындарда италиялық клубтың мерейі үстем болып жүргеніне аңғаруға болады. Соңғы бес ойында 1 рет «Ливерпуль» жеңіп бір рет тең ойнаса, 3 ойында римдіктер жеңіс тойын тойлаған.

 

Ерболат Айнабеков.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ