Әлеумет 0 пікір 0 лайк

4000 жұмыс орны ұсынылды

Сәуір 21 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Сайрам ауданында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті. Бұл жолғы жәрмеңкенің өзіндік ерекшеліктері көп еді.

 

Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген 120 өкіл ОҚО тұрғындарына 4000-нан аса жұмыс орнын ұсынды.

Ақсукент ауылындағы дендросаябақта өткен жәрмеңкеде сөз алған аудан әкімі Б.Мамаев жұмыссыз жүрген аудан тұрғындары мен жастарға солтүстіктен келіп жұмыс ұсынып отырғандарды мұқият тыңдап, мүмкіндікті пайдалану қажеттігін атап өтті. Одан соң облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы М.Отаршиев бүгінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық меморандумдары түзілгенін жеткізді.

– Өңірімізде ішкі көші-қон процестерін реттеу мақсатында жұмыс күші мол аймақтан жұмыс күші жетіспейтін республикамыздың солтүстік өңірлеріне халықты өз еркімен қоныстандыру жұмыстары жүргізілуде. Ерікті түрде қоныс аудару өңірімізде 2015 жылдан басталды. Облысымыздан осы жылдар аралығында 1392 мүшесі бар 347 отбасы солтүстік өңірлерге қоныс аударды. Бүгінде олардың барлығының отбасындағы кемінде бір адам жұмыспен қамтылып, тіпті кәсіпкерлік нысандарын ашып, сондағы жұмыссыздарды еңбекпен қамтып отырғандары да бар. Міне, бүгін 4 облыстан келіп отырған жұмыс беруші өкілдермен сұхбаттасып, республикадан бөлінетін көмек қаржыдан бөлек, жергілікті аймақтардан нендей қолдау болатынымен таныссаңыздар болады, – деді басқарма басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданының әкімі Н.Есенов осы күнге дейін ауданға 200-ден аса адам көшіп барғанын, әлі де 1300-ден аса бос жұмыс орнының бар екенін, әсіресе, ауыл шаруашылығы саласының мамандарына зәрулік байқалатынын мәлімдеді. Аудан әкімі қоныс аударушыларды жер телімімен қамтамасыз етуге уәде етті. Ал, Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының әкімі Н.Абдукаримов облыстағы 5 қала мен 14 ауданда барлық сала бойынша жұмыс табылатынын тілге тиек етті. Қоныс аударушыларға арналған 120 үй тұрғызылып жатыр. Павлодар облысы Ертіс ауданының әкімі С.Барлыбаев болса, өңірдегі 16 округтің алтауы Ертіс өзенінің жағалауында қоныс тепкенін, Ресеймен шекаралас аймақтың өмір сүруге өте қолайлы екенін жеткізді. Мұнда көшіп барушыларға 68 үй дайын. Одан бөлек, Қостанай облысынан келген өкілдер көшіп барушы отбасыға мемлекеттен берілетін бір реттік 248 мың теңгеден, отбасының әр мүшесіне төленетін 85 мың теңгеден бөлек, 1 жыл бойы 36 мың теңгеден қаржылай көмек берілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім және денсаулық саласы бойынша жұмысқа тұратындар үшін пайызсыз 3 млн. 600 мың теңге берілмек. Қазіргі таңда ол жақтағы тұрғын үйдің құны 2,5-3 млн. теңге көлемінде. Сонда ай сайынғы төлем 13400 теңгеден түседі.

Солтүстік аймаққа көшіп барушыларға 1 жыл бойы тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтер үшін 48100-72150 теңге мөлшерінде қаржы төленеді. Сонымен бірге, жұмыс орнын ашып, кемі 3 адамды жұмыспен қамтыған жанға әрбір жұмыскер үшін 1 082 250 теңге субсидия беріледі.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ