Экономика 0 пікір 1237 лайк

Күрiштiң қауызынан – электр энергиясы!

Сәуір 21 / 2018

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің 4-курс студенті, 20 жасар Ілияс МҰРАТ баламалы энергия көзін алудың тағы бір әдісін ойлап тапты. ОҚО кәсіпкерлер палатасы мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ және «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған инновациялық зерттеу байқауына күріштің қауызын ыдырату арқылы электр энергиясын өндіруге болатыны туралы жобасын ұсынып, 1 млн. теңге грантты ұтып алды.

 

«Қуат алудың бірінші кезекте тиімді және арзан түсетін дәстүрлі емес энергия көзін тапқан мемлекет әлемдік аренада өзіндік орнын қалыптастыра алады. Себебі, бүгінгі таңда мұнай мен таза ауызсу қорлары кеміп барады. Еліміздің дамып, алдыңғы қатарлы мемлекет болуына қандай да бір үлесімді қоссам дейтін ой мені көптен бері мазалайтын» дейді Ілияс бізбен әңгімесінде.

Ілиясқа күріштің қауызынан электр энергиясын өндіретін биологиялық батареялар туралы идеяны энергетика саласының маманы болып жұмыс істейтін әкесі Асхат Батырханов айтыпты. Әкесі ұлына мұны теория жүзінде түсіндіріп берген. Ал, алғыр бала оны М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дің кәсіптік білім беру базасында Тұрсынхан Махановтың жетекшілігімен биологиялық батареяларды зерттеу арқылы алғаш рет тәжірибеге енгізіп, жарықдиотты шамды жақты. Күріштің қауызынан алынған 6 Вольт кернеу 70 миллиампер ток берген. Жалпы, 500 грамм күріштің қауызы 1,8 кВт электр энергиясын береді екен.

«Кез келген нәрседен, мәселен, қағаз, тіпті найзағайдан бірнеше киловатт энергия алуға болады. Бірақ, олардың тиімділігі аз. Яғни, соншалықты көп энергияны бір мезгілде жинай алатын бізде аккумулятор жоқ. Ал, күріштің қауызы өте баяу ыдырайды. Егер арнайы катализаторды қосу арқылы ыдырау мерзімін одан да төмендетсек, 3-4 ай бойы жұмыс істей беретін аккумулятор жасай аламыз. Облысымызда әлі де жарықсыз отырған шалғай ауылдар бар. Сол елді мекендерге пәленбай шақырымға сым тартпай-ақ, өте арзан бағада жарық бере аламыз. Осы ретте көшені жарықтандыруға қолданылып жүрген күн батареяларының нарықтағы бағасы әлдеқайда жоғары екенін айтқым келеді. Себебі, біз оны өндіруші мемлекет емеспіз. Егер де біз биологиялық батареяларды елімізде өндіріске енгізсек, тұтынушыларға күн батареяларынан 18 есе төмен бағаны ұсынады екенбіз. Ал, бұл биологиялық батареяға қажетті материалдардың барлығы да өзімізде бар» дейді жас өнертапқыш.

Ілияс Асхатұлы әзірге көше шамдарын жағуға толық мүмкіндігі бар 6 вольттық шамның қуатын катализатор арқылы күшейтіп, ұялы телефон мен ноутбукты қуаттауды қолға алмақ. Сондай-ақ, келешекте болатын «Ақылды қала» жобасында айтылған әрбір аялдамадағы қуаттағыш үшін арнайы сым тартып, қыруар қаржы жұмсаудың қажеті жоқтығын айтады. Демек, мұнда өнертапқыш ойлап тапқан биологиялық батареяның тиімділігі жоғары болмақ.

«Бұл жобаның барынша тиімділігін айта кеткім келеді. Себебі, күріштің қауызы дегеніміз – қалдық. Оның құрамында 20 пайыз кремний болғандықтан, ұзақ уақыт бойы шірімейді. Жердің астына көмсең де тыңайтқышқа таптырмайды. Негізінен шаруалар күріш егілген жерді егіске қолайлы деп жатады. Қазір күріштің қауызын көптеген жерде кәдеге асыра алмай, өртеп жіберуге мәжбүр. Демек, одан электр энергиясын өндіруге болатындықтан, оның бойында экологиялық зиянды қалдықтардың бары анық. Сондықтан біз күріштің қауызын электр энергиясына пайдалану арқылы бірнеше мәселені қатар шеше аламыз. Біріншіден, экологиялық тазалықты сақтасақ, екіншіден, қажетсіз қоқысты өндіру арқылы одан пайда табамыз. Ыдырап біткен қауызды тыңайтқыш ретінде кәдеге асырамыз. Мұның инновациялылығы да осында» дейді Ілияс.

Студенттің жетістігі бұл ғана емес. Жалпы, ол ғылымға жастайынан әуес болыпты. Мектепті үздік бітірген Ілияс ядролық физикаға бейімделген. Мектепте оқып жүргенде талай байқаулардан, шахматтан жүлделі орындарды иеленген. Бірінші курста әлеуметтік-гуманитарлық бағыттар бойынша конференцияларға қатысып, жеңімпаз атанған. Республикалық деңгейде өткен ғылыми жобалар байқауында да топ жарып, ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің қолынан бірінші дәрежелі диплом алған. Республикалық байқауда ұтып алған 1 млн. теңгеге әрқайсысы 38 мың теңге тұратын 20 жарықдиодты шам орнатқан. Енді жуырда ұтып алған 1 млн. теңгесіне қол жеткізсе, өзі оқып жүрген университет айналасына дәл осындай шамдар орнатпақ.

Ілиясқа жобасын жүзеге асыру үшін бірқатар ұсыныстар да түсіп жатыр екен. Алайда, кейбір инвесторлардың талабы оның көңілінен шықпай отыр. Жобаның ауқымын кеңейту үшін оған демеуші керек. «Америка Құрама Штаттарындағы бір компаниямен келісімшартқа отырдым. Биыл оқуымды бітіріп, диплом алған соң 12 апта бойы сол жақта акцелерациядан өтіп, күріштің қауызын ыдырату арқылы электр энергиясын алу жолдарын жетілдірмекпін. Одан соң елге келіп ядролық физика немесе ақпараттық технология саласы бойынша магистратураға түсіп, ғылыммен айналысқым келеді. Елімнің дамуы үшін еңбек етсем деймін. «ЭКСПО» көрмесі өтіп жатқанда бұл жобаның теориясы ғана жазылып жатқан.Үлгере алмадық» дейді өнертапқыш жігіт. Бүгінде ол тапқан жаңалығына патент те алып қойыпты.

Ілиястың ойында бұдан басқа да тың идеялар көп. Соның бәрін жүзеге асыруға, қолдануға, түсіруге асық. Іске сәт, Ілияс!

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ