Экономика 0 пікір 1231 лайк

Тұңғыш рет кәріз жүйесі тартылмақ

Сәуір 19 / 2018

Бәйдібек ауданында баламалы энергия көздерін, яғни күн мен желден электр энергиясын өндіру қолға алынбақ. Қазіргі таңда осы тұрғыда ауданда 3 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп жатыр. Оның бірі -- өнім қуаттылығы 40 мВт болатын отандық «Ветропарк Жүзімдік» ЖШС. Қажетті құжаттары толық дайын, құрылыс жұмыстарын биыл бастауға әзір. Одан бөлек, Біріккен Араб Әмірлігі мен Оңтүстік Кореяның кәсіпорындары жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Бәйдібек ауданының әкімі Бақытбек Танагөзов мәлімдеді.

--- Елбасы кәсіпкерлік саласын дамытуға басымдық беріп отыр. Бүгінде Бәйдібек ауданында 3484 кәсіпкерлік нысан болса, онда 7645 адам жұмыспен қамтылған.  Жалпы аудандағы өңірлік өнім көлемі 34,8 млрд. теңгені құрады. Былтыр аудан бюджетінің кірісі 15,4 млрд. теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысы бойынша 100,2 пайызға артығымен орындалды. Өткен жылы өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 3,1 млрд. теңгеге жетіп, нақты өсім көлемі 103 пайыз болды,-- деді аудан әкімі.

Ауданда инвестор тарту бойынша едәуір жұмыс атқарылған. Мәселен, жоспар бойынша  5 млрд. теңге көлемінде инвестиция тарту керек болса, ол 34 млрд. теңгені құрап, жоспар 7 есеге артығымен орындалған. Оның бір дәлелі,  инвесторлар есебінен Шаян ауылынан 1,3 млрд. теңгеге спорттық нысандар салынуда. Олардың қатарында жабық жүзу бассейні мен жабық теннис корты, үш спорттық алаң да бар.

Брифингте бұдан бөлек, Бәйдібек ауданында өткен жылы 74 нысанның құрылысы жүргізілгені айтылды. 2 мектеп, 1 галерея және мәдениет үйі пайдалануға берілген. 2018-2020 жылдар аралығында 10 елді мекенде медициналық тіректің, 4 елді мекенде фельдшерлік-акушерлік тірек құрылыстарын жүргізу жоспарда бар. Сондай-ақ, қызметтік тұрғын үйдің құрылысы басталмақ.

Аудан әкімі аймақта тұңғыш рет кәріз жүйелерінің құрылысы басталатынын атап өтті. Оған облыстық бюджеттен 300 млн. теңге бөлінген. Сондай-ақ, бағаналардың ескіріп, тозуына орай биыл 20 елді мекендегі бағаналар ауыстырылады. Оған 40 млн. теңге қаралып отыр. Ауданда 1353 адам жер кезегінде тұр. Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 55 гектар жерге инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп, 326 адамға жер телімі беріледі.

 

Назгүл НАЗАРБЕКОВА,

«Оңтүстік Қазақстан».

Бұл материалмен бөлісіңіз

Бұл материалда пікір жоқ