Руханият 0 пікір 1243 лайк

Алдымды анық көре алмадым сағымнан...

Сәуір 21 / 2018

 

Жақсыбай ҮСЕНОВ

 

БАҚЫТ

Бақыт деген, күлерсің, төзім десем,

Күте бергін, бір қонар көз ілмесең.

Бақыт осы – алаңсыз күйді кешіп,

Бір сәт қана берілсең сезімге сен.

 

Бақыт – осы, жоғыңды іздегенің,

Бақыт – осы, сіз бенен біз дегенің.

Бақыт – осы, көңілінде көктем болып,

Тұрар болса тамылжып күз дегенің.

 

Бақыт – осы, күнді сен қия алмасаң,

Бала көңіл кеудеге ұя салсаң.

Бақыт – осы, бақытты бола тұрып,

Орындалмас арманды қиялдасаң.

 

Жаза білсең көңілде құрысыңды,

Таба білсең өмірде ырысыңды.

Бас – аман, бауыр – бүтін болса жетер,

Жалған бақыт, байлығың құрысыншы.

 

АРДАГЕРЛЕР

Ардагерлер өмір жолы бұралаң,

Тағдырлары от пен судан құралған.

Отты жолы сонау ауыр жылдардың

Тар жол, тайғақ кешуімен сыналған.

 

Бастан өтті өзгерістер кезеңі,

Таршылықта талықсыған өзегі.

Ұрпақтарды қыран етіп баптаған,

Ардагерлер алыптардың өзі еді!

 

Жүрегінде – ғасырлардың өткелі,

Бар тарихтың бүгіні мен өткені.

Бабалардың үміті мен арманы

Аманат боп ардагермен көктеді.

 

Дана оймен биіктеді, өрледі,

Өнеге боп бұл өмірде көргені.

Азғындықты қиып тастап алмастай,

Адамдықты бойға жиып келгені.

 

Ақ самайлы ардагерлер ардақты,

Қамқор көңіл, парасатты, салмақты.

Салт-дәстүрдің өміршеңін, озығын,

Ұрпағының бақытына арнапты.

 

Ел бағына көп олардың қосқаны,

Соларменен ашық елдің аспаны.

Әрқайсысы – ерен ерлік жолдары,

Болашақтың жазылмаған дастаны.

 

Жүректегі ауыр жүкті сезгем мен,

Мына дүние жақсылыққа өзгерген.

Мәңгі елдің уығы боп қадалған,

Ардагерлер аман болсын көз көрген.

 

ЖАМАНДЫҚҚА БАРМАДЫМ

Өмірде мен көрсем-дағы зор сынды,

Шуақ күттім бар күннен.

Түлкі болып орап еді алдымды,

Тазы болып шалдым мен.

Аудармадым ары-бері жүгімді,

Аттасам да қарға адым.

 

 

 

 

 

Жапа шеккен көңіл қанша үгілді,

Жамандыққа бармадым.

Тіке келген тірліктегі тозақты,

Ақылыммен алдадым.

Тағдырыма телісе де азапты,

Саусақпен тал қармадым.

 

Алдымды анық көре алмадым сағымнан,

Осы тірлік – бар малым,

Түс көргендей өте шықты жанымнан,

Аңсап күткен арманым.

 

 

АНА МАХАББАТЫ ЖАСАСЫН

Әлдиімен басып көңіл пернесін,

Жүректерді бір қуаныш кернесін.

Гүлге орап мынау байтақ әлемді,

Аналардың махаббаты тербесін.

 

Күн күлімдеп тұрсын көкте жарқырап,

Қайыңдар да жайсын жүрек жапырақ.

Аналардың махаббатын аялап,

Жатсын байтақ гүлге оранып атырап.

 

Өмір көші белестерден асатын,

Әр белестен бір қуаныш тосасың.

Бар әлемді тыныштыққа орайтын,

Аналардың махаббаты жасасын!

 

ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТЕТІН ТІРЛІКТЕ...

Татып жүрген күнде дәм мен тұзыңды,

Адам пейілі неге сонша бұзылды?!

Дүние үшін бірін-бірі жау санап,

Маса сынды молайтты ғой ызыңды.

 

Күндіз-түні ешбір тыным алмастан,

Көбейді жұрт жең ұшынан жалғасқан.

Биліктегі кейбір пысық жігіттер,

Аң боп шықты бір-бірімен арбасқан.

 

Көпшіліктің түсіп қалып көзіне,

Жақынынан жапа шеккен өзі де.

Әшкере боп қылмысы да, басқасы

Тағдырының кездесіп жүр тезіне.

 

Дерсіз енді қашанға бұл созылар,

Қатал үкім, ережелер жазылар.

Әділдікті ту ететін тірлікте

Әзір... тайқып кетіп жатыр қазылар.

 

КИЕЛІ МЕКЕН

Керегетас – ауыл бұл, тау етегі,

Көрген адам өзіне тәу етеді.

Қазығұрттың басында бұлт ойнаса,

Ақ нөсері етекке сау етеді.

Қысы-жазы төбеден ойнаған нұр,

Кие қонып, жел есіп, жайнаған қыр.

Керегетас ауылы қонақ күтіп,

Саяхатшыл жандарға сайлаған жыр.

Сан ғасырға жетсе де күн дерегі,

Жеті жаңғақ күн сайын гүлдегені.

Бұталардан құйылған мөлдір моншақ,

Бұлақтарға әсем бір үн береді.

Ақ шүберек желбіреп жаңғақтағы,

Кім байласа, сол жанның жанбақ бағы.

Түн асырып тілеумен көз ілгенде,

Аян беріп Алладан атқан таңы.

Десек-дағы алдамшы дүние жалған,

Көп анаға бір сәби арман болған.

Киелі жерге үмітпен келгендердің

Ақ тілегі Алладан қабыл болған.

Айтас мынау жасырған ой шуағын,

Алпамыс та ойнатқан Байшұбарын,

Ай ілінген басына шынар құздың,

Аспан жағып тұрғандай шамшырағын.

Жақындасаң Айтастың қақпасына,

Оралғандай болады бақ қасыңа.

Мезгілімен өзгеріп тұратұғын,

Тасы ұқсайды Самарқан көктасына.

Жұлдыздарың Айтасқа құмартқандай,

Әрең тұр-ау биікте құлап қалмай.

Айтас пенен жаңғақтың мұңды әуені,

Мыңшейіттің қойнына тұрақтағай.

Құрбан болған бір күнде сарбаздары,

Мыңшейіттің бітер ме арман-зары?!

Басшысы аман қалып Жаңғақтыда,

Кек қайтарған жауынан тарландары.

Қарақұл шал сыр шертіп даналықтан,

Деуші еді бабалардан талай ұққам.

Зиратына тәу етіп қолбасшының,

Мына жұрт осы қырға талай шыққан.

Кедейшықпас – тарихтың қарауылы,

Күндіз-түні көз ілмес дара шыңы.

Қызықтырса кім-кімді ел тағдыры,

Осы жерден табылар бар асылы.

Елес тұнған тау-тасы, төбелері,

Абай ақын бұл жерді көрер ме еді?

Қара өлеңмен халқына жырлап беріп,

Жұмақ десе бар әлем сенер де еді.

Жеке дастан жырласаң әрқайсысы,

Жетеді қуанышы, мол қайғысы.

Саяхат өлкесіне айналдырса,

Ең қажет шешімдердің оңтайлысы.

Себеп боп ерлеріме ар мен намыс,

Осылай бастай қалсақ бір жаңа іс,

Тарихын туған жердің жырлата алсақ,

Қамбаға құйылады тынбай табыс.

Қысы-жазы төбеде ойнаған нұр,

Білмеген ел киеңнен құр қалып жүр.

Жаңғақты әулие,

Айтас пен Кедейшықпас

Саяхат өлкесіне сұранып тұр.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ