«Мақтаарал» чемпионды тізе бүктірдi!

Сәуір 21 / 2018

 

Футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалдық кездесулері өтті. Нағыз сенсация Мақтаарал ауданындағы Атакент кентінде тіркелді. Жергілікті «Мақтаарал» командасы еліміздің төрт дүркін чемпионы, чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасында кәрі құрлықтың мықтыларымен тайталасып жүрген «Астана» командасын 3:1 есебімен жеңді.

 

Ойынның 42-минутында Ермұрзаев алаң иелерін алға шығарса, 56-минутта Абутов есепті 2:0-ге жеткізіп, Алпамыс батыр атындағы стадионға жиналған жанкүйерлерді дүр сілкіндірді. 80-минутта Набиев қонақтардың қақпасына үшінші голды салса, астаналықтар Прокопенконың жалғыз голымен жауап қайтарды. Елордалықтар бұл кездесуге негізгі құрам ойыншыларын әкелмепті. Дегенмен, тарихта тек нәтиже қалатынын ескерсек, «Мақтааралдың» бұл жеңісін мақтанышпен айтуға болады.

Сонымен қатар, осы күні «Ордабасы» командасы Шымкенттің тағы бір клубы «Қыранды» 6:0 есебімен ұтып, ел кубогының ширек финалына жолдама алды. Бас бапкер Дерменджиев биыл ел кубогын алу үшін бар күшін салатынын жеткізді.

Ғ.ҚАДЫРБЕКҰЛЫ.

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ