Рухани жаңғыру 0 пікір 0 лайк

59 жоба жүзеге аспақ

Сәуір 21 / 2018

 

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде 2022 жылға дейін 75 мың орынды жатақхана салу мәселесі айтылған. Бүгінде осы тапсырманы орындау үшін мамандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында студенттер үйін салу бойынша арнайы концепция дайындауда. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысындағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының басшылары бас қосқан жиында «Қазақстандық мемлекеттік - жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев мәлімдеді.

 

Астаналық қонақтар аталған концепцияның нақты бекітілмегенін, әлі өзгертулер мен толықтырулар болатынын жеткізді.

Мамандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын студенттер үйі халықаралық стандарттарға жауап беретін жатақхана болатынын айтады. Ондағы жайлылық үйдегіден кем болмайтын сияқты.

Жобамен танысып шыққан оқу орны басшылары бірқатар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олар соңғы үлгіде салынатын жатақханалардың төлем- ақысына алаңдаушылық білдірді. Егер жатақхана төлемақысы қымбат болса, студенттер арзан пәтер іздеп кетуі мүмкін. Сондай-ақ, жоба тиімсіз болатын болса, кәсіпкерлер бұл мәселеге қалай атсалысады деп сауал қойғандары да болды.

Қонақтар концепцияны бекітер кезде жиында айтылған барлық мәселелерді ескеретіндерін жеткізді. Сондай-ақ, астаналық делегация бірнеше күн өңірімізде болып, оқу орындарының жай-күйімен танысты.

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жалпы 59 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде, құны 12,3 млрд. теңгеге 22 жобаға жеке әріптес анықталып, келісімшарт түзілді және 28,5 млрд. теңгеге мемлекеттік міндеттеме алынды.

Бұдан бөлек, 28,6 млрд. теңгеге 22, оның ішінде 5 автомобиль жолын күрделі жөндеу, 5 білім, 3 денсаулық сақтау, 4 спорт, 1 жарықтандыру, 1 әлеуметтік қорғау, 3 құрылыс жобаларына жекеше әріптесті айқындау үшін конкурс жарияланды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ