Экономика 0 пікір 1236 лайк

Монополистер бізді менсiнбей ме?

Сәуір 21 / 2018

 

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».

«Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткен болатын. Отырыстың күн тәртібіне монополистер қолымен жасалатын кедергілер мен құқық бұзушылықтарды реттеу мәселесі қойылды.

 

Соңғы уақытта кәсіпкерлер палатасына тұтынушылар тарапынан «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның қызметтеріне байланысты арыз-шағымдар көптеп түскен. Шағымданушылардың көпшілігі төлем талаптары, тұтынылған газды алдын-ала жоспарлау, айыппұл санкцияларына қарсы арыз білдірген. Осыған байланысты кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес арнайы жиын өткізген. Алайда...

Жиында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның өкілдері төбе көрсеткен жоқ. Аталмыш мекеме – өңіріміздегі тауарлық газды тасымалдаушы жалғыз ұйым. Былтыр кәсіпкерлер палатасына 514 өтініш келіп түссе, олардың 6,4 пайызы табиғи монополия субъектілерінің іс-әрекетіне байланысты болып отыр. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС, «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і мен кәсіпкерлер арасында орын алған келеңсіздіктер байланыс тораптары арқылы шешіліп келген. Ал, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ОҚО филиалының жаңа басшылығы кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп жұмыс істеуді қаламайтын сияқты. Тіпті, палата мүшелерінің филиал басшылығымен кездесуі де мүмкін болмай отыр.

– Монополистер алдымен заңға қайшы әрекет етуде. Еліміздің Конституциясын, тұтынушылардың құқықтарын аяққа таптауда. Кеңес мүшелерін де елемей отыр. Жергілікті кәсіпкерлердің сөзіне сенсек, «ҚазТрансГаз Аймақ» филиалының қызметкерлері оларды қолданатын «көгілдір отын» көлемін келісім шартта алдын-ала көрсетуге мәжбүрлейді. Сол белгіленген газ мөлшерінен көп немесе аз қолданса, айыппұл саламыз деп қорқытады екен. Тіпті, монополистер бизнесмендерді газды қолданғаны үшін алдын-ала төлемақы беруге міндеттеп отыр, – дейді ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңестің мүшесі Өмірзақ Мелдеханов.

Кеңес мүшелері республикалық кәсіпкерлер палатасының отырысында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ өңірлік филиалын жауапқа тартуды сұрайтынын мәлім етті. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ филиалы өкілдерінің кеңеске келмеу фактісін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңеске және «Атамекен» ҰКП Басқармасына жолдауға шешім қабылданды.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ