Әлеумет 0 пікір 0 лайк

«Бабаларымыз жер-суға адам аттарын қоймаған...»

Сәуір 21 / 2018

 

Баян ДАРҒОЖИНА, «Оңтүстік Қазақстан».

Шымкенттегі Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында «Атамекен атаулары» атты облыстық конференция өтті. Конференция жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібеков, облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Темір-хан, ғалымдар, ономастика ко-миссиясының мүшелері, аудандық, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің қызметкерлері, ономастика жұмыс тобының мүшелері, сәулет және қала құрылысы бөлімдері, статистика департаментінің қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

 

Жиында идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын тарихи жер-су атауларын ұлттық танымға сай дәстүрлі атаулармен өзгерту мәселесі жан-жақты сөз болды.

Филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов өз баяндамасында жер-су аттарына байланысты бір кездердегі отаршылдық дәстүрімен кетіп қалып, содан малтығып әлі шыға алмай жатқанымызды айтты.

– Ономастика саясатпен тікелей кіндіктес. Сондықтан әр мемлекет қандай жағдайда болмасын оған мән беріп отырады. Біздің ұланғайыр территориямызды сыртқы жаулар жеті рет жаулап алған, сол себепті де бізде жеті қабат ономастикалық қатпар жатыр. Мұның әрқайсысын ашатын заман келді. Осы жеті қабатта тұнып тұрған сыр жатыр. Отаршылдық, тоталитарлық топономика салдарынан жер атаулары өзгеріп кетті. Біздің бабаларымыз ешуақытта жер аумақтарына адам атын қойған емес. Мұның барлығы арғы жағы Византия, бергі жағы православ дінін қабылдаған Ресейдің отарлауына байланысты орныққан дәстүрлер. Біздің ендігі мақсатымыз – ұлттық дәстүрді қалыптастыру. Оны өз деңгейінде қалыптастырған жағдайда ғана біз дұрыс жолда жүрміз деп айта аламыз, – деді Мекемтас Мырзахметов.

Осыған орай алдағы уақытта атқарылуы тиіс жұмыстар аз емес. Мәселен, халық арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, өңірдегі идеологиялық тұрғыдан ескірген «Чичерин», «Дмитриев», «40 лет Победы» сынды 12 елді мекеннің, 109 көшенің, 7 нысанның (мектеп) атауларын ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту қажет. Жиында сөз алғандардың барлығы ұлттық дәстүр, жер-су аттары туралы тұщымды әңгімелер қозғады.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ